Accessibility links

Алматы борышкерлерін үйден шығарып жатыр


Борышкер үйінен шығарылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:33 0:00

Ақкент» шағын ауданында бүгін тағы бір борышкер пәтерден шығарылды. Алматы, 26 тамыз 2015 жыл.

Алматыдағы «Ақкент» шағын ауданында бүгін тағы бір борышкер пәтерден шығарылды. Белсенді тұрғындар «сот орындаушылары үй иесі жоқта дүние-мүлкін шығарды» дейді. Ал орындаушылар «заңды негіз барын» айтады.

Тамыздың 26-сы күні Алматының Алатау ауданында орналасқан «Ақкент» шағын ауданындағы 39-үйдің 2-пәтері босатылды. Азаттыққа хабарласқан шағын аудан тұрғындарының сөзінше, сот орындаушылары таңертең келіп, «үйдің иесі жоқтығына қарамастан, ішке кіріп, дүние-мүлікті сыртқа шығарып, есігіне мөр басып кеткен».

Оқиға орнына барған Азаттық тілшісі «Ақкент» ықшам ауданындағы 39-үйдегі 2-пәтер есігінде сот орындаушысы Алмасбек Елтоқовтың мөрі басылған қағаз жапсырылып тұрғанын көрді. Подъезд алдына жиналған он шақты тұрғын 2-пәтерден шығарылған жиһаз, кілем мен тоңазытқыш сияқты мүліктерді қорып жүр екен. «Ақкент» шағын ауданы тұрғындарының арасынан шыққан белсенділердің бірі Марат Ниязбаев «мамыр айынан бері «Ақкентте» пәтер үшін төлем жасай алмай келе жатқан борышкерлерді күштеп шығару жүріп жатқанын» айтты.

– Пәтер иесі білмейді де, олардың (үй иелерінің) кім екенін біз де білмейміз. Бұл – өте өкінішті жағдай, менің басыма түссе, қайда барамын? Енді, міне, қазір үй иелері келеді, балалары келеді, қайда барады? Пәтеріне мөр басылып, заттары далада жатыр, – деді ол.

Бұл жайтқа қатысты Алатау аудандық сот орындаушысы Алмасбек Елтоқов Азаттыққа «заңды әрекет еткенін» айтты. Сот орындаушысының сөзінше, 39-үйдегі 2-пәтердің иесіне қатысты (пәтер иесінің толық аты-жөні жарияламауды жөн көрдік – ред.) «биылғы жылдың 20 шілдесінде Алатау аудандық сотының «пәтерден шығару» туралы шешімі негізінде бірнеше рет ескерту қағаз жіберілген.

"Ақкент" ықшам ауданындағы үйдің алдында тұрған заттар. Алматы, 26 тамыз 2015 жыл.
"Ақкент" ықшам ауданындағы үйдің алдында тұрған заттар. Алматы, 26 тамыз 2015 жыл.

– Екі рет барып, пәтер иесі үйінде болмағаннан кейін ескерту хат тастап кеттім, үшінші рет тұрғылықты жері бойынша арнайы хат та жібердім. Онда тамыздың 26-сы күні пәтерден шығарылатындығы көрсетілген. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 106-бабына сәйкес «үйден шығару уақыты туралы тиісінше хабардар етілген борышкердің болмауы атқарушылық құжатты орындауға кедергі болып табылмайды». Сондықтан бүгін үй иесі болмаса да екі куәгермен, борышты өндіріп алушы компанияның өкілімен барып, есікті бұзып кіріп, ішіндегі жиһазына хаттама толтырып, арнайы қоймаға апарып қоямыз деп есіктің алдына шығарғанбыз. Алайда біздің бұл әрекетімізге «Ақкенттің» тұрғындары кедергі келтіріп, пәтер иесінің заттарын алып кетуге мүмкіндік бермеді, – деді сот орындаушысы.

Әзірше босатылған пәтер мүлкі подъезд алдында тұр. Ал сот орындаушысы өзіне қарсылық білдірген адамдарға қатысты хаттама толтырып, борышкердің мүлкін соларға тастап кеткенін айтады.

«Ақкент» тұрғын үй кешенінде 7000 пәтерлі 89 үй бар. Кешенді салушы «Айт Хаузинг Комплекс» құрылыс компаниясының өкілі Олжас Мұхитовтың сөзіне қарағанда, пәтер иелерімен арада жасалған бірнеше бөліп төлеу (рассрочка – ред.) келісім-шартын орындамаған 35 адамға қатысты сот шешімі шығып, олар үйлерінен шығарылған.

– Компания заңға сәйкес жұмыс істеп жатыр, өз еркімен ешкімді шығарып жатқан жоқ. Пәтерлеріне қатысты бірнеше ай төлем жүргізбей, қарыздары 5 миллион теңгеден асып кеткен тұрғындардың үстінен сотқа оларды шығарып жіберу туралы шағым түсірдік. Өйткені олар өз еріктерімен пәтерді босатпай отыр, – деді Олжас Мұхитов.

Олжас Мұхитовтың сөзінше, ақшасын төлей алмаған тұрғындар үш мәрте төлеу мерзімін екі айға дейін ұзартуға құқылы. Мүндай жағдайда негізгі қарызға өсімақы қосылмайды.

Түркиялық «Ахсель холдинг» компаниясына тиісті «Айт Хаус Комплекс» құрылыс компаниясынан арнайы бағдарлама аясында кредитке алынған жүзден астам пәтер иелеріне борышкер ретінде баспаналарынан айырылу қаупі төніп тұр. Тұрғындар Қазақстанда былтырғы ақпаннан бері үдей түскен қаржылық дағдарыс кезінде төлеу қабілеттерінің күрт нашарлағанын айтып шағынады.

XS
SM
MD
LG