Accessibility links

Алматыға Қызыл телпектер көп келді


Сәтпаев қаласынан келген театрдың «Қызыл телпек жайлы қисық ертегісін». Алматы, 7 қараша 2014 жыл.
Сәтпаев қаласынан келген театрдың «Қызыл телпек жайлы қисық ертегісін». Алматы, 7 қараша 2014 жыл.

Алматыда «Күн әлемі» деген совет заманынан таныс балалар әнімен аталған балалар көркемөнерпаз театрларының фестивалі өтіп жатыр. Балалардың көбі сахналау үшін Қызыл телпек туралы ертегіні таңдапты.

Күзгі каникул кезінде Алматыдағы Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театрының үлкен және камералық сахналарында «Күн әлемі» фестиваліне қатысатын балалар театрлары өнер көрсетеді. Фестивальге қатысушы театрлардың жұмысымен театр фойесінен бастап танысуға болады. Мұнда конкурсқа қатысушы суретшілердің еңбектері – спектакль афишалары, декорация эскиздері мен қуыршақтар қойылған.

НАТАЛИЯ САЦҚА ҚҰРМЕТ

Балалар мен жасөспірімдер театрының қызметкері әрі фестиваль үйлестірушісі Надежда Румянцеваның айтуынша, конкурсты өткізу уақыты кездейсоқ таңдалмаған.

– Қарашаның 7-сі – театрымыздың негізін салған Наталия Сацтың туған күні. Былтыр өткен мерейтойы құрметіне балалар драмалық шығармашылығының бірінші фестивалін өткізіп, оны «Күн әлемі» деп атауды ұйғардық, – дейді ол.

«Отанын сатқан опасыздың отбасы мүшесі» ретінде ГУЛАГ-та бес жыл отырып шыққан соң театр режиссері Наталия Сац (1903-1993) 1942 жылы Алматы қаласына келген. Мұнда келген соң Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдерге арналған тұңғыш театр ашқан. Театрдың алғашқы спектаклі 1945 жылы сахналанған. Алматыдағы балалар және жасөспірімдерге арналған орыс театры 1995 жылдан бері Наталия Сацтың есімімен аталады.

Театр фойесінде конкурсқа келген суреттер тұр. Алматы, 7 қараша 2014 жыл.
Театр фойесінде конкурсқа келген суреттер тұр. Алматы, 7 қараша 2014 жыл.

– Қала мектептерінің көбі театр өнерімен әуестенетінін білеміз. Кейбір мектептерде студия бар. Балалармен ондағы бастамашыл ұстаздар шұғылданады. Қаңтарда фестиваль туралы ережені құрастырып, мектептерге таратқан бойда конкурсқа қатысуға тапсырыстар түсе бастады, – дейді Надежда Румянцева.

Фестивальде жас суретші, жас драматург, спектакльдер конкурсы, синтетикалық жанр спектакльдері конкурсы, көркемсөз оқушылар конкурсы сияқты номинациялар көп.

Ұйымдастырушылар «Фестивальге қатысамыз дегендердің бетін қайтармай, бәрінің өтінішін қабылдадық. Тек көрсететін материалдың электронды нұсқасын алдын ала көріп шығамыз деген жалғыз талап қойдық» дейді.

Былтыр «Күн әлемі» фестиваліне алматылық ұжымдар ғана қатысқан. Биылғы фестивальге Қазақстанның әр өңірінен (Семей, Теміртау, Сәтпаев, Гүлдала сияқты жерлерден) қатысушылар келген.

Надежда Румянцева «Шеттен келгендердің сапар шығынын қаржыландыру мәселесі қалай шешілді?» деген сұраққа:

Надежда Румянцева музыкант-ақын Максим Германцевпен бірге отыр. Алматы, 6 қараша 2014 жыл.
Надежда Румянцева музыкант-ақын Максим Германцевпен бірге отыр. Алматы, 6 қараша 2014 жыл.

– Ұжымдардың бірі балалардың фестивальге қатысуына демеушілік көрсетуін сұрап өздері тұратын қала әкімінің атына хат жолдауымызды өтінді. Жолдаған хатымыздың арқасында балалар толық құрамымен келді, – дейді.

Фестивальді Сац атындағы театрдан бөлек Әуезов ауданы әкімдігі, Ресей бас консулдығы және «Россотрудничество» өкілдігі ұйымдастырған. Надежда Румянцеваның түсіндіруінше, олар номинация бойынша жеңімпаздарды марапаттауды өз мойындарына алған. Былтыр жеңімпаздарды әдемі безендірілген кітаптармен марапаттаған.

САНСЫЗ ҚЫЗЫЛ ТЕЛПЕКТЕР

Фестивальдің алғашқы күні бағдарлама қысқа болып, спектакльдер конкурсы мен синтетикалық жанр конкурсына қатысушылар ғана өнер көрсетті. Олар көбінесе 5-10 минуттық би композицияларын көрсетті. Мысалы, «Юла» театр-музыкалық студиясы «Су перілерінің биін» қойды. Nika (Алматы) би мектебінен келген 9 жасар Полина Шайкина «Томирис туралы аңыз» биін орындады.

Ал фестивальдің екінші күні балалар ұжымдары театр сахнасында 12 спектакль көрсетуі тиіс болды. Бір қызығы, қатысушылардың көбі Қызыл телпек туралы сюжетті таңдаған. Оны бірнеше нұсқасын, мысалы, Сәтпаев қаласынан келген театрдың «Қызыл телпек жайлы қисық ертегісін», алматылық «Имран» студиясының «Қызыл телпек жаңа мәнерде» мюзиклін, Теміртау қаласынан келген театр ұжымының «Қызыл телпек ертегісін ойнайық» қойылымы сияқты түрлерін тамашалауға болады.

Фестиваль бғдарламасында Уильям Шекспирдің 450 жылдығына орай алматылық №56 мектеп-имназиясы әзірлеген «Ты будешь вечно жить в строках поэта» әдеби-музыкалық композияция да бар.

«Дымбілмес және сиқырлы таяқша» қойылымы. Алматы, 7 қараша 2014 жыл.
«Дымбілмес және сиқырлы таяқша» қойылымы. Алматы, 7 қараша 2014 жыл.

Спектакльдер конкурсы Николай Носовтың шығармасы бойынша сахналанған «Дымбілмес және сиқырлы таяқша» қойылымымен ашылды. Оны Сац театры жанындағы Надежда Румянцева, Максим Германцев және кәсіби хореограф жұмыс істейтін «Ручей-ручеек» театр үйірмесі әзірлеген. Үйріме алты жылдан бері жұмыс істейді. Ашылған кезде он адам шұғылданған үйірмеге қазір 50-дей бала қатысады. Үйірме түлектерінің кейбірі театр саласын таңдап, тиісті жоғары оқу орындарына түскен. Біреуі Мәскеудегі ВГИК-те (Герасимов атындағы бүкілресейлік мемлекеттік кинематография университеті) оқиды. Бір бойжеткен Мәскеудегі Щукин атындағы театр училищесіне, екіншісі Ярославль қаласындағы театр институтына түскен. Үйірме түлектерінің ішінде Алматының жоғары оқу орындарында театр саласы немесе оған ұқсас мамандықтар бойынша оқып жүргендері де бар.

Негізгі сахнада конкурстық спектакльдер қойылып, камералық сахнада көркемсөз оқушылар конкурсы өтіп жатты. Номинациялар бойынша жеңімпаздарды қарашаның 8-і күні жариялап, оларға сыйлықтар тапсырады.

XS
SM
MD
LG