Accessibility links

Алматы пейзажының лиригі


Нұрлан Әбішевтің "Алматыдағы қыс" суреті
Нұрлан Әбішевтің "Алматыдағы қыс" суреті

Қазіргі Алматыны Нұрлан Әбішевтің пейзаж картиналарынсыз елестету мүмкін емес. Суретші қалаға деген сүйіспеншілігін қыздарына деген әкелік махаббаты оятты деп түсіндіреді.

Алматының табиғатын жыл он екі ай бақылап, кенепке түсіріп жүрген 43 жастағы Нұрлан Әбішевтің мамандығы – дизайнер, Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген. Бірақ қазір Қазақстанда ол кескіндемеші, график, киносуретші, мүсінші ретінде танымал. Бұған қоса, оның абстрактылы бейнелеу жанрында салынған картиналары да бар.

- 10 жыл бұрын тұңғыш қызым дүниеге келді. Сол кезде "бұл – қызым дүниеге келген, өмір сүретін қала" деген ой туып, Алматыға деген көзқарасым өзгерді. Бұрын күнде көріп жүрген үйлер, көшелер мүлде басқаша әсер ететін болды. Енді жалғыз емеспін, мына дүниеде менің де бір бөлшегім бар деген сезімнің жетегінде жүріп қала пейзажын сала бастадым. Негізі, сурет салуға деген әуестігім тұңғыш қызым дүниеге келгеннен кейін оянды, - дейді ол.

Нұрлан Әбішевтің "Алматы" атты суреті
Нұрлан Әбішевтің "Алматы" атты суреті

Нұрлан Әбішев тұңғыш қызы дүниеге келгеннен кейін өзін Алматының бір бөлшегі деп сезіне бастағанын айтады. Суретші сүйікті мекеніне айналған қаланың көктемгі нөсер жаңбырдағы, қар басқан қыс мезгіліндегі, жазғы аптап ыстықтағы, маужыраған түндегі бейнесін салады.

СУРЕТШІНІҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТҰЖЫРЫМДАРЫ

Суретшінің философиялық ой-тұжырымдары да ерекше. Мысалы, пісіп, сабағынан үзіліп, жерге түсетін алманы жаңа туған, кіндігі кесілген балаға теңейді.

"Күз. Алматы". Автор - Нұрлан Әбішев
"Күз. Алматы". Автор - Нұрлан Әбішев

- Сосын екінші қызым дүниеге келді. Өмірге деген көзқарасым сәл өзгеріп, мына дүниеге философиялық тұрғыдан ой жүгіртетін, қилы тақырыптар жайлы ойланатын болдым. Мысалы, қыс пен көктемнің арасындағы шекара жайлы. Қар еріп, қыс біртіндеп ығысып, көктемге жол береді. Немесе күз бітіп, қыс келеді. Бұл құбылыстың сыры неде? Меніңше, ол мынада: мысалы, көктемде алма болмайды ғой. Бірақ ол көктемде көрінбегенімен, ағаштың ішіндегі шырында болады. Әлгі шырын біртіндеп алма пішініне айналады. Алма ағаш бойындағы шырынға әбден қанығып, толысып, үзіліп жерге түседі. Бұл алманың ағашқа "шырынға тойдым", ал ағаштың "бойымдағы бүкіл шырынымды бердім" дегені. Яғни дүниеге жаңадан келіп, кіндігі кесілген бала тәрізді. Сол сияқты күз аяқталып, қыс басталады. Алма ағашы мен оның жемісінің жаратылу философиясына салсақ, бұл жерде де қыс күздің ішінде жетіледі. Ал мезгілі жеткенде сабағынан үзіліп түскен алма сияқты ол да "дүниеге келеді". Міне, осы шекараны бояудың түсі арқылы көрсеткім келеді. Күз, қыс көріністеріне көп сурет салатыным сондықтан. Кейде көшеде келе жатып ғажайып әдемі көріністерді көріп қаламын. Аспандағы бұлттар үйге ұқсап кетеді. Сен көрген сол бұлттың, күннің пішіні ешқашан қайталанбайды ғой. Осылайша күннің елесін естелік етіп қалдырғым келеді, - дейді суретші.

Нұрлан Әбішев пейзаж-картиналарында жылдың төрт мезгілінде ерекше құлпырып кететін Алматының көркін бейнелейді. Ол әр мезгілдің қайталанбас көрінісін кенеп бетінде қалдыруға тырысады. Суретші картиналарындағы қарға шомылған бақтар мен ғимараттардан қыстың ызғары, ал бүршік жарған ағаштар мен бусанып жіби бастаған жерден көктем лебі, жасыл желектерден, қызылды-жасылды гүлдерден жаздың аптабын, жапырақтары сарғая бастаған ағаш-бұтақтардан алтын күздің демі сезілгендей болады.

"ЛӘҢГІ ТЕПКЕН БАЛАЛАР"

42 жастағы Нұрлан Әбішевтің туындыларының арасында ауыл тұрмысын бейнеленген суреттер де бар. Мысалы, "Асық ойнаған балалар" және "Ләңгі тепкен балалар" деген картиналарында балалардың алаңсыз ойыны асқан шеберлікпен бейнеленген. Әлгі суреттерге қарап тұрып балаларға қосылып ойнап кеткің келеді.

"Ләңгі тепкен балалар". Автор - Нұрлан Әбішев
"Ләңгі тепкен балалар". Автор - Нұрлан Әбішев

Ал "Қымыз мейрамы" картинасын жайлауға арналған гимн деуге болады. Өзі де ауылда өскендіктен, суретші ауыл тұрмысын жақсы біледі.

- Балалық шағым ауылда өтті. Алматыға мектепте оқып жүргенде көштік. Ауыл мектебінде де, қала мектебінде де оқыдым. Сондықтан ауылдың да, қаланың да тұрмысын жақсы білемін, - дейді қылқалам шебері.

Алматы пейзажының лиригі Нұрлан Әбішев жайлы аудиохабар:

ӨШПЕС АЛҒАШҚЫ МАХАББАТ

Суретшінің балалық шағы ауылда өткендіктен, оған жабайы табиғат етене жақын. Сондықтан Алматыдан 80 километр жерде орналасқан Шарын шатқалына жыл сайын барады. Ғасырлар бойы әбден нығыздалып, тасқа айналған қызғылт сары түсті жалаңаш шатқалдың көрінісін салады. Оның "Шарын шатқалы" картинасы 2011 жылы Нью-Йоркте өткен SPRING IN FULL COLOR ("Құлпырған көктем") халықаралық көрмесінде "Реализм" категориясы бойынша күміс медальмен марапатталған.

"Шарын шатқалы". Автор - Нұрлан Әбішев
"Шарын шатқалы". Автор - Нұрлан Әбішев

- Шарын шатқалы – өте әсем жер. Ол жаққа жыл сайын жазда сурет салуға барамын. Каньон маған Жердің бетіндегі алып тыртық сияқты көрінеді. Оның суретін салғанды жақсы көремін. Ал түнемеге барсаңыз, жел тура айдаһар сияқты түні бойы бір тынбай уілдеп тұрады.

Бродвейдегі ASA Art Gallery өнер галереясы New York Realism Fine Art ұйымы және Нью-Йорк өнер академиясының қолдауымен SPRING IN FULL COLOR атты халықаралық көрме ұйымдастырған. Сол көрмеде Нұрлан Әбішевтің "Мен сені сағынғанда" атты картинасы "Лирика" категориясы бойынша алтын медаль алды. Суретші оны салуға қазақтың лирик ақыны Мұқағали Мақатаевтың "Мен сені сағынғанда" әні түрткі болғанын айтып, "Кезінде өзім ғашық болған қызды ойлап, сағыныштан туған сурет" деп мойындайды.

"Мен сені сағынғанда". Автор - Нұрлан Әбішев
"Мен сені сағынғанда". Автор - Нұрлан Әбішев

АСЫҚТАН – АРҒЫМАҚ, ХРУСТАЛЬДАН – БАРЫС

2012 жылғы тамызда Қазақстанға Нұрлан Әбішевтің есімі тағы бір елеулі туындысымен танылды. Ол "Евразия" аталатын тұлпар мүсінін қойдың асығынан жасап шықты.

- Бұл Нұрлан Әділхан деген нағашымның идеясы болатын. Сол кісі екеуміз жасадық. Мүсінді "Еуразия" деп атаған себебіміз – асықтарды Еуразия аймағынан – Ресей мен Қазақстаннан жинадық.Мүсінді жасауға жиыны тоғыз мың асық кетті. Қазақта "Асығың алшысынан түссін" деген де жақсы сөз бар. Сондықтан мүсіндегі тоғыз мың асықтың бәрі алшысынан қойылды. Оны Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту ретінде жасадық. Бес жастағы ойын баласы 20 жылдан кейін ел қорғаны болар азаматқа айналады. Тұлпар мүсінін "Қазақстан тұлпардай жүйрік, еркін болсын" деген ниетпен сомдадық, - дейді ол.

Нұрлан Әбішев асықтан жасалған тұлпардың қасында тұр. 2012 жыл
Нұрлан Әбішев асықтан жасалған тұлпардың қасында тұр. 2012 жыл

Ресей мен Қазақстаннан жиналған асықтардан жасалған тұлпар мүсінін кезінде араб байлары 35 мың долларға сатып алмақ болған. Бірақ Нұрлан Әбішев мүсіннің өз елінде қалғанын дұрыс көріп, сатпай қойған.

- Біріккен Араб Әмірлігінде өткен көрмеде сатып алайық деген бай кісілер болды, бірақ сатқан жоқпын. Сатсам, мүсін жат елге кетіп қалады ғой. Тұлпардың мүсіні Алматыда "Мега", "Есентай молл" сауда-ойын-сауық орталықтарында біраз уақыт тұрды. Қазір "Орталық әмбабап дүкенінде" (ЦУМ) тұр. Оны бір қазақ кісі сатып алып, 70 жылға патент алған.

"Гринпис" жануарларды қорғау ұйымын қарсылығына тап болғандықтан, Нұрлан Әбішевтің асықтан жасаған тұлпары Гинесс дүниежүзілік рекордтар кітабына енбей қалған.

- Қой асығынан жасалған тұлпарды Гинесс рекордтар кітабына енгізу туралы өтініш бергенбіз. Мүсініміз бес позиция бойынша ұтты, бірақ алтыншы позициядан өтпей қалды. Өйткені "Гринпис" табиғатты қорғау ұйымы қарсы болыпты. Олар біз қойларды асығын алу үшін сойды деп ойлап қалыпты. Асықтың ұлттық ойын екенін түсінбеген ғой...

Мүсіншінің тағы бір әйгілі туындысы – 12 мың хрусталь шыныдан жасалған барыс мүсіні. Оны жасау үшін Нұрлан Әбішев бірнеше рет Алматы хайуанаттар бағына барып, барыстың келбетін, жүріс-тұрысын мұқият бақылаған.

- Барыс мүсінін 12 мың хрусталь шыныдан жасап шықтық. Хрустальды Египеттен алдырдым. Барыс – Алматы қаласының символы. Өйткені Алматы тауларында барыс көп жүреді. Мүсінді жасау үшін шынысы өте мөлдір хрустальды таңдадым. Өйткені "барыс – киелі аң, күндіз бір метр жерден өтіп бара жатқанда көрмей қаласың" дегенді бір қарт аңшыдан естігенмін, - дейді шебер.

Нұрлан Әбішев – кино саласында да танылған суретші. Төрт көркем фильмнің бас суретшісі болған. Қазір "Қазақ хандығы" және "Тұмар патшайым" фильмдерінің сюжеттері бойынша сурет салып жатыр.

Иллюстратор ретінде "Төрт бұлт", "Әмина Тұран көшпенділер елінде", "Қазақ ертегілері" және "Айдаһардың ажалы" деген кітаптарды көркемдеген. Былтыр франциялық беделді компаниялардың бірі Нұрлан Әбішевтің абстракт жанрында салынған 11 картинасының көшірмесін жасау құқығына заңды негізде ие болған. Суретшінің әлгіндей туындылары қазір Алматыдағы ірі компаниялардың кеңселерінде ілулі тұр.

Кейінгі жеті жылда Нұрлан Әбішев 360 картина салған, қазір оның 280-нен астамын қазақстандықтардың және шетелде тұратын жерлестердің үйінен кездестіруге болады.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің журналисі Амирбек Азам уулының мақаласынан аударылды.)

XS
SM
MD
LG