Accessibility links

Жас кәсіпкерлер бизнесті дамытуды үйренгісі келеді


Қазақстандық жас кәсіпкерлердің алғашқы форумына қатысушылар кәсіпкер Ержан Нұрғалиевтің тренингінде отыр. Ақтөбе, 11 қазан 2014 жыл.
Қазақстандық жас кәсіпкерлердің алғашқы форумына қатысушылар кәсіпкер Ержан Нұрғалиевтің тренингінде отыр. Ақтөбе, 11 қазан 2014 жыл.

Жеке ісін бастағысы келген жастарға бизнесті жоспарлау мен ұйымдастыру жайлы білім қажет дейді Ақтөбеде жас кәсіпкерлердің алғашқы форумына қатысушылар.

Қазанның 11-12 күндері Қазақстанның әр түкпірінен Ақтөбе қаласына жиналған жүздеген жас кәсіпкер екі күн бойы бір-бірімен пікір алмасып, іс-тәжірибелерімен бөлісті.

КӘСІПКЕР ЖАСТАР

23 жастағы Нұрболат Жанай Қазақстан жас кәсіпкерлерінің бірінші форумына Солтүстік Қазақстан облысынан келген. Уәлиханов ауданындағы орта мектептердің бірінде музыка пәнінен сабақ беретін Нұрболат мұғалімдікті қойып, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетінін айтады.

Петропавлдық жас кәсіпкер Нұрболат Жанай. Ақтөбе, 10 қазан 2014 жыл.
Петропавлдық жас кәсіпкер Нұрболат Жанай. Ақтөбе, 10 қазан 2014 жыл.

– Мектептен алатын 40-50 мың теңге жалақым көлігімнің жанармайынан артылмайды. Өзімнен кейінгі екі інім студент. Тағы біреуі – мектеп оқушысы. Тұрмысымыз қарапайым. Сондықтан ағам екеуміз қымыз өндірісін қолға алдық. 10 бие ұстаймыз. Мен түске дейін жұмыстамын. Ағам түс ауғанша биелерді әр екі сағат сайын сауып, күбіге пісіп қояды. Түстен кейін бие сауу менің мойнымда, – дейді Нұрболат.

Жас кәсіпкер бие сауу өндірісін автоматтандырып, қымызхана ашқысы келеді. Ол жұмысқа қажетті автоматты құрылғының бағасы 1 миллион 700 мың теңге екенін айтады. Нұрболат тұратын аудан мен облыс басшылары «несие алыңыз» деп кеңес беріпті. Бірақ оған кепілдікке қояр мүлкі жоқ жас кәсіпкер Ақтөбедегі форумға өз бизнесін дамытуға қатысты ақпарат іздеп келгенін айтады.

Атыраулық Әділет Қиясов жеке кәсібін ата-анасының қолдауымен бастаған. Әділет форум аясында түрлі тренингтерге қатысып, кәсіпті дамыту мәселелеріне қатысты сауалдарына жауап алғандығын айтады. Қалта телефондары үшін түрлі мобильдік қосымшалар дайындайтын кәсіпкердің қызметін Атырау ғана емес, алматылықтар да пайдалана бастапты.

– Смартфоныңыздағы Play Market арқылы дәріхана, супермаркет немесе мейрамхананың мобильдік қосымшасын жүктеп алып, үйде отырып-ақ қалаған нәрсеңізге тапсырыс бере аласыз. Дисконттық, бонустық карталарды да тасып жүрудің қажеті жоқ. Бәрі мобильдік қосымшада бар, - дейді Әділет.

Тағы 8 жобасы модерациядан өтіп жатқан Әділет Ақтөбедегі форумнан бірнеше серіктес тапқанына қуанышты екенін айтады.

Жас кәсіпкерлер форумы туралы видео

Жас кәсіпкерлер форумы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:29 0:00

КӘСІПКЕР БОЛУ ҮШІН БІЛІМ КЕРЕК

Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумға қатысушылардың 20-25 пайыздайы ғана қыз-келіншектер. Олар негізінен халыққа қызмет көрсету саласын таңдаған. Мысалы, маңғыстаулық Ұлболсын Нұрберді кондитерлік цех ашуға құжат даярлап жүр. Ал, ақтөбелік Альбина Сарманова балалар үшін әсемдік және даму студиясын ашыпты.

Ақтөбелік жас кәсіпкер Альбина Сарманова. Ақтөбе, 11 қазан 2014 жыл.
Ақтөбелік жас кәсіпкер Альбина Сарманова. Ақтөбе, 11 қазан 2014 жыл.

– Біз көп жағдайды кәсібімізді ашып алып, бизнестің жай-жапсарын сосын оқып, үйрене бастаймыз. Бұл – қате. Кәсіпкерлікке де басқа мамандық сияқты теориялық дайындықпен келу керек екен, – дейді Альбина.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма басшысы Ләззат Ибрагимова Қазақстанның өзге өңірлерімен салыстырғанда Ақтөбе облысы кәсіпкерлерді қолдау тұрғысынан алда тұрғанын айтады.

– Биыл «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша облыстағы 52 жас кәсіпкер 3 миллион теңгеден несие алды, - дейді ол.

Қазақстан президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің ұйғарымы бойынша, жас кәсіпкерлердің алғашқы форумы биыл Ақтөбеде өтті. Оған елдің әр аймағынан 300-ге тарта қыз-жігіт қатысты.

Ақтөбе жастар саясаты жөніндегі басқармасының мәліметі бойынша, алғашқы форумға қатысушылардың дені 19 бен 29 жас аралығында. Ұйымдастырушылар 30-дан асып кеткен кәсіпкерлердің де форумға қатысуына шектеу қойылмағанын айтты. Оған себеп – Қазақстан заңдарында «жас кәсіпкер» деген ұғымның мүлдем жоқтығы.

Қазір Ақтөбе облысындағы 130 мыңнан астам тұрғынның жеке кәсібі бар. Бірақ, солардың қанша пайызы 30-ға дейінгі жастар екені туралы ресми мәлімет жоқ.

XS
SM
MD
LG