Accessibility links

Амнистияны айтқанда 174-бап та, Украина да сөз болды


Қазақстан бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель (оң жақ шетте) журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 2 желтоқсан 2016 жыл.

Парламент мәжілісі рақымшылық туралы заң жобасын қарай бастады. «Жерге қатысты митингілерге бола сотталғандарға да кеңшілік жасалса» деген ұсыныс қолдау таппады.

«Қазақстан республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жариялау туралы» заң жобасын талқылауға парламент мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшелері, прокурорлар, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі мамандары, тағы басқа ведомстволар мен азаматтық қоғам өкілдері өкілдері қатысты.​

«1500 АДАМ БОСАП, 5000 АДАМНЫҢ ЖАЗА МЕРЗІМІ ҚЫСҚАРАДЫ»

Амнистия жариялау туралы заң жобасын Қазақстан бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель таныстырды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында сегіз рет рақымшылық жасалғанын айтқан Иоган Меркель биылғы шараның ерекшеліктеріне тоқталды.

– 2014 жылғы қылмыстық кодекс рақымшылықты ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға қолдануға мүмкіндік берді. Бірақ толықтай босату емес, сот белгілеген жаза мерзімін қысқарту тұрғысында. Рақымшылыққа қылмыстық әрекет пен ауыр емес қылмыс жасағандар ілінеді. Олар жазасын өтеуден толық босатылады, жүріп жатқан істер тоқтатылады. Екінші категория – орта деңгейдегі қылмыс жасағандардың әлеуметтік әлсіз топтары (әйелдер, мүгедектер, кәмелет жасына толмағандар, егде жастағылар және тағы басқалары жаза өтеуден босатылады, – дейді Иоган Меркель.

Мәжілістің рақымшылық туралы заң жобасын қарап отырған жұмыс тобы. Астана, 2 желтоқсан 2016 жыл.
Мәжілістің рақымшылық туралы заң жобасын қарап отырған жұмыс тобы. Астана, 2 желтоқсан 2016 жыл.

Бас прокурор орынбасарының сөзінше, пробациялық бақылауда жүрген және шартты жазаға кесілген адамдарға да рақымшылық жасалмақ. Орта деңгейдегі қылмыс категориясы бойынша сотталғандарға жазаны айыппұл төлеумен бас бостандығын шектеуге алмастыру қаралған.

Прокуратура дерегінше, рақымшылық шарасымен түрмелерден шамамен 1 мың 500 адам босап, 5 мың сотталушының жаза мерзімі қысқартылмақ. Оған қоса бас бостандығынан айыру жазасына қатысы жоқ (бас бостандығы шектелген) 18 мың адамға рақымшылық жүргізу қаралмақ.Меркельдің сөзінше, қазір Қазақстанда тергеу абақтысындағыларды қоса есептегенде барлығы 36 мың адам қамауда отыр.

«БІЗДЕ УКРАИНАДАҒЫДАЙ БОЛСЫН ДЕЙСІЗ БЕ?»

Жиын барысында саясаттанушы Ерлан Сайыров рақымшылық туралы заң жобасында «көктемде өткен жерге қатысты митингілерден кейін сотталған белсенділердің (Макс Боқаев пен Талғат Аян) жайы, әкелі-балалы журналистер Сейітқазы мен Әсет Матаевтар мәселесі ескерілсе» деген ұсыныс айтты.

– Қоғамның басым бөлігі жер митингілеріне қатысқандар мен әкелі-балалы Матаевтарға байланысты әлдеқандай қадам күтеді. Гуманизм актісі осыларға байланысты да сақталса екен деген жұрттың көбінің қалауын депутаттар ескерсе екен, – дейді Ерлан Сайыров.

Саясаттанушы Ерлан Сайыров. (Сурет Facebook парақшасынан алынды).
Саясаттанушы Ерлан Сайыров. (Сурет Facebook парақшасынан алынды).

Саясаттанушының бұл ұсынысына байланысты бас прокурор орынбасары Иоган Меркель де, мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мүшелері де ештеңе айтқан жоқ.

Сәлден кейін көктемгі митингілерге қатысқаннан кейін сотталған азаматтардың жағдайын «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту» қорының өкілі Қайрат Есімжанов та сөз етті.

– Заң жобасын әзірлеуде Қазақстанның азаматтық және саяси құқықтары туралы, жиын еркіндігі жайлы халықаралық міндеттемелері ескерілді ме? – деп сұрады Қайрат Есімжанов бас прокуратура өкілінен.

Бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель одан «қылмыстық кодекстің 174-бабы («әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, қауымдық немесе діни алауыздықты қоздыру») туралы жазаланған адамдарды айтып отырғанын» анықтап сұрап алды да, жауап берді.

...дамып отырғанымыз тек мемлекеттің ішкі тұрақтылығының, ұлтаралық татулықтың арқасы екенін түсінеміз. Сіз бізде де Украинадағыдай болсын дейсіз бе?
Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель.

– Бәріміз де экономикалық және басқа әлеуметтік тұрғыда дамып отырғанымыз тек мемлекеттің ішкі тұрақтылығының, ұлтаралық татулықтың арқасы екенін түсінеміз. Сіз бізде де Украинадағыдай болсын дейсіз бе? Жауап бермей-ақ қойыңыз. Бірақ сөзіңіздің астарын түсіндім. Халықаралық міндеттемелеріміздің, митингілер мен шерулер туралы заңның және рақымшылық актісінің бір-біріне еш қатысы жоқ, – деді Иоган Меркель.

«Атыраулық белсенділер Боқаев пен Аян сияқты 174-бап бойынша да сотталғандар рақымшылыққа іліне ме?» деген сауалға мәжіліс депутаты,рақымшылық туралы заң жобасын қарайтын жұмыс тобының жетекшісі Нұрлан Дулатбеков екіұшты жауап берді.

– Оны қарау керек қандай бап екендігін. Яғни 174-бап ауыр қылмыстарға жата ма, жатпай ма – соны байқауымыз керек, – деді депутат.

Ал бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель жиыннан соң журналистер сұрақтарына жауап берген кезінде атыраулық белсенділерді 5 жылға соттауға негіз болған айыптардың кейбірі – «араздық тудыру» мен «митинг өткізу тәртібін бұзу» айыптары рақымшылыққа ілінбейтін қылмыстар тізімінде екенін нақтылап айтты. Оның сөзінше, «терроризм туралы жалған ақпарат тарату», «жалған ақша жасау», «педофилия», «терроризм», «экстремизм», «кісі азаптау», «қайыра қылмыс жасау» айыптарымен сотталғандар да, өлім жазасы өмірлік түрме жазасына ауыстырылған азаматтар да рақымшылықтан үміттене алмайды.

«Қазақстан Республикасының 25 жылдығына байланысты рақымшылық жариялау туралы» заң жобасын парламентке қарашаның 29-ында президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған. Елде бұған дейін рақымшылық 2011 жылы – Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты жарияланып, ол кезде 16 мыңнан астам адам амнистияға іліккен.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG