Accessibility links

Үй тапсырмасы азаятын болды


Ағылшын тілі оқулығын оқып отырған оқушы. (Көрнекі сурет)
Ағылшын тілі оқулығын оқып отырған оқушы. (Көрнекі сурет)

Мектеп оқушыларына берілетін үй тапсырмасын азайтуға қатысты ұсыныстар қабылдауды кей адамдар баланың әуесқой істерімен айналысуға бос уақыты болады деген үмітпен құптап жатыр. Білім саласы жүйесінде көп дүние «қағаз жүзінде» ғана жасалады деген де пікір бар.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ел мектептерінде үй тапсырмасын ұйымдастыру мен орындауға қатысты бұйрыққа сәуірдің 24-інде қол қойды. Шешім қоғамда баланың мектепте алатын ақпарат көлеміне қатысты пікірталас қызған тұста қабылданды. Әлеуметтік желілерде кей адамдар ақпарат тым көп, мектеп оқушыларының, әсіресе жоғары сынып оқушыларының мүлде бос уақыты жоқ, олар университетке түсемін деген үмітпен тест сұрақтарының дұрыс жауаптарын жаттауға мәжбүр деп шағымданған.

Мектеп оқушыларына берілетін үй тапсырмасын мөлшерлеу әдістемесі қарастырылған құжат қазақстандық білім беру саласында алғаш қабылданды. Бірақ әлгі кеңестердің мән-жайы әзірше жария емес, білім және ғылым сайтында толымды ақпарат жоқ.

11 ЖЫЛ БОЙЫ ӨТКЕН МАТЕРИАЛДЫ ЖАТТАУ

Назарбаев университетіне оқуға түсуге дайындалып жүрген 10 сынып оқушысы Ысқақ Төлтай мектептегі сабаққа да, үй тапсырмасын орындауға да жауапкершілікпен қарайды. Азаттық тілшісі онымен қазақтың ағартушы ғалымы Шоқан Уәлихановтың Алматыдағы ескерткіші жанында танысты. Жасөспірімдер ғылым академиясына қарсы бетте орнатылған ескерткіш жанындағы алаңға скейтборд тебуге жиналады екен. Ысқақ Азаттыққа «өзге күндері мұнда келмеймін, өйткені оған бос уақытым жоқ, достарыммен демалыс күндері ғана кездесемін» дейді.

- Мақсатым – университетке түсу, ал оны бітіргеннен кейін сәтті карьера жасауым керек, -дейді Ысқақ Төлтай.

Ол білім министрі үй тапсырмасы көлемін азайту туралы бұйрыққа қол қойғаны жайлы ақпаратқа сенбеді. Алдап тұрған шығар деп ойлағаны көзінен байқалды. Азаттық тілшісінің журналистік куәлігін мұқият оқып шыққаннан кейін ол:

- Бұл - орынсыз идея, үй тапсырмасы болғаны дұрыс, ол сабақта өткен материалды пысықтауға көмектеседі, тәртіпке және өз бетіңше ізденуге үйретеді, - деді.

Қазіргі депутат Ирина Смирнова №48 мектеп-гимназияның директоры кезінде. Алматы, 30 қаңтар 2015 жыл.
Қазіргі депутат Ирина Смирнова №48 мектеп-гимназияның директоры кезінде. Алматы, 30 қаңтар 2015 жыл.

Парламент депутаты Ирина Смирнова министрлік бастамасын құптайды. Ол парламентке сайланғанға дейін талай жыл мектепте мұғалім болып жұмыс істеген, ал кейінірек директор болған. Ол балалардың сабағы тым ауыр, ал бұл сабақ оқу процесіне балалардың өздері ғана емес, олардың әке-шешесін, ата-әжесін де тартуға, ал кейде, мысалы шет тілінен көршілердің көмегіне жүгінуге тура келетін жағдайға ұласты деп санайды. Депутаттың айтуынша, мектептегі сабақ білім жүйесі балаларды балалық шақтан айырмауы тиіс. Оның сөзінше, балалардың ойнауға, музыкамен әуестеніп, спортпен шұғылдануға да уақыт қалуы тиіс.

Ирина Смирнова қазіргі кезде тапсырмалар ұлттық бірыңғай тестілеу дайындыққа байланысты ауырлап кетті деп санайды.

- Үй тапсырмасының көлемі үнемі ұлғайып отырды. Бұл мектеп бітіру мен ЖОО-на түсу сынағы ұштастырылған ұлттық бірыңғай тестілеуге байланысты. Бәрін жаттап, тәптіштемесең, Ұлттық бірыңғай тест тапсыру қиын. Сондықтан бәрін бастан аяқ өткісі келді. ҰБТ-де 1-ші сыныптан бастап 11 сыныпқа дейін өткен материалды жаттауды талап ететін сұрақтар болған. Сондықтан мектептегі бүкіл білім жүйесі осы міндетке сәйкестендірілетін. Құдайға шүкір, енді әлгі міндет өзгеретін болды, - дейді Ирина Смирнова.

Депутаттың сөзінше, баланың денсаулығы мен психикасын қорғау үшін мектептегі сабақ жүктемесі мен үйге берілетін тапсырма көлеміне қатысты белгілі бір санитарлық нормалар тіпті совет заманында да болған.

МЕКТЕПКЕ ҚУАНА-ҚУАНА БАРУ

Айша Ерік – Алматы мектептерінің бірінің 5 сынып оқушысы. Ол кілең бестікке оқиды. Сабақтан кейін репетитордың көмегімен ағылшын тілін үйренеді және Пифагор мектебіндегі математика курсына барады. Бұрын ол домбыра шертуді үйрететін сабаққа қатысып, суда жүзумен айналысқан, бірақ кейін музыка мен бассейнге уақыт қалмаған. Үй тапсырмасы азаяды деген жаңалықты естіген ол қуанып кетті.

- Енді сүйікті істеріммен айналысуға, ата-анама үй шаруасына көмектесуге бос уақытым жеткілікті болады деп ойлаймын, - дейді ол Азаттыққа.

Айша – баланың үлкені, оның кішкентай бауыры, сіңлісі бар.

Мектеп ауласында үзілісте ойнап жүрген оқушылар. (Көрнекі сурет)
Мектеп ауласында үзілісте ойнап жүрген оқушылар. (Көрнекі сурет)

Оның анасы Зүлфия Масугутованың Азаттыққа айтуынша, музыкамен айналысу, шахмат ойнау және спортпен шұғылдану баланың жан-жақты дамуына көмектесіп, оның өмірге даярлығын арттырады. Бұған қоса, оның пікірінше, спорт секциясына, бассейнге баратын немесе музыкамен айналысатын бала көше мен интернеттің зиянды ықпалына түсіп кетпейді.

Ата-анасы бұрын үй тапсырмасын Айшамен бірге орындайтын. Кей сұрақтардың жауаптарын интернеттен, тиісті әдебиеттерден іздеуге тура келетін кездер болған. Айшаның әкесі Мұрат Белгібаев үйге берілген тақырыпқа қатысты кітапты интернеттен тауып алғанда «мұнда жазылған дүниені түсіну тіпті ересек адамның өзіне қиын ғой деп ойлайтынмын» дейді.

Айша балалардың көбі тапсырманың көптігінен сабақ оқудан ләззат алмайды, жаман баға алып қалсам, әке-шешемнен ұрыс естимін деп қорқады деп санайды. Сондықтан ол балалардың мектепке құлықсыз баратынын байқаған.

ОЗЫҚ БІЛІМ ЖҮЙЕСІ

Мұрат Белгібаев білім министрінің бастамасын құптайды. Ол балалардың көбі жан-жақты дамудың орнына, біздің мектептердегі сабақ оқу процесінің өзінен күйзеліске түсіп, қилы фобияға душар болады дейді.

- Біздің мектептерде көп нәрсе қағаз жүзінде жасалатыны қынжылтады. Баланы өмірге дайындап, оны өздігінен шешім қабылдай алатын жан-жақты дамыған тұлға етіп шығарудың орнына мектепте формалды, үстіртін білім береді, - дейді Мұрат Белгібаев.

Ол мектеп оқушыларына үй тапсырмасын мүлде бермейтін және кіші сыныптарда баға қоймайтын, бірақ халықаралық ұйымдар дерегінше, әлемдегі ең озық үлгілердің бірі саналатын Финляндияның білім беру жүйесінен үлгі алуға шақырады.

Білім беру саласындағы фин ғажайыбы жайлы 2000 жылдардан кейін айтыла бастады. Ол кезде экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы әр үш жыл сайын 15 жастағы оқушылар арасында халықаралық зерттеулер жүргізе бастаған. Білім беру сапасы мониторингі төрт бағытта – кітап оқу, математика, жаратылыстану және компьютердік сауаттылық пәндері бойынша жүргізіледі. Осы зерттеулердің әрқайсысынан Финляндия оқушылары алғашқы орындардың бірін алады, бірақ оқушылардың мектепте өткізетін сағат саны жағынан ең соңғы орындардың бірінде тұр.

Финляндиялық оқу орындарының бірінде. (Көрнекі сурет).
Финляндиялық оқу орындарының бірінде. (Көрнекі сурет).

Финляндияның білім беру жүйесі балалар сабақты рахаттанып оқитындай етіп ұйымдастырылған, сондықтан мектептегі сабақ ауыр емес, үй тапсырмасын да көп бермейді. Америкалық документалист- режиссер Гарри Мур Where to Invade Next деген фильмінде фин оқушылары мен студенттерінің жетістік құпиясын ашуға тырысқан. Білім министрімен, мектеп директорлары, мұғалімдер мен балалармен кездескен кезде ол фин білім үлгісінің феноменінің сыры оқуды баланың өзі сабақ оқығысы келетіндей қызықты әрі жайлы процеске айналдыруда деген тұжырым жасаған.

Мұғалімдердің режиссерге айтуынша, партада отырып оқудан бөлек, балалар табиғат аясында, туғандары мен достарының ортасында көбірек болып, көбірек ойнауы тиіс. Олар ми тынығып тұруы тиіс, жалықтырып жіберетін құр жаттаудан ми оқуға деген қабілетін жоғалтады дейді.

Фин мұғалімдерінің пікірінше, білім берудің мақсаты - балаларға тестегі жауаптардың дұрыс нұсқаларын белгілеуді үйрету емес, баланы сыни тұрғыдан ойлауға және өздігінен шешім қабылдауға қабілетті тұлғаға айналдыру болуы тиіс.

Фильмде математика пәні мұғалімі «ең бастысы, балалар өздерін не бақытты ететінін түсініп, соған жете алатындай болуы тиіс» дейді. Гарри Мур «Сіз математика пәні мұғалімісіз, бірақ сіз ең бастысы, балаларды бақытты болуға үйрете аламын дейсіз бе?» деп қайталап сұрағанда мұғалім «Дәл солай» деп жауап береді.

Финляндияда мектеп мұғалімі - құрметті әрі абыройлы мамандық. Хельсинки университеті дерегінше, мектеп мұғалімі мамандығы конкурсында бір орынға 10 адам таласады әрі мұндай тенденция 40 жылдан бері жалғасып келеді. Фин мұғалімдерінің жұмысын ешкім қадағаламайды, олар есеп жазып, тапсыруға да міндетті емес. Олар оқыту әдістемесі мен қажетті оқу әдебиеті тізімін өздері құрастырады.

XS
SM
MD
LG