Accessibility links

Алматыда бұрынғы КГБ басшысы Зақаш Камалиденовті жерледі


Зақаш Камалиденовпен қоштасу рәсімінде марқұмның суретін ұстап тұрған сарбаз. 10 мамыр 2017 жыл.

Алматыда Қазақ ССР кезінде басшы қызметтер атқарған Зақаш Камалиденовті соңғы сапарға шығарып салды. Ол мамырдың 7-сі күні 80 жасқа қараған шағында Алматыда қайтыс болған.

Зақаш Камалиденовті жерлеу рәсімі мамырдың 10-ы күні Алматыдағы Офицерлер үйінің алдында өтті. Кезінде Қазақ ССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетін, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төралқасын басқарған Зақаш Камалиденовті ақтық сапарға шығарып салу шарасын «Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті ардагерлері» ұйымы ұйымдастырған. Жерлеу рәсіміне марқұммен бірге совет кезінде коммунистік партияның жоғары басшылығында қызмет еткен ардагерлер, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысты.

Зақаш Камалиденовпен қоштасу рәсімінде табыт жанында тұрған құрметті қарауыл. Алматы, 10 мамыр 2017 жыл.
Зақаш Камалиденовпен қоштасу рәсімінде табыт жанында тұрған құрметті қарауыл. Алматы, 10 мамыр 2017 жыл.

1991 жылдан кейін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төрағасы қызметін атқарған Серікболсын Әбділдин Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшылығынан Геннадий Колбин кетер тұста «Зақаш Камалиденовті Қазақстанның болашақ басшысы болуы мүмкін» деген болжамдар болғанын айтады. Серікболсын Әбділдин оны «шыншыл адам болды» деп сипаттайды.

Оның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін биліктен кеткен Зақаш Камалиденов кейінгі саяси оқиғаларға баға беріп отырған, кей кездері көңілі толмайтынын айтқан. Бірақ пікірлерін жария еткісі келмеген.

Зақаш Камалиденовпен бірге қызмет істегендердің бірі тарихшы Бейбіт Қойшыбаев та жерлеу рәсіміне қатысты. Ол марқұмды «партияның адал қызметкері» деп сипаттайды. Кей деректерде Алматыда 1986 жылғы желтоқсанда Қазақ ССР-ін басқаруға Геннадий Колбинді жіберген Мәскеудің шешіміне қарсылық білдіріп алаңға шыққан қазақ жастарының шеруін күшпен басқан соң, кейін оларды қудалауға қатысқандардың арасында Зақаш Камалиденовтің де есімі аталады.

- «Жоғары оқу орындарында қазақ студенттерінің саны көбейіп кеткен, сондықтан түрлі ұлт өкілдерінің жоғары оқу орындарында оқитын студенттерінің пайызын белгілеу қажет» деген пікірлерді Зақаш Камалиденов айтты делінеді. Бірақ оны әлі де зерттеу керек болар. Өйткені оның сол кездегі советтік басшылық солай деуге мәжбүрлеген сияқты, - дейді Бейбіт Қойшыбаев.

Зақаш Камалиденов Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Алматы, 17 қаңтар 2012 жыл.
Зақаш Камалиденов Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Алматы, 17 қаңтар 2012 жыл.

Биліктен кеткен соң ұзақ жылдар бойы баспасөзге сұқбат беруден тартынып келген Зақаш Камалиденов 2011 жылғы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасынан соң Азаттық тілшісіне​ сұхбатында Жаңаөзен оқиғасы кезіндегі Қазақстан билігінің әрекетін сынаған.

Зақаш Камалиденов 1936 жылы Қазақ ССР-і Гурьев (қазіргі Атырау) облысында туған. Мәскеу институтын мұнайшы-инженер мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін өндірісте жұмыс істеген. 1959 жылы комсомол қызметіне шақырылған ол Қазақстан комсомолы орталық комитеті жетекшісіне дейін өскен. 1979 жылдан бастап КГБ-ға қызметі ауысқан Камалиденов генерал дәрежесіне дейін көтеріліп, Қазақ ССР-і КГБ төрағасы болған. 1985-1988 жылдар аралығында Қазақ ССР компартия орталық комитетінің хатшысы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы болып қызмет атқарған.

ВИДЕО: Зақаш Камалиденовті жерледі

Зақаш Камалиденовті жерледі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Митинг өтпеген күнгі жаппай ұстаулар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:13 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG