Accessibility links

Кісенделген адвокаттың оқиғасы


Адвокат Бауыржан Азанов. Астана, 7 шілде 2016 жыл.
Адвокат Бауыржан Азанов. Астана, 7 шілде 2016 жыл.

Астанада адвокат Бауыржан Азанов сот ғимаратында қолына кісен салған полицейлерді жазаға тарттыруға тырысып жүр. Оның ісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары тоқтатылған. Бүгін Астананың Сарыарқа аудандық соты оның шағымын қабылдамай тастады.

СОТҚА КІРГІЗУ ПОСТЫНДАҒЫ ОҚИҒА

Былтыр қыркүйекте Бауыржан Азанов клиентінің мүддесін қорғау үшін Астанадағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына келген. Ол сот ғимаратының кіре берісінде тұрған ішкі істер министрлігіне қарасты мамандандырылған күзет қызметі басқармасы (МКҚБ) қызметкеріне қызмет куәлігін көрсетіп, судьяның аты-жөнін хабарлаған.

Адвокат өз құқығын қорғауды талап етеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:42 0:00
Жүктеп алу

– Ол куәлігімді ұзақ оқыды, тіпті тесіліп ұзақ қарады. Сосын біреумен телефон арқылы сөйлесті, сосын орнынан тұрып, әлгі посттың жанында ары-бері жүре бастады. Мен одан сот отырысы өтетін залға өткізуін өтіне бастадым. Ол менің өтінішімді елемей (мұны менің видеомнан көріп, естуге болады), сосын посттан мүлде кетіп қалды, – дейді Бауыржан Азанов Азаттыққа.

Сөздерінің растығын дәлелдеу үшін адвокат Facebook желісінде өзінің ұялы телефоны мен сыртқы бақылау камерасында жазылған видеоны жариялаған.

Бұдан кейін оның айтуынша, «турникет арқылы өтуге мәжбүр болған», өйткені ол сот отырысына асыққан. Сол мезетте күзетші жүгіріп келіп, оның қолына кісен сала бастаған.

Ол маған ештеңе айтпастан, турникеттен қайта шығуымды талап етпестен, каморкаға сүйреп кіргізіп, қолыма кісен салып тастады.

– Ол маған мүлде ештеңе айтпастан, яғни турникеттен қайта шығуымды талап етпестен мені жанындағы каморкаға сүйреп кіргізіп, қолыма кісен салып тастады. Мен айқайлап жұртты шақырдым, өйткені қолыма кісен салғаннан кейін ол каморканың есігін жаба бастады. Ол есікті маған жасаған қылығын жұрт көрмесін деген оймен жапқан сияқты, өйткені фойеде көп кісі – отыз шақты адам тұрған, – дейді Бауыржан Азанов.

Адвокаттың айтуынша, оның айғайын естіген сот қызметкері келіп, оны әлгі бөлмеден шығарып алған, бірақ қолындағы кісенді шешпеген. Мұның бәрін оның клиенттері мен сот ғимаратына келген көп адам бақылап тұрған. Адвокаттың айтуынша, сол күні оны сот отырысына сол күйі кіргізбей қойған, сондықтан оны кейінге қалдыруға тура келген, ал өзі кешке дейін – полиция қызметкерлері келіп, полиция бөлімшесіне апарғанға дейін – сот ғимаратында болған. Ал ол жақта оның түсініктеме жазуын талап еткен, бірақ ол бас тартқанын айтады.

Адвокат Бауыржан Азанов (сол жақтан екінші) пен өкілдері қалалық сотта тұр. Астана, 7 шілде 2016 жыл.
Адвокат Бауыржан Азанов (сол жақтан екінші) пен өкілдері қалалық сотта тұр. Астана, 7 шілде 2016 жыл.

Кісенге қатысты әлгі оқиғадан кейін Азанов медициналық көмек көрсетуді өтініп, травмпунктке барған. Ол Азаттыққа медициналық картасы мен дәрігер жазып берген ем-дом шараларын көрсетті. Кісеннен адвокаттың қолдары қатты ісіп кеткен. Травмпунктте қолына гипс салған әрі тағы екі апта қолын лангетамен таңып жүрген.

Адвокат бұған қоса «полиция қызметкерлерінің заңға қайшы әрекеттері фактісі бойынша» Астана ішкі істер департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасына арызданған. Ол оқиғаға қатысты іс сол күйі қозғамаған.

АДВОКАТТЫҢ ДӘЛЕЛДЕРІ «ЖАН-ЖАҚТЫ ТЕКСЕРІЛДІ»

Адвокат арызы бойынша іс қозғалып, тексеру басталады деп үш ай күткенін, ал сосын тағы бір айдан кейін сотқа дейінгі тергеу амалдарын тоқтату туралы қаулы алғанын айтады. Әріптестері адвокаттың қолына кісен салған полицейлердің әрекетінен «билігін немесе қызметтік өкілетін асыру» бабы бойынша заң бұзушылық таппаған.

Астана ішкі істер департаментіне қарасты ішкі қауіпсіздік басқармасының сотқа дейінгі тергеу амалдарын тоқтату туралы қаулысында полицейлер Фархад Төкенов пен Батыр Медетов қызметтік міндеттерін Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына кіргізу режимі туралы ережеге сай атқарған деп жазылған. Былтыр 16 қыркүйек күні ғимаратқа кіргізу пунктінде тұрған екеуіне адвокат Азанов келіп, құжаттарын көрсеткен әрі сотқа өткізуін сұраған. Сосын, полицейлердің болжамынша, олар адвокаттан қалтасында не барын көрсетуді, «сөмкесін үстелге қойып, ішінде не барын көрсетуін» сұраған. Ал Бауыржан Азанов «олар мұндай ештеңе айтқан жоқ» деп мәлімдейді.

Бұған қоса полицейлер әлгі өтініштен кейін адвокат екеуін және айналада болып жатқан жайттарды видеокамераға түсіре бастады деп хабарлап, бұл әрекетті арандату деп атайды.

Сосын Азанов Б. турникетке жақындап, оны жұлқылай бастады, еңкейіп, турникеттің астынан өтіп, баспалдақ жаққа беттеген.

«Сосын Азанов Б. турникетке жақындап, оны жұлқылай бастады және еңкейіп турникеттің астынан өтіп, баспалдақ жаққа беттеген. Оның жанына барып, тоқтатып, кіргізу режиміне шығуды өтінген, бұл өтінішіме ол жіберуімді, ешқайда шықпайтынын айтып, процеске кіретінін мәлімдеді. Сондықтан ол оны постқа кіргізіп, кісенді алып, қолдарына кісен салып Астана қ. бойынша МКҚБ-нің кезекші бөліміне телефон соғып, кезекшіге адвокат Азанов Бауыржан сот ғимаратына заңсыз кіріп кетті деп хабарлаған» делінген сотқа дейінгі тергеу амалдарын тоқтату туралы қаулыда (мәтіннің орфографиясы мен пунктуациясы сол күйі берілді).

Астана ішкі істер департаментіне қарасты ішкі қауіпсіздік басқармасының қаулысында адвокаттың дәйектері жан-жақты тексерілгенін, бірақ «МКҚБ полицейлері Азановқа қатысты қылмыс жасағаны туралы жеткілікті дәлел табу мүмкін болмады» деп жазылған. «Арнайы құрал – браслетті (кісен) қолдану фактісі заңды қолданылған деп танылсын» деп хабарланады.

Азаттық оқырмандарына адвокат Бауыржан Азановтың есімі сот күзетінің портфелін ашып, ішін көрсету және «визуальды тексеруден» өтуін талабы орынсыз екенін дәлелдеуге тырысқан әрекетімен танылды. «Адвокаттық қызмет туралы» заңға сілтеме жасаған оның айтуынша, адвокаттың мүлкін заңда қарастырылған жағдайларда ғана, мысалы, адвокат қылмыс жасады деген күдікке ілінген кезде ашып тексеруге болады деп жазылған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG