Accessibility links

Бұзылған қоршаулар қайда кетіп жатыр?


Бұзылған қоршауларды тиеп жатқан жұмысшылар. Алматы, 7 тамыз 2017 жыл.
Бұзылған қоршауларды тиеп жатқан жұмысшылар. Алматы, 7 тамыз 2017 жыл.

Алматыда «Қоршаусыз қала» бағдарламасы аясында темір шарбақтарды бұзып жатыр. Азаттық тілшісі кейін оларды қайда жіберетінін анықтап көрмекші болды.

Кейінгі 20 жыл бойы қара және түсті металл сынықтарын қабылдау нарығы әлі қарқынды жұмыс істеп жатқандықтан, Азаттық тілшісі бұзылған темір қоршауларды кәдеге қалай жарату мәселесін зерттеп көрді.

ТЕМІР-ТЕРСЕК ҚАБЫЛДАУ ПУНКТТЕРІНІҢ ИЕЛЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Алматының кезінде ірі зауыттар орналасқан (көбінесе қаланың төменгі бөлігі), ал қазір құрылыс материалдарын сататын шағын дүкендер шоғырланған өнеркәсіп аймағында жұрт темір-терсек қабылдайтын пункттер ашып алғанын байқауға болады. Мұны жалпақ темірмен биік етіп қоршалған дуалдағы ақ түсті майлы бояумен жазылған жазудан аңғаруға болады. Шағын аулада түрлі-түсті және қара металл сынықтарын өткізгісі келетіндер қарасы көрінбейді. «Қалада бұзып жатқан темір қоршауларды біреу-міреу әкелді ме?» деген сұраққа Әлішер деген жас жігіт «Жоқ, бірақ әкелсе де қабылдамас едім» деп жауап берді.

Азаттық тілшісі бас сұққан тағы бір пунктте өзін «Бека» деп таныстырған орта жастағы ер адам «Қоршаусыз қала» бағдарламасы жайлы білетінін, бірақ әкімдік бағдарламаны іске қосқан көктемнен бері кесілген қоршауларды ешкім өткізбегенін айтты. Тілшінің «Егер сапалы темір-терсектің үлкен партиясы болса, оны көршілес Қытайға өткізген тиімді шығар» деген жорамалына ол «Қазір Қытайға ешкім темір тасымайды. Жұрт қытайлар металл сынықтарын кәдеге жарататын зауыт салған Шымкентке апарады» деп жауап берді.

Бұзылған қоршаудың жерде жатқан шойын бөліктері. Алматы, 4 тамыз 2017 жыл.
Бұзылған қоршаудың жерде жатқан шойын бөліктері. Алматы, 4 тамыз 2017 жыл.

«Трейдмет» компаниясының қызметкері, сөзшең жас жігіт Роман Стойков бұзылған қоршауларды сатудан онша «навар» түспейді деген пікірімен бөлісті.

— Қоршауларды бұзу жұмыстары ақша тұрады, ал оған транспорт шығындарын қосыңыз, сонда сапасы жақсы шойынға әрі кетсе, килограмына 45 теңге төлейді, яғни бір тоннасынан түсетін таза кіріс 15 мың теңге болады, ал бәрін қоса есептегенде, 10 мың немесе тіпті бес мың теңге ғана таза табыс түседі,- дейді темір-терсек қабылдаушы Азаттыққа.

Бұған қоса, Роман Стойков оның компаниясы нарықтағы ең ірі екі компанияның бірі, бірақ темір қоршауларды бұзу жұмыстарына екеуін де шақырмағанын айтты. Ол әлдебір тендер өткені жайлы да ештеңе естімеген, шарбақтарды бұзумен әкімдікпен әлдебір байланысы бар фирмалар айналысатын шығар деп топшылайды. «Бәлкім, тендерді кейінірек - бүкіл темір-терсекті бір жерге тасып, кәдеге жарату қажеттігі туған кезде жариялайтын шығар» деп тұжырды ол.

Алматының шетінде жұрт темір-терсек қабылдау пункттерін үйінде ашып алған. Жол бойынан жұқа тақтайға ебедейсіз қолмен жазылған «Көмір, отын сатамыз және қара және түсті металл қабылдаймыз» деген хабарландыруларды көруге болады. Бір килограмының бағасы мүлде арзан - шойынды 30 теңгеден қабылдайды. Сондай қабылдау пункттерінің бірі Алматыдан 20 километр жерде тұратын Николайдың жер үйінде орналасқан. Оны Николай өзі ашпаған. Николаймен автошеберханада бірге жұмыс істеген үйдің бұрынғы қожайыны Краснодарға көшуді ұйғарып, үйін оған арзанға сатып кеткен. Кезінде ол түрлі-түсті және қара метал қабылдап, оны ірілеу компанияларға өткізіп қосымша нәпақа көзіне айналдырған. Ол көшіп кеткеннен кейін жұрт ескі батарея, құбырлар мен алюминий сынықтарын Николайға әкеле бастаған. Ол да бас тартпай, қарапайым бизнесті жалғастыра берген.

Ол қоршаулар жайлы сұраққа таңырқап қалды. Егер ондай қоршауларды қалай болса солай қиратпай, ептілікпен бұзса, әлі де пайдаға жарар еді деді.

— Тәп-тәуір дүниені преске жіберіп керегі не? Бұған қоса, қазір қара металдың бағасы түсіп кетті, онша ұтымды емес. Менікі сияқты шағын пункттерге мыс, алюминий сияқты металдармен жұмыс істеген тиімді, алқаштар кейде тәп-тәуір түрлі-түсті металл тауып әкеледі. Оның бағасы да, көлемі де бөлек, машақаты да аз әрі тез сатылады, - дейді ол.

ҚОРШАУЛАР МЕН ҮЙСІЗ-КҮЙСІЗ ЖАНДАР

Екі жылдан бері көшеде күнелтіп жүрген әрі мастықтан мүлде айығып көрмеген Игорь «көбіне қараусыз жататын шарбақтарды алу - нағыз ұрлық, ауыр темірді тасуға денсаулығым да жарамайды» дейді.

«Қоршаусыз қала» бағдарламасы қызу жүріп жатқан Алматы орталығында үйсіз-күйсіз жандар қарасы көбейгенін тіпті көз мөлшермен байқауға болады. Сәкіде отырсаң, олар жаныңа әдетте өздері келеді. Садақа сұрамас бұрын, әуелі қолын созып, міндетті түрде «Ассалаумағалейкум!» деп амандасады.

Метроның "Жібек Жолы" бекетінің маңындағы қоқыс үйіндісі жанынан өтіп бара жатқан адамдар. Алматы, 7 тамыз 2017 жыл.
Метроның "Жібек Жолы" бекетінің маңындағы қоқыс үйіндісі жанынан өтіп бара жатқан адамдар. Алматы, 7 тамыз 2017 жыл.

Әкімдік орталықтағы қоршауларды бұзудан бөлек, қаланың ескі бөлігін жаппай жаңарту жұмыстарын да бастаған. Сондықтан қазылған туннельдердің, тау болып үйілген ұсақ тас, құм пен шақпақ қант сияқты уатылған асфальттың ортасында қимылдап жүрген жұмысшыларды көргенде көз алдыңа Голливуд фильмдеріндегі апокалипсис көріністері келеді.

«Тиын-тебен» сұрап, жанына отыра кеткен сондай тілемсектердің бірінен тілші «Қала тұрғындарының көбі қоршауларды бұзып тастағаннан кейін үйсіз-күйсіз жандар енді подъездерде, аулаларда, кезінде қоршауы болған территорияларда түнейтін болады деп алаңдайтынын білесіз бе?» деп сұрады. Ол бұған «Біз бес доспыз, бәріміз жертөледе түнеп жүрміз, ал тұрғындардың көбі біздің ол жерде тұрып жатыр деп тіпті ойламайды. Ал қоршаусыз қалса да бөтеннің территориясына кірудің де, қайта балқытуға металл өткізудің де мәні жоқ» деп жауап берді. Оның сөзінше, қоқыс үйінділерінен «қорек тауып» жүргендер болмаса, қаладағы үйсіз-күйсіз жандар мұндай іспен айналыспайды, ал олар мұнда көбінесе қайыр-садақа сұрайды, енді біреулері бөтелке жинайды.

ӘКІМДІК: «БІЗДЕ БӘРІ ЕСЕПТЕЛГЕН!»

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің Азаттыққа хабарлауынша, «Қоршаусыз қала» бағдарламасы аясында» қазірге дейін жалпы ұзындығы 81 115 метр болатын қоршау бұзылған. Олардың кейбірі темірден жасалмаған, арасында ағаш, бетон шарбақтар да кездеседі, бірақ ондай шарбақтар, әрине аз». Кей БАҚ-тардың хабарлауынша, бағдарлама қаланың орталығын ғана емес, сегіз ауданның бәрін қамтиды. Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұзылған қоршаулардың 78 696 метрі иелеріне қайтарылған, олардың ішінде жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да бар. Қала меншігіндегі қоршаулар егер оларды пайдалануға жарамсыз деп тапса, қалалық полигонға, қарапайым тілмен айтқанда, қоқыс жиналатын үйіндіге апарып тастайды. Ал қалған 1874 метр қоршау «Алматы Тазалық», «Stampservice» компаниялары мен аудандық әкімдіктерге қарасты өзге мердігер мекемелердің базасында жатыр.

Алматының жөнделіп жатқан "арбаты". 20 тамыз 2017 жыл.
Алматының жөнделіп жатқан "арбаты". 20 тамыз 2017 жыл.

— Бұзу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Ал бұзылған қоршаулар мектеп, балабақшалар айналасындағы жарамсыз дуалдарды ауыстыруға пайдаланылатын болады, - дейді әкімдіктің баспасөз қызметі өкілі Азаттыққа.

Қала әкімдігінің мәлімдеуінше, шарбақтар көбінесе стихиялы түрде орнатылған, өйткені көптеген кәсіпкерлер - мейрамхана, кафе және дүкен қожайындары жапсарлас территорияны қоршап алып, қаланың қазіргі ландшафтына зиян келтірген.

«Қоршаусыз қала» бағдарламасы биылғы наурызда іске қосылған. Қазақстандық кей БАҚ-тың хабарлауынша, жоба авторы - даниялық архитектор Ян Гейл. Ал қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы шенеуніктерінің айтуынша, шетелдік кеңесші қаланы өзгертуге қатысты шығармашылық ұсыныстарымен ғана бөліскен, ал бағдарламаны жергілікті мамандар құрастырып, жүзеге асырып жатыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: "Қоршаусыз" Алматы

XS
SM
MD
LG