Accessibility links

Зағип құқық қорғаушы тағдырластарына қорған болып жүр


"Зәм-Зәм" қоғамдық ұйымының басшысы Руслан Мамутов. Алматы, 2 тамыз 2018 жыл

Руслан Мамытов 25 жасында көлік апатына ұшырап, жанарынан айырылған. Содан бастап өмірі де өзгерген. Ол Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесетін "Зәм-зәм" мүгедектер қоғамын құрған.

Русланмен Алматыдағы "Көк базар" маңындағы шағын кеңсесінде жолықтық. Қарапайым жиһазбен жабдықталған бөлменің ортасында дөңгелек үстел, шағын диван, құжаттар салынған шкаф тұр. Қабырғада алғыс хаттар мен дипломдар ілулі. Шымыр денелі Руслан жымиып әрі ауаны еппен қармап амандасу үшін қолымды алуға тырысып жатыр. Үстелге жайғасып, әңгімелесе бастадық. Әуелі өмір, ауа-райы, мүмкіндігі шектеулі жандарға Алматыда жүріп-тұрудың қандай қиын екені туралы басталған әңгіме ауаны біртіндеп өзге тақырыптарға ойысты.

10 жылдан асты, Руслан Мамытов құрған "Зәм-Зәм" қоғамдық ұйымы мүмкіндігі шектеулі жандар ғана емес, көмекке шынымен зәру адамдардың бәріне заңдық кеңес береді және қымбат дәрі-дәрмекке ақша іздеуге көмектеседі.

ӨЗГЕРГЕН ТАҒДЫР

Бұрын Руслан Мамытов кеден қызметінің контрабандаға қарсы күрес бөлімінде жұмыс істеген. Ал кеден қызметінен кеткен соң Алматыдағы автопарктердің бірінде директордың орынбасары болған. 2004 жылы бүкіл өмірін өзгертіп жіберген жол апатына ұшыраған. Сол күні Руслан Сарқанға (Алматы облысындағы қала, Алматыдан 427 километр жерде – Азаттық) бармақ болып жолға шыққан. Жол-жөнекей көлігінің жүріс бөлігінде ақау барын байқап, көлік жөндеу станциясына бұрылған. Бірақ жылдамдықты онша үдетпей сапарын жалғастыруды ұйғарған.

- Талдықорғаннан шыққан кезде спидометр 60 километрді көрсетіп тұрғаны әлі есімде. Кенет көлігім бағытынан жаңылып, бұлталақтап барып қарсы жолға шығып кетті де, күрт бұрылып, аунап түсті, - дейді Руслан. – Арғы жағын үзік-үзік ғана елестете аламын. Біреулер "Әлі тірі!" деп айғай салды, сосын маңдайша әйнегін сындырып, мені көліктен алып шықты. Біреудің "Шыда, бауырым!" дегенін білем. Сосын мені көліктің артқы орындығына жатқызды. Ауруханаға апара жатқанда бетімнен жып-жылы бірдеңе ағып жатқанын сездім. Сөйтсем, қасым жарылыпты, қан аққан екен. Есімді жан сақтау бөлімінде бір-ақ жидым, бет-аузымды бинтпен орап тастапты. Есімнен тағы танып қалдым. Осылай есім кіресілі-шығасылы күйде екі аптадай жаттым. Ал кейін Алматыға ауыстырды.

Руслан Мамутов әріптестерімен бірге. Алматы, 2 тамыз 2018 жыл
Руслан Мамутов әріптестерімен бірге. Алматы, 2 тамыз 2018 жыл

Руслан көз жанарынан айырылып қалғанын бірнеше аптадан соң бір-ақ білген. Төсекте бет-аузы бинтпен таңулы күйі үнсіз жатқан Руслан оны ұйықтап жатыр деп ойлаған туыс әйелдің біреуге "Көзі көрмей қалғанын айта көрмеңіз, әйтпесе мүлде еңсесі түсіп кетеді ғой" деп сыбырлағанын естіп қалған. Жұрттың бәрі шығып кеткен кезде Руслан ептеп орнынан тұрып, бинттерді шешіп, жарақаттан ісіп кеткен бет-аузын сипалап тексере бастаған. Бұған дейін ол көздерім ісіктен жұмылып, көрмей жатқан шығармын деп ойлаған. Бір көзін мүлде алып тастағанын, ал екіншісі қатты зақымнан көрмей қалғанын кейінірек білген.

- Алғашында әрине, өте қиын болды. Бірақ кейін қоғамдық жұмыспен айналысып, жобалармен айналыса бастағанда ғаріптігімді ойлауға мұршам болмай қалды, - дейді Руслан.

Бірер жылдан кейін дәрігерлер оған "жанарыңды қалпына келтіруге мүмкіндік туып тұр, бұл үшін тағы бір операция жасатуың керек" деген, бірақ ол бас тартқан.

- Неге дейсіз бе? Маған зағип болу көбірек ұнайды - пайғамбарымыздың "Расында, Алла айтады:"егер пендемді қос жанарынан айырып сынасам, ал ол оған төзімділік танытса, оның қайтарымы – жұмақ болмақ" деген хадисін көңіліме медеу тұтып, "О, Тәңірім, маған жіберген сынағыңа ризашылықпен көндім, сенің алдыңа осы қалпымда барғым келеді" деп Алла Тағаламен келісім "жасасқанмын".

Диванда Русланның жанында әйелі Нағима отыр. Ол да зағип. Бұл Русланның екінші некесі. Алғашқы некеден 16 және 17 жастағы екі ұлы бар. Екінші некеден үш бала – қыз және екі ұл туған. Үлкен ұлы мен қызы мектептің даярлық сыныбына барған, ал ең кенжесі әлі екіге де толмаған.

- Менен "Әйеліңіз екеуіңіздің де көздеріңіз көрмейді, тамақты қалай пісіріп, балаларды қалай бағып-қағасыздар?" деп сұрайтындар көп. Ондай кезде, "Қалайы несі, біз кәдімгі отбасылар сияқты өмір сүреміз" деймін. Нағима ас үйге қожалық етеді, ондағы әр заттың орнын қатаң белгілеп қойған, сондықтан ештеңенің орнын ауыстыруға болмайды, әйтпесе тұздың орнына шай салып жіберуің мүмкін, - деп күледі Руслан.

"ШАМАМЫЗ КЕЛГЕНШЕ КӨМЕКТЕСЕМІЗ"

- Мен сияқты адамдар үшін өмір екіге бөлінеді, - дейді Руслан Мамытов. – Жол апатына дейін ешкімнің көмегіне мұқтаж болмай өмір сүрдім, ал апаттан кейін өзге адамдарға кіріптар болып қалғаным сезіле бастады. Өйткені жалғыз тіршілік ету қиын болды. Бұған қоса, ғаріп болып қалдым, енді қалай күнелтемін деп уайымдадым. 2005 жылы бірінші топ мүгедегінің зейнетақысы тоғыз мың теңге болатын. Зағиптар қоғамына барып, директорымен сөйлесп, "Немен айналысуға болады?" деп сұрадым. Ол кісі кір қыстырғыш жаса,ал бұл қолыңнан келмесе, жер асты өткелінде немесе мешіттің жанында отырып қайыр-садақа сұра, бұдан басқа не деймін" деді. Ал жанында отырған әйелі "Мүгедектерді оңалту орталығын құрып көр" деген идея айтты. Ол кезде Алматыда ондай орталық жоқ болатын - СССР күйрегеннен кейін жабылып қалған.

Руслан Мамутов әріптестерімен бірге. Алматы, 2 тамыз 2018 жыл
Руслан Мамутов әріптестерімен бірге. Алматы, 2 тамыз 2018 жыл

Русланның сөзінше, 2006 жылы Алматының өзінде ғана мүгедектерге көмектесетін үш мыңға жуық ұйым болған. Көбі қайырымдылық істермен айналысқан әрі бәрі бір схемамен жұмыс істеген. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі бірнеше адам жиналып, көмек сұрап жан-жаққа хат жазады, ал жиналған ақшаны қоғамдық бірлестік мүшелері бөліп алады.

- Ал әлеуметтік бағдарламаларды дамыту, жобалар жазу, заңдарды өзгертуді сұрап ұсыныстар жолдау сияқты шаруалармен ешқайсысы айналыспайтын, - дейді Руслан.

Қазір "Зәм-зәм" қоғамының 80-ге жуық мүшесі бар. Негізгі кіріс көзі – қоғамдық бірлестіктерге арналған тендерлер мен гранттар, мемлекеттік бағдарламалар.

- Мен үшін ең қиыны бухгалтерлік есеп жүргізіп, салық есептеу, құжат жинау болды, - деп еске алады Руслан Мамытов. – Бухгалтерді шеттен шақырдық, өйткені айналамдағы контингент бала кезінен зағип жандар еді. Олар өзге атмосферада туып-өскен, қоғамдық бірлестікті қалай ашуды білмейді. Бізге көмек сұрап қилы адамдар – мүмкіндігі шектеулі жандар да, көп балалы әйелдер де, қарттар да келеді. Көбі заңды білмейтін болып шықты. Өз құқығын да, арызды қалай жазуды да, қандай құжаттар жинау керегін де білмейді. Оларға кеңестер беріп, тиісті мамандарға жібереміз, реті келсе, мәселелерін бірден шешеміз.

Руслан Мамытовтың сөзінше, Қазақстанда мүгедектік алу үшін комиссиядан өту – кемтар жандар үшін ең үлкен проблемалардың бірі. Оның сөзінше, шенеуніктердің көбі мүгедектік берілуі тиіс сырқат түрін жеңіл-желпі сырқаттар қатарына ауыстырып жіберуге тырысады. Мамытовтың сөзінше, бұдан әсіресе жүрек-қан тамырлары жүйесі дертіне шалдыққан адамдар көп зардап шегеді, сондықтан ұйым қызметкерлері мүгедектік алуға да көп көмектеседі.

- Жұрттың бәріне көмектесеміз деп айта алмаймын, бірақ шамамыз келгенше үлес қосып жатырмыз, - дейді әңгімеге араласқан қоғам директорының орынбасары Айгүл Алданова. – Эпилепсияның ауыр түріне шалдыққан мүгедек қызы бар бір отбасын білемін. Мұғалімдер әлгі баланы үйден оқытуы тиіс, бірақ бармайды екен, сондықтан сабақ оқытатын еріктілерді біз таптық. Біздің көмегімізге зәру жалғызбасты зейнеткер қарттар да бар.

- Біз көмекке асығатын Чип пен Дейл сияқтымыз, - дейді Руслан қалжыңдап.

Айгүл Алданова омыртқасына зақым келген бір қызға Швейцарияда жасалған арқаға арналған белдік сатып алу үшін 500 мың теңге қажет болып, былтыр қалай ақша жинағандарын еске алды. Ақша жиналып біткенше қыз денесі өсіп кетіп, белдік оған шақ болмай қалған. Қазір ұйым екінші белдікке ақша жинауға кіріскен.

"Зәм-Зәм" қоғамдық ұйымына жәрдем берушілерге арналған жәшік
"Зәм-Зәм" қоғамдық ұйымына жәрдем берушілерге арналған жәшік

​ - Қазір алаяқтар көп қой, сондықтан кейде жұрт бізге де сенбейді. Бір күні ақша жинау үшін еріктілерді Арбатқа жіберіп едім, "жұртты алдап жүрсіңдер" деп сабай жаздапты. Сондықтан "алаяқтарға теңесе, керегі жоқ, енді бармаңдар" дедім.

«БІР ОРЫНДА ОТЫРМАУ КЕРЕК»

Бұрын Руслан Мамытов қоян-қолтық күреспен әуестенген, ал жол апатынан кейін дзюдомен айналыса бастаған.Оның айтуынша, зағип адамға дзюдо мен күрес - спорттың ең ұтымды түрі. Өйткені белдесуге шыққан кезді көз жанарың емес, ширақтық пен ептілік, рефлекс қажет.

- Бір күні Алматы автобустарының бірінде мені жүргізуші мен кондуктор жабылып сабап тастады, - деп еске алады Руслан. – Автобустан түсер кезде бірінші топ мүгедігі деген куәлігімді көрсетсем, кондуктор "осы, мүгедектерден ығыр болдық қой, қаңғырмай үйде отырмайсыңдар ма?" деп боқтайды. Әлгі сөзіне ашуым келіп оны таяғыммен салып қалдым. Екеуміз ұмар-жұмар алыса кеттік те, автобустан асфальтқа домалап түстік. Есімді тез жиып, оны астыма жаншып, біраз төмпештеп алдым. Сол-ақ екен жүргізуші автобустан атып шығып мені қылқындыра бастады, ал кондуктор тепкілей бастады. Кейін екеуі мені арыққа лақтырып жіберді де, кетіп қалды. Полицияға арыз жаздым, бірақ сол күйі ешкімді тапқан жоқ. Әлгі оқиғадан кейін дзюдомен мықтап айналыса бастадым.

Сол кезден бері он жылдан асқан, енді Руслан адамдар мейірімді бола бастады, қоғамда сенім нығайды, ал мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарға ақыры көңіл бөле бастады деп санайды.

- Адамға аш қасқыр ғана шабуы мүмкін, ал тоқ қасқыр тиіспейді. Адам да сол сияқты, ішетін тамағы, істейтін жұмысы, алатын жалақысы болса, қылмысқа бармайды, - дейді Руслан. – Қазір тіпті зағип жандардың өзінде мүмкіндік бар ғой. Тек жақсы жоба ойлап тапсаң болды, қолдау табылады. Ең бастысы, бір орында отырмау керек және көп еңбектену керек.

Кеңсесіне күн сайын дерлік баратын Руслан Мамытовты қолы тисе, көлігімен досы жеткізіп тастайды немесе өзі такси жалдайды. Ол "қоғамдық көліктер жүріп-тұруы қиын жандарды тасуға қолайлы етіп жабдықталмаған, қалалық аялдамалар мүгедектерге ыңғайлы етіп жасалмаған" деп қынжылады. Бірер апта бұрын "Зәм-зәм" ұйымының өкілдері Алматы автопарктерін тексеруге шыққан. Руслан Мамытовтың сөзінше, арбаға таңылған жандарды тасуға олардың бір де біреуі де ыңғайлы болмай шыққан. Мүгедек жандар тіршілік етуге мәжбүр орта осындай.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Жоспарланған митинг алдында қанша белсенді ұсталды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:18 0:00
XS
SM
MD
LG