Accessibility links

«Экологиялық дағдарысқа жақындаған аймақтағы» төлем дауы


«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының Жаңажол кенішіне вахталық әдіспен қатынап еңбек ететін жұмысшылары экологиялық төлемнің көлемі азайғанына наразылық танытып тұр. Ақтөбе, 27 маусым 2017 жыл.
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының Жаңажол кенішіне вахталық әдіспен қатынап еңбек ететін жұмысшылары экологиялық төлемнің көлемі азайғанына наразылық танытып тұр. Ақтөбе, 27 маусым 2017 жыл.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының Жаңажол кенішіне вахталық әдіспен қатынап еңбек ететін ондаған жұмысшысы Ақтөбе қаласына жиналып, экологиялық өтем төлеуді талап етті. Наразы жұмысшылардың барлығы - Арал экологиялық апат аймағы тұрғындары. Мұнай компаниясы министрлік түсініктемесіне сүйеніп, өтемнің жұмысшылар талап еткеннен басқа тәртіппен төленетінін айтады.

Маусымның 27-сі күні Ақтөбеге жиналған «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының ондаған жұмысшысы Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтар санатына жататындарын айтады. Олар Арал өңіріндегі экологиялық қасірет аумағына жататын Ақтөбе өңірінің Шалқар ауданы мен Қызылорда облысы Арал ауданының Арал қаласы және Сексеуіл ауылынан келгендерін мәлімдеді.

Жиылған наразы жұмысшылардың «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясына қоятын бір ғана талабы бар. Ол – Арал өңіріндегі экологиялық апат және экологиялық дағдарыс аймағында тұрғандары үшін еңбек ақыларына қосылатын 1,5 коэффициентті төлеу.

ЖҰМЫСШЫЛАР ШАҒЫМЫ

Наразы жұмысшылар «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңның 13-бабына сәйкес 2017 жылдың ақпан айына дейін жұмыс орындарынан қосымша өтем алып келгендерін, оның жалақыларының 50 пайызына (1,5 коэффициенті) тең болғанын, кейін бұл өтемнің 20 пайыз болып (1,2 коэффициенті) азайып қалғанын» айтады. Жұмысшылардың сөзінше, «20 пайыздық қосымша өтем - экологиялық апат және экологиялық дағдарыс аймағы тұрғындарына емес, экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақ тұрғындарына, яғни Жаңажолда жұмыс істегендері үшін берілетін төлем».

50 пайыздық төлемді алып тастап, 20 пайызды қалдырғалы 105 мыңға жетер-жетпес жалақы алып жүрмін. Жағалай қымбатшылық. Айлығым айдан айға жетпейді.

- Бұрын мен 4-разрядты электромонтер ретінде 115 –120 мың теңге алатынмын. 50 пайыздық төлемді алып тастап, 20 пайызды қалдырғалы 105 мыңға жетер-жетпес жалақы алып жүрмін. Жағалай қымбатшылық. Айлығым айдан айға жетпейді, - дейді мұнайшы Ерлан Әбдіғалымов.

Мұнайшылар «қытайлық инвесторлар 50 пайыздық экологиялық өтемді төлеуді биыл ақпанда тоқтатарда» аздап қысым жасағанын да айтады. Экологиялық апат аймағына жататын Ақтөбе облысындағы Шалқар қаласында тұратынын айтқан «СНПС-Ақтөбемұнайгазға» қарасты «Октябрь» мұнай-газ басқармасы жұмысшысы Ерлан Әбдіғалымов:

- Бізге төлемнің тоқтатылатыны туралы алдын ала ескертілді. «Бес күн ішінде жаңа келісімшартқа қол қоймасаңдар, жұмыстан кете беріңдер» деді. Мойнымызда несиеміз бен бала-шағамыз болғандықтан, лажсыздан қол қойғанбыз. Бірақ жалақымыздың азайғанынан әбден қиналып кеттік. Ақпан айынан бері шағым айтып бармаған жеріміз жоқ, - дейді.

ВИДЕО: «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» жұмысшыларының экологиялық төлем азайғаны туралы шағымы

"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" жұмысшылары экологиялық төлем талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:36 0:00

Мұнайшы Марат Жолдасбаев та наразылық жиынына Шалқар қаласынан келген. Оның сөзіне қарағанда, «20 жылдан бері «Октябрь» мұнай-газ басқармасында слесарь болып еңбек етіп келеді». Үш баланың әкесі «экологиялық төлем тоқтатылғалы жалақысы 30 мың теңгеге азайып қалғанын» айтады.

Арал өңірі

Арал өңірі

​Арал өңірі - қазақ-өзбек шекарасында орналасқан, қазір құрғап қалған көл табаны. 1960 жылдардан бастап Арал теңізі суалып, 1980 жылдары Үлкен және Кіші Арал болып екіге бөлінді. 2000 жылдары Үлкен Арал түгел дерлік құрғап қалды. Кей мамандар Арал теңізінің құрғауын СССР-дің Орталық Азияда ауыл шаруашылығын тиімсіз жүргізуінен - Әмудария мен Сырдария суын егістіктерге бұруынан көреді.

2012 жылғы сурет.
2012 жылғы сурет.

1992 жылы қаңтарда Арал өңірінің Қазақстан бөлігін үкімет экологиялық қасірет аймағы деп жариялады. Қазақстан заңдарында Арал төңірегінің шөл далаға айналғаны және осы аймақты мекендеген тұрғындардың тіршілік жағдайының нашарлағаны, ауру-сырқау көбейгені жазылған. Сол жылы жазда Қазақстан экологиялық апат аймағында тұратын халықты әлеуметтік қорғау туралы заң қабылдады.

- Көк шаңның ортасында 15 күн жүріп келесің. Алған жалақың еңбегіңе тұрмайды, - деп налиды ол.

Шалқардан келген тағы бір наразы мұнайшы Шамиль Тухватуллин де төленетін жалақының «азайып кеткеніне» ренішті.

- 1997 жылы «Ақтөбемұнайгазды» қытайлық инвесторлар алған кезде жағдайымыз жақсарады деп үміттенгенбіз. Бірақ күткеніміздей болмады. Сол жылдары біздің жалақымыз 600 АҚШ долларына тең болатын, қазір – 300 доллар. Сол жылдары баррелі 12 доллар болған мұнайдың бағасы қазір 50 доллар. Бірақ біз оның игілігін көріп жатқанымыз жоқ, - деді ол.

Экологиялық төлемнің 1,5 коэффициенті 1,2 коэффициентке ауыстырылғаннан кейін жұмысшылар «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» басшылары мен прокуратураға, еңбек инспекциясына шағымданғандарын» айтады.

БИЛІК ӨКІЛДЕРІНІҢ МӘЛІМЕТІ

Ақтөбе облысы еңбек инспекциясы басшысы Мирболат Райымқұловтың Азаттық тілшісіне айтуынша, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы 2017 жылғы ақпан айына дейін экологиялық апат аймағында тұратын 403 жұмысшысының жалақысына 50 пайыздық үстеме төлеп келген. Одан бөлек, осы жұмысшыларына экологиялық апат аймағы тұрғындарына берілетін 12 күндік ақы төленетін қосымша демалыс беріп отырған.

Мирболат Райымқұловтың ақпаратына қарағанда, компания бұрын 1,5 коэффициентін экологиялық апат аймағында тұратын жұмысшыларына ғана төлеп келген, ал Жаңажол орналасқан экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймаққа тиесілі 1,2 коэффициенті басқа жұмысшыларға төленбеген. Еңбек инспекциясының басшысы «қытайлық инвесторлардың биыл ақпан айынан бастап экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймаққа жататын Жаңажолда жұмыс істеп жүрген 2152 адамға түгел экологиялық өтем төлей бастағанын» айтады. Яғни, мұндағы барлық жұмысшылардың жалақысына 20 пайыздық үстемақы қосылып, 1,5 коэффициентін алып келген 403 жұмысшы солардың қатарына жатқызылған. - Ақтөбе облысында Арал экологиялық апат аймағына кіретін төрт аудан бар. Соның бірі - Шалқар экологиялық апат зардабын тартып отырған аудан. Темір, Байғанин мен Мұғалжар аудандары болса, экологиялық апат алдындағы (экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған – ред.) аудандар. Бірақ шалқарлықтарға экологиялық апат аймағында тұрып қана қоймай, сол жерде жұмыс істеген жағдайда ғана 1,5 коэффициент тиесілі болар еді. Ал олар еңбек етіп жүрген Мұғалжар ауданындағы Жаңажол кеніші – экологиялық дағдарыс алдындағы аумақ. Екеуінің статусы екі басқа. Демек, оларға да Жаңажолдағы өзге жұмысшылар сияқты 1,2 коэффициент қана тиесілі, - дейді Мирболат Райымқұлов.

ИНВЕСТОР УӘЖІ

Азаттық тілшісі мәселенің жай-жапсарын білу мақсатында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамына да сауал жолдаған еді. Компаниядан келген жауапта «экологиялық төлем мөлшерін өзгертпес бұрын «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласып, заң талаптарын түсіндіріп беруді өтінгені» жазылған.

Қазақстандағы Қытай мұнайшысы. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы Қытай мұнайшысы. (Көрнекі сурет)

Компания «Министрлік бізге нақты түсініктеме берді. Ол түсініктемеде егер жұмысшылар экологиялық апат аймағында тұрып, бірақ іс жүзінде вахталық әдіспен экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақта жұмыс істесе, онда жалақыға қосылатын үстемақы төлеу мен ақылы демалыс беру және материалдық көмек көрсету экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақ бойынша жүргізілетіні айтылған. Сондықтан қазір «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймаққа жататын Байғанин, Мұғалжар, Темір аудандарында вахталық әдіспен және бес күндік жұмыс аптасы бойынша жұмыс істейтін барлық жұмысшыларының жалақысына 20 пайыздық үстеме қосып отыр» деп жазады.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы «жұмысшылар құқығы бұзылмағанын» хабарлайды. Компанияның баспасөз қызметі «жұмысшылар шағымынан кейін бізді Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы басқармасы да тексеріп, ешқандай заң бұзушылық таба алмады» деп жазады.

Қазақстанның Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы заңында экологиялық қолайсыз аумақты экологиялық апат аймағы, экологиялық дағдарыс аймағы, экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақтарға бөлген және бұл аймақтардағы тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік қорғау шараларының түрлі шамалары жазылған.

XS
SM
MD
LG