Accessibility links

16 желтоқсан қарсаңында студенттер демалысқа кете бастады


Алматылық студенттер. (Көрнекі сурет)
Алматылық студенттер. (Көрнекі сурет)

Студенттерін аяқ астынан қысқы демалысқа жіберген оқу орындары «олар жаңа жылды үйлерінде қарсы алсын» дейді. Ал студенттер «бұл қамқорлық желтоқсан айына байланысты» деп жориды.

Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының бірінде оқитын Анар есімді студент аяқ астынан басталған сессиядан қиналып жүргенін айтады.

– Бізге қысқы сессияның ерте басталатыны туралы айтылған жоқ еді. Рубежка (аралық бақылау – ред.) басталатын күні үш емтиханды бірінен кейін бірін қойып тастапты. Емтиханға дайындалып та үлгерген жоқпыз. Осы айдың ортасында демалысқа шығып, қаңтардың 5-інде сабаққа келеміз, – дейді каникулға неліктен ерте кететінін түсінбей жүрген студент.

«1986 МЕН 2011 ЖЫЛДАРДЫҢ ҚОРҚЫНЫШЫ»

Тәуелсіздік күні мерекесі тойланатын желтоқсанның 16-сына дейін емтихандарын тапсырып бітіруге тиіс болған жастардың бірі – Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінің студенті Базар. Ол соңғы бірнеше жыл бойы желтоқсанның 16-сы қарсаңында студенттерді үйлеріне қайтару үрдіске айналғанын айтады.

– Бұған етіміз үйреніп кетті. Осыдан екі-үш жыл бұрын студенттерге тәуелсіздік күні жатақханадан шықпау туралы қатаң ескертіліп, тіпті кейбір жоғарғы оқу орындары студенттерін ауылдарына күшпен қуған. Биыл да сессияны ерте тапсыртып, студенттерді Алматыға жаңа жылдан кейін бір-ақ келетін қылып тастады. Бұл жерде қорқыныштың бар екені анық, – дейді Базар.

Студент Базар айтқан «қорқынышты» ЖСДП жастар қанатының жетекшісі Тазабек Сәмбетбай Алматыда 1986 жылы желтоқсанның 17-18-і күндері, Жаңаөзенде 2011 жылы желтоқсанның 16-сында болған қайғылы оқиғалармен байланыстырады.

ЖСДП жастар қанатының жетекшісі Тазабек Сәмбетбай, Киев, 22 желтоқсан 2013 жыл.
ЖСДП жастар қанатының жетекшісі Тазабек Сәмбетбай, Киев, 22 желтоқсан 2013 жыл.

– Бұл – билік тарапынан 1986 мен 2011 жылғы желтоқсан оқиғаларынан кейінгі сақтық үшін жасалынған кезекті негізсіз қадам. Студенттерді оқу процесінен бөліп кезектен тыс демалысқа жіберу – сақтық шаралары, – дейді Тазабек Сәмбетбай.

Бұл пікірді оппозицияшыл саясаткер Әміржан Қосанов та қолдайды. Оның пікірінше, «студенттерді айтулы даталар – Желтоқсан көтерілісі мен Жаңаөзен трагедиясы күндері қарсаңында демалысқа жіберу – «қорыққанға қос көрінеді» дегеннің кері».

– Бізде билік тарапынан осы даталарға деген өркениетті, шын мәнінде құрметтеушілікпен қарауға тиіс көзқарас қалыптаспаған. Құдды бір нәрседен қорқатын сияқты. Қорықпау керек. Керісінше билік осы күндері қаза тапқандарға елмен бірге тағзым етіп, тиісті іс-шаралар атқаруы тиіс. Өкінішке қарай, биліктің оған саяси өресі жетпей отыр. Әйтпесе нағыз демалыс жыл аяғында болмаушы ма еді, – дейді Әміржан Қосанов.

«ЖЕЛТОҚСАНДАҒЫ САЯСИ ОҚИҒАЛАРДЫҢ ЕШ ҚАТЫСЫ ЖОҚ»

Бірақ студенттерін тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында демалысқа жіберіп жатқан оқу орындарының бірі – қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің жетекшісі Гүлзия Акрашқызы мұның еш саяси астары жоқ екенін айтты.

– Тәуелсіздік күніне орай студенттерді бір аптаға үйлеріне жіберіп алу – университетте бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Студенттер үйлеріне барып төлем ақшаларын алып келеді, – деді Гүлзия Акрашқызы.

Ол студенттері желтоқсанның 10-ынан 17-сіне дейін демалып келіп, осы айдың 27-сіне дейін қысқы сессияларын тапсырып бітіп, қаңтардың 10-ына дейін қайта демалысқа кететінін мәлімдеді.

Ал қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттері каникулға ертең, желтоқсанның 10-ы күні кетіп, Алматыға қаңтардың 5-інде бір-ақ оралмақ. Бұл университеттің академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің қызметкері Еділ Шөкібайұлының айтуынша, студенттері емтиханды каникулдан келген соң тапсырады да, ары қарай оқуларын жалғастырып кетеді.

Желтоқсан айында болған саяси оқиғалардың акедемиялық демалысқа ешқандай қатысы жоқ.

– Бізде сессия үш апта. Студенттер мерекенің алдында ертерек ауылдарына барып, жаңа жылды тойлап бір-ақ келсін деген ниет қой. Әйтпесе желтоқсан айында болған саяси оқиғалардың акедемиялық демалысқа ешқандай қатысы жоқ, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры студенттері желтоқсанның 11-інен қаңтардың 1-іне дейін демалатынын растады.

– Студенттер қысқы сессиясын уақытында тапсыру үшін күзде сабақты он күн бұрын, тамыздың 20-сында бастаған. Қазір студенттер жоспар бойынша белгіленген тақырыптарын меңгеріп, қысқы емтихандарын тапсырып жатыр, – деді университет өкілі.

Азаттық тілшісі жоғары оқу орындарының желтоқсан айының ортасынан-ақ студенттерін каникулға жіберу себебін білім және ғылым министрлігінен де сұрап көрді. Министрліктің жазбаша түрде ғана ресми жауап беруге құқылы екенін ескертіп, аты-жөнін атамауды өтінген өкілі: «Студенттерді академиялысқа демалысқа жіберу мәселесіне 100 пайыз білім министрлігінің қатысы жоқ, ол – жоғары оқу орындарының ішкі мәселесі» деп түсіндірді.

Алматыдағы жоғары оқу орындары 2012 жылдан бері желтоқсанның 10-ынан кейін студенттерін демалысқа жіберу үрдісін бастаған.

XS
SM
MD
LG