Accessibility links

Ақтөбелік оралман жарылыстан баспанасыз қалғанын айтады


Сол жақта - жарылыс болған үй. Оң жақтағы үй - Аманбай Аңдабаевтыкі. Ақтөбе, 29 шілде 2011 жыл.
Сол жақта - жарылыс болған үй. Оң жақтағы үй - Аманбай Аңдабаевтыкі. Ақтөбе, 29 шілде 2011 жыл.

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қызылжар ауылында күдіктілерді қолға түсіру операциясынан кейін Аманбай Аңдабаевтың әулеті вагонда тұрып жатыр.


Қазақстан ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, шілденің 29-ы күні Ақтөбенің шет жағындағы Жаңажол саяжай аумағындағы бір үйді тексерген кезде белгісіз адамдар полицейлерге қарсы оқ атып, үйді жарып жіберген. Бір полицей қаза тауып, бір адам жараланған. Жарылыс болған жердің бір кісінің мәйіті табылған.

АУЫЛ ТҰРҒЫНЫНЫҢ ТАЛАБЫ

Қызылжар ауылының тұрғыны Аманбай Аңдабаевтың сөзінше, осы операция кезінде оның үйі де бұзылған. «Күдіктілер көрші үйде жасырынуы мүмкін» деп болжаған құқық қорғау қызметкерлері оның тоқтатқанына қарамастан Аңдабаевтың үйіне де жарылғыш зат лақтырған. Ол
"Үйіміз босқа бүлінді" деген ерлі-зайыпты Аманбай Андабаев пен Алмагүл Желекенованың отбасы. Ақтөбе, 29 шілде 2011 жыл.

балаларын алып, бас сауғалап қашуға ғана шамалары келгенін айтады.

Аманбай Аңдабаевтың айтуынша, төрт баласымен вагонда тұрып жатқанына бес күн болған. Ол әкімшіліктен де, ішкі істер департаментінен де көмек берілмегенін сөз етті.

– Аманбай мырза, жарылыс қалай болды? Ол кезде сіздер қайда едіңіздер?

– Алдымен атыс болды. Сосын үй жарылды. Сосын бала-шағамызбен далаға қаштық. Ешкім ештеңе сұраған да жоқ. Мен «үйде бөтен адам жоқ» деп едім, полиция қызметкерлері «үйде адам бар» деп жарылғыш зат лақтырып жіберді. Ешкім «қашыңдар» деп те айтқан жоқ. Үйдің жанында жолдас баламның автокөлігі тұрған. Соған балаларды салып алып, асфальт жолға шыққанда полиция қызметкерлері артымнан оқ атты. Енді бүрге толы вагонда жатқанымызға сегіз күн болды.

– Үйдің ішінде іске жарамды дүние-мүлік қалған ба?

– Көрпе-төсектер жанып кетті. Кесе-шәйнектер сынып қалды. Ең кішкентай балам ауырып жатыр. Қалған баларымның денсаулығы жақсы. Дәрігер тұрмақ, келіншегім мені үйден шығармайды. Әбден қорқып қалған. Оралмандардың көбі менің жағдайымның қандай екенін жақсы біледі. Өз еңбегіммен салған үйім болатын.

– Жергілікті әкімшілік көмектесті ме?

– Адам баласы көмектесіп жатқан жоқ. Ақтөбе қаласының әкімін өзім көрген жоқпын. Өйткені әкім ауысқандықтан тұрғындармен кездесетін
Ақтөбе қаласынан бір бөлмелі үй немесе жер берсін

уақытын әлі белгілемеген. Егер маған жәрдем берсе, өмірімнің ақырына дейін төрт балама рахмет айттырамын. Ақтөбе қаласынан бір бөлмелі үй немесе жер берсін. Көзімен көргеннен кейін қандай адам болса шошынады. Алыстан көріп отырған жоқ, атыс болған кезде жандарында жүрді. Ал ана үйде бала-шағам тұра алмайды.

– Ішкі істер департаментіне хабарласып, жағдайыңызды айтпадыңыз ба?

– Әлі хабарласқан жоқпын. Енді хабарласатын ойым бар. Ауыл әкімі көмектесемін деп отыр. Азық-түлік әкеліп берді. Енді гипсокартон әкеліп беремін деді. Ол жерде тұру да, қайтадан жөндеуден өткізу де мүмкін емес.
Аманбай Аңдабаевтың үйінің ішкі көрінісі. Ақтөбе, 30 шілде 2011 жыл.

Егер осы үйде тұруға болады десе, сол адамның өзіне тұра ғой деп айтар едім. Ертеңгі күні төрт балам үйдің астында қалып өлетін жағдайы жоқ. Қабырғаларының барлығы құлап тұр. Ал вагон бүргеге толы. Оның үстіне өте ыстық. Вагон үйдің төбесіне жабатын шатырдан салынғандықтан, далада 40 градус болса, вагонда – 80 градус ыстық.

– Сіздер бос тұрған вагонды қайдан таптыңыздар?

– Бірінші күні көршімнің үйіне қондым. Бірақ төрт баламмен одан артық жата алмайтын болған соң, ұялғанымнан саяжайдағы бір вагонды төрағадан сұрап алдым. Жарығын өзім жалғап алдым. Төрт баламның үлкені – 11 жаста, кішісі – бір жаста. Балаларым «үйге қайтамыз ба, басқа жаққа кетеміз бе?» деп сұрайды. Оны тыңдағанмен не деп жауап беремін.

Ағайындарымның барлығы Қарақалпақстанда. Мұнда өзім ғана отбасыммен көшіп келгенмін. Азаматтық алғанмен, балаларыма берілетін жәрдемақыны алмаймын. Үш жылдан бері ала алмай отырмын. Өзім біреудің үйінде тіркеуде тұрмын. Ал үй кітапшасын жасатуға 110-150 мың теңге аралығында ақша сұрайды. Мен оны қайдан аламын? Әкімшілік емес, нақтысын білмеймін, басқа бір жерге 50 мың теңге көмек береміз деп шақырып отыр. Соның өзіне үйімді қайтадан жасай алмаймын.

Менде айып жоқ, қатысым да жоқ. Тыныш жүрген адаммын. Келді де үйімді жарып кетті. Мен далада жата бермеймін ғой.

ӘКІМШІЛІКТІҢ КӨМЕГІ, «НҰР ОТАННЫҢ» УӘДЕСІ

Ал Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары Асқар Ғабидуллин Аңдабаевтар отбасына жергілікті әкімшілік көмек беріп жатқанын айтты.

- Қарғалы селолық округінде орналасқан саяжайдың тұрғыны Аманбай Аңдабаевтарға өткенде болған оқиғадан кейін селолық әкімшілік құрылыс материалдарымен көмектесті. Цемент, гипсокартон одан басқа киім-кешек, тамақпен көмектесті. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы «бүгін-ертең 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек береміз» деп, сол партияның мүшелері бізге хабар айтып отыр, – деді Асқар Ғабидуллин.
XS
SM
MD
LG