Accessibility links

Сот Байдалинованы босатуға үкім етті


Nakanune.kz сайтының редакторы әрі меншік иесі Гузяль Байдалинова. Алматы, 13 мамыр 2016 жыл.
Nakanune.kz сайтының редакторы әрі меншік иесі Гузяль Байдалинова. Алматы, 13 мамыр 2016 жыл.

Nakanune.kz сайтының редакторы әрі меншік иесі Гузяль Байдалинова шартты жаза алып шықты. Онымен бірге сотталған Тайыр Қалдыбаевтың үкімі ол қайтыс болған себепті күшін жойды.

Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы Nakanune.kz оппозициялық сайтында «Қазкоммерцбанк» туралы тапсырыспен жасалуы мүмкін делінген мақалаларды жариялаған деген айыппен сотталғандардың шағымын қарай келе, Алмалы аудандық сотының бұған дейін шығарған үкімін өзгертті.

Бүгін апелляциялық сот алқасы Nakanune.kz сайтының редакторы әрі меншік иесі Гузяль Байдалинованы бір жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы сот тағайындаған жазаны шартты мерзімге ауыстырды. 2015 жылғы желтоқсан айынан бері қамауда отырған Байдалинова, апелляциялық сот қаулысына сәйкес дереу бостандыққа шықты. Сот шешімі бойынша, Гузяль Байдалинова Алматы қаласы аумағынан шықпауы тиіс және полиция бақылауында болады.

ВИДЕО: Гузяль Байдалинова қамаудан шықты

Апелляциялық сот отырысы Гузяль Байдалинованың қатысуынсыз өтті. Байдалинованың адвокаты Инесса Кисилева апелляциялық соттың шешіміне қанағаттанатынын білдіріп, соттан Байдалинованы толық ақтауды сұрағанын айтты.

Ал прокурор сот алқасынан Тайыр Қалдыбаевқа қатысты істі оның қазасына байланысты доғаруды, ал Гузяль Байдалиноваға шығарылған үкімді күшінде қалдыруды сұраған.

Алматылық кәсіпкер Тайыр Қалдыбаевтың 2016 жылы шілденің 5-і күні "түрмедегі камерада асылып тұрған жерінен табылғаны" хабарланған.
Алматылық кәсіпкер Тайыр Қалдыбаевтың 2016 жылы шілденің 5-і күні "түрмедегі камерада асылып тұрған жерінен табылғаны" хабарланған.

Апелляциялық сот алқасының қаулысына сәйкес, аудандық сот үкімімен "Қазкоммерцбанкті" қаралайтын мақалалар жариялауға тапсырыс берген деп танылған кәсіпкер Тайыр Қалдыбаевтың үкімі күшін жойды. Сот Қалдыбаевтың қазасына байланысты бұған дейін оның үстінен қозғалған қылмыстық істі доғару туралы қаулы қабылдады.

Кәсіпкер Тайыр Қалдыбаевтың жансыз денесі 5 шілде күні Алматыдағы тергеу абақтысының камерасында асулы тұрған күйі табылған. Алдын ала ресми мәлімет бойынша, ол өзіне өзі қол жұмсаған. Бұл оқиғадан кейін "Қазкоммерцбанктің" мәлімдеуінше, кәсіпкер Тайыр Қалдыбаев "банкке толық материалдық шығынды өтеген". Банктің таратқан мәлімдемесінде Қалдыбаев берген 144 миллион 235 мың теңгені қайта отбасына беру туралы шешім шығарғаны айтылған.

Оның алдында, 24 маусымда "Қазкоммерцбанк" Алматы қалалық сотына Байдалинованың жазасын жеңілдеріп, бас бостандығынан айырмауды сұрап өтініш жазған.

Тайыр Қалдыбаевтың адвокаттары мен марқұмның жесірі комментарий беруден бас тартты.

ВИДЕО: Азаттықтың соттан тікелей хабары

Айыптау қорытындасы бойынша, Таир Қалдыбаев "Казкоммерцбанкті" қаралайтын 40-тан астам мақалаға тапсырыс берген. Ол "Деловая неделя" газетінің бас редакторы Махамбет Әуезовпен ымыраласып, журналист Рафаэль Балғин арқылы бұл мақалаларды Байдалинова басқаратын Nakanune.kz сайтында және Ирина Петрушова басқаратын "Республика" сайтында жариялатқан. Мақалалардың қаламақысын Қалдыбаев Балғинге Әуезов арқылы беріп отырған. Ал Балғин ақшаны Байдалиноваға Анатолий Иванов атты журналист арқылы жіберіп тұрған-мыс.

Тергеушілер Байдалинованың ақшаны басқа бір делдал арқылы Петрушоваға жеткізгенін айтады. Петрушованың үстінен бөлек қылмыстық іс қозғалған.

Рафаэль Балғин мен Махамбет Әуезов әуелі күдікті ретінде қарастырылып, кейін тергеушілер алдында ашық мойындап жауап бергесін куәгерлерге айналған.

23 мамырда Алмалы аудандық соты жалған ақпарат таратқан деп айыпталған Тайыр Қалдыбаевты төрт жарым жылға, ал Гузяль Байдалинованы – бір жарым жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен.

Гузяль Байдалиновоның жақтастары журналисті "Казкоммерцбанк" туралы мақалалар үшін емес, 15 жылдан астам уақыт оппозициялық БАҚ-та жұмыс істегені үшін соттады деп есептеген.

XS
SM
MD
LG