Accessibility links

Көл шетіндегі үй иелері дауылды күндер таяғанын айтады


Алакөлдің Көктұма ауылы тұсындағы жағалауы. Алматы облысы, 23 тамыз 2015 жыл.
Алакөлдің Көктұма ауылы тұсындағы жағалауы. Алматы облысы, 23 тамыз 2015 жыл.

Алакөлде қатты жел тынбай соғатын кез таяды. Көл жағалауы белдеуін су шайып кетуі кесірінен ондаған үй су астында қалуы мүмкін. Билік үй қожайындарына баспанасын сақтандыруға кеңес береді.

Небәрі екі жарым айға созылып, қыркүйекте аяқталатын туристік маусымнан кейін елдің шығысындағы Алакөл жағалауында тыныштық орнайды. Бірақ жергілікті тұрғындар мұның ұзаққа созылмайтынын біледі. Көп ұзамай мұнда дауылды күндер басталады.

67 КҮН

Көктұма тұрғыны Людмила Чернобаева. Алматы облысы, 23 тамыз 2015 жыл.
Көктұма тұрғыны Людмила Чернобаева. Алматы облысы, 23 тамыз 2015 жыл.

Алматы облысы Көктұма кентінде тұратын зейнеткер Людмила Чернобаеваның үйі құлама жардың шетінде тұр. Оның үйі мен көлдің суы арасы - небәрі екі метр. Үйі 67 күннен кейін су астында қалатынын зейнеткер өз тәжірибесіне сүйеніп есептеп қойған. Ол бұған философиялық тұрғыдан қарайды:

- Бәрі табиғаттың қандай мінез көрсететініне байланысты, толқын көтерілсе, мына жер су астында қалады. Үйімді мардымсыз ақшаға бар-жоғы 300 мың теңге – мардымсыз ақшаға сақтандырып қойдым. Су шайып кеткен кезде, үйді сақтандырған ақшаны беретін шығар, - дейді зейнеткер.

Людмила Чернобаеваның үйінің жанында қараусыз қалып қираған ондаған үй бар. Олардың кейбірі туристер демалатын жағалаудың үстінен төніп тұр.

Валентина есімді 70 жастағы әйел кезінде Көктұмада тұрған. 40 жыл бұрын әскери жігітке тұрмысқа шығып, Ресейдің Пятигорск қаласына көшіп кеткен. Ол үш жылда бір рет Алакөлге келіп демалғанды жақсы көреді.

- Балалық шағым осында өтті, көлге шомылғанды жақсы көретінмін. Әлемде бұл көлдің суына жететін су жоқ. Ал мен туып-өскен үйді баяғыда су шайып кеткен. Сақтандыру ақшасын да алмадық, ол кезде мұндай тәртіп жоқ еді ғой, - дейді Валентина.

НЕГІЗГІ, ҚОСАЛҚЫ СЕБЕПТЕР

Соңғы 50 жылда жүздеген курорт пен демалыс зоналары орналасқан Алакөлдің жағалауын тез су шайып бара жатқаны байқалады. Егер бұл процесті тоқтатпаса, ондаған үй су астында қалуы мүмкін.

Ғылыми деректер көл жағалауын шайып кетудің негізгі себебін жер қыртысындағы тектоникалық процестермен байланыстырады. Екінші себебі - жылдың көп бөлігінде үзбей соғатын долы жел.

Жағалау белдеуін су шайып, жылына орта есеппен 10-30 метрге ішкері жылжып барады.

2010 жылдың қыркүйегінде премьер-министр Кәрім Мәсімовке осы мәселеге қатысты сауал жолдаған депутат Ерболат Әбсәлямовтің хаты парламент сайтында жарияланған.

«Жағалау белдеуін су шайып, жылына орта есеппен 10-30 метрге ішкері жылжып барады. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Қабанбай ауылы тұсындағы жағалау белдеуі қирап, көл жағасында орналасқан демалыс үйлері мен жағалаудағы құрылыс ғимараттары арасын қосатын ұзындығы бір мың 800 метр асфальт жолды су шайып кеткен. Көл суы «Дорожник» демалыс үйі мен өзге де демалыс базаларына жақындап қалған» деп жазған депутат Әбсәлямов.

«ЖОБАҒА КІРІСТІК»

Көктұма кенті әкімдігі үйлері су басу аймағында қалған ауылдықтарға Людмила Чернобаевадан үлгі алып, баспаналарын сақтандыруға кеңес береді. Жергілікті билік қауіпсіздеу жерден жеке үй салу үшін жұртқа жер бөлуге уәде еткен.

- Бұл проблеманы тұрғындар жылда көтеріп, кейде ұжымдық арыз жазады. Үйін су шайып кетуі мүмкін аймақта тұрған адамдардың тізімін қайта құра бастадық. Қазір арнайы комиссия құрып, жағдайды бақылап отырмыз, нәтижесін аудан әкімдігіне хабарлаймыз, - дейді Көктұма кенті әкімі Асқарбек Жақаев Азаттыққа.

Қараусыз қалған үйлер. Алматы облысы Көктұма ауылы, 23 тамыз 2015 жыл.
Қараусыз қалған үйлер. Алматы облысы Көктұма ауылы, 23 тамыз 2015 жыл.

Алакөл ауданы әкімдігі көл жағалауын нығайту жұмыстарына қатысты жоспарларымен бөлісті.

- Қазір бізде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссия мүшелері көл жағалауын тексеріп шығып, толқынды тойтаратын тосқауыл құрылысы жобасын әзірлеуі, оның бюджетін есептеп, су басқан аймақта қалған жергілікті тұрғындарды көшіру мәселесін шешуі тиіс, - дейді Алакөл ауданы әкімі Әлібек Жақанбаев.

Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, жағалауда металл пластиналар мен шпунттардан биіктігі 40 метрге жететін дуал түріндегі арнайы толқын-қорғандар салынуы мүмкін. Мұндай қорғандар салуға бірнеше миллиард теңге қажет.

Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарымен шектесетін Алакөлдің ұзындығы – 104, ені – 52 километр, ең терең тұсы – 22 метрден асады. Көлге 15-тен аса өзен құяды.

XS
SM
MD
LG