Accessibility links

Панасыз. Гүлжаханның хикаясы


Көпбалалы ана Гүлжахан Құрбантаева. Алматы, 6 маусым 2016 жыл.
Көпбалалы ана Гүлжахан Құрбантаева. Алматы, 6 маусым 2016 жыл.

Азаттық тілшілері «күйеуі сотталып, алты баласымен өлместің күнін көріп жүргенін» айтып хабарласқан, Өзбекстаннан көшіп келген келіншектің басындағы ахуалды көріп қайтты. Патриархалдық қоғамда әлеуметтік әділет іздеген жас әйелдің жанайқайы көптеген мәселені қатар қозғайды.

2001 жылы Өзбекстаннан қоныс аударған 38 жастағы Гүлжахан Құрбантаевамен алдын-ала телефонмен келісіп, айтқан мекен-жайы бойынша іздеп барғанымызда екі қабатты үлкен зәулім үйді көрдік. Аулаға кіріп, Гүлжаханды сұрағанымызда, алғаш кезіккен адам үлкен үйдің жанында тұрған лашыққа ұқсас үйшікке қарай сілтеді. Гүлжахан көзі көрмейтін анасымен есік алдында отыр екен. Үйде балалардың бірі ыдыс, бірі еден жуып, кішкентайлау біреуі ұйықтап жатыр.

Көпбалалы ананың уайымы
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:30 0:00
Жүктеп алу

КҮЙЕУ

Өзбекстанда туып өскен әйел 1990-жылдардың соңында Алматыға сүйген кәсібі бойынша білім алуға келген.

- Өзім мұғалім болуды армандадым, «мұғалім боламын» деп 1996 жылы Алматыға келдім. 7-8 айдан кейін, «Балам, көзіме операция жасау керек, тез қайт» деп анамнан хат келді. Амалсыз Өзбекстанға қайттым, - дейді келіншек.

Анасын қарап жүрген бойжеткенді 2000 жылы ауылындағы жігіт алып қашып, шаңырақ көтереді. Бір жылдан кейін олар жұмыс іздеп Қазақстанға көшіп келген. Көп ұзамай, күйеуі Өзбекстанға кетіп қалған, ал Гүлжахан бір ұл, бір қызымен Қазақстанда қалып қойған. Екі баламен жалғыз қалған келіншек аула сыпырған, мейрамханаларда ыдыс-жуған, жол бойында ұсақ-түйек сатып, балаларын асыраумен болған.

- Өзге емес өз туысым жеп қойды. Жұмысқа ерте кетсең де, кеш келсең де, «қайда жүрсің, кіммен жүрсің, кімге керексің» деген түрлі әңгімелер мені қажытты. Сосын амалсыз екінші рет тұрмысқа шықтым. Жаман болған жоқпын. Дін ұстанатын адам, үйге отырғызып қойды, жұмысын істеді, балаларымның құжаттарын жөндеп, жағдайымды жасады. Арамызда төрт бала болды. Сөйтіп жүргенде бір күнде айырылып қалдым одан. 2015 жылдың қысында полиция алып кетті, кейін сот болып, «қарақшылық» бабымен төрт жарым жылға соттап жіберді, - дейді сұхбаттасымыз.

Күйеуі сотталған кезде Гүлжахан соңғы екі егіз ұлына аяғы ауыр еді. Күйеуі әлі оларды көрмепті. Алдымен Қарағанды түрмесінде жазасын өтеген күйеуі биыл көктемде Қапшағайдың түрмесіне ауыстырылған. Гүлжахан енді күйеуіне егіз ұлын алып барып көрсетуге әрекет етпек.

НЕСИЕ

2015 жылдың ақпан айында күйеуі сотталған соң Гүлжахан жүктілігіне қарамастан кез келген жұмысты істеуге мәжбүр болған. Жоғары білімі мен қаржылық сауатының жоқтығы қиналған келіншектің жағдайын одан сайын күрделендірген.

- Бір танысым «тәте сізге берген көмегім болсын, несие алып берейін» деді. «Балаңызды босанғанға шейін қиналмайсыз, кейін ай сайын аздап беріп отырасыз» деп үгіттеді. Қыс кезі, бала-шағам аш, от жағамын үйде, көмірге ақша таппай отырған кезім еді, көндім. Бұрын-соңды ешқандай несие дегенді білмей, тіпті банкке барып көрмеген менің куәлігімді алып, бір қағаздарға қол қойдыртып алды. «Қайта беріңіз, ертең сізге 150 мың теңге апарып беремін» деді, сол күннен кейін мен ол қызды көрген жоқпын, - деп күрсінді сұқбаттасымыз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Гүлжаханның тұрмысы (суреттің үстінен басыңыз)

Арада бір ай уақыт өткеннен кейін Алматы банктерінің бірі Гүлжаханға телефон шалып, «Бізден iPhone 6 телефонын алғансыз, қарызыңызды қайтаратын уақыт болды» деген.

- Мен ол қандай телефон екенін де білмеймін. Ана қызға звондасам алмайды, телефоны өшірілген. Кейін білсек, мен сияқты 37 адамды алдап кетіпті. Ол қыздар ұсталып, сәуірде сот болды, сотталды. Бірақ қарыз мойнымызда қалды. Сотта «куәлікті өз еркіңізбен бердіңіз, шартқа өз еркіңізбен қол қойдыңыз» деді. Енді, міне, ішпей-жемей 375 мың теңге банкке қарыз болып отырмын, - деп көзіне жас алды Гүлжахан.

БАСПАНА

Гүлжаһанның алты баласы бар, үлкені Арман – 15 жаста, Балқия – 14 жаста, Мөлдір – 12 жаста, Қапиза – 5 жаста және егіз ұл Нұрбатыр мен Нұрқадыр – биыл бірге енді толған. Сырттан келіп, бас изеп қана амандасып, үйге кірген тұңғышын Гүлжахан «Балам мешітке барады, өзі тұйық» деп сипаттады. Шағын ғана екі бөлмелі үйдің кіре бересінде ыдыс жуып тұрған Мөлдір әп-әдемі дауыспен ана туралы ән айтып жатты.

Екі егіздің бірі Нұрқадыр ұйықтап жатты, «аздап ыстығы көтеріліп жатыр» дейді анасы, ал егіздің сыңары Нұрбатыр, еңбектеп келіп, үйге келген Азаттық тілшілеріне мәз болып күле қарады. Әңгімелесіп отырып, Гүлжахан Балқияның үйде жоқ екенін айтты. Кейін «қызымды үш жыл болды көрмегеніме» деген сөзіне аңтарыла қараған тілшіге келіншек және бір сырын жайып салды.

- Үш жыл бұрын Өзбекстандағы әкесінің анасы - бұрынғы енем келіп, қызымды бір-екі күнге сұрап алып кетті. Сол кеткеннен әлі қайтармай отыр. Полицияға арыз жаздым. Кейін бұрынғы күйеуім хабарласып, «арызды қайтарып ал, менің де қызым ғой, біраз уақыттан кейін қайтарамын» деген соң арызды қайтарып алдым. Алғашқы бір жыл телефонмен сөйлесіп жүрдім. Соңғы екі жылда мүлдем хабарсыз, дауысын да ести алмай отырмын, - деп еңкілдеп жылап жіберді ол.

Гүлжаханның қолында қызының туу туралы куәлігі бар. Бірақ енді полицияға арыз жазғанмен пайда жоқ деп ойлайды.

- Тәтті тамақ жесем, қызым не жеп жүр екен деймін, тамақ ішкен сайын бір тарелкаға Балқияға деп салып қоямын. Педофилдер жайлы көп естимін, оны ойласам түнімен ұйықтай алмаймын. Өз ойымнан өзім қорқамын, - дейді көп балалы ана.

Гүлжахан екінші мәрте күйеуге тигелі бері пәтер жалдап тұрып келеді. Өзінің баспанасы болмағандықтан, Алматы облысында Ұзынағаш ауылында біреудің үйіне ақша төлеп тіркеуге тұрған. Қазіргі «Шаңырақ» ықшам ауданында жалдап отырған аядай баспанасына 25 мың төлейді. Екі ұлына бір жасқа толғанға дейін үкіметтен 34 мың теңге жәрдемақы алып келіп, осы айда бұл жәрдем тоқтаған екен. Кәмелетке толмаған алты баласына ай сайын 9400 теңге жәрдемақы беріледі. Гүлжаханның бар арманы – шағын жер, тиісті органдардан баспана тұрғызатын орын алуға тырысып көрмек.

- Жерім болса, қайыр сұрасам да кішкентай үй салып алар едім. Қазіргідей көрінгеннің есік алдында жүрмей. Өстіп жүріп бөтеннің босағасында өліп кетемін бе деп қорқамын, - дейді келіншек.

Ресми статистикаға сәйкес, тәуелсіздік жылдары Қазақстанға көшіп келген миллионға жуық этникалық қазақтардың 60 пайыздан астамы – Өзбекстаннан қоныс аударған азаматтар.

XS
SM
MD
LG