Accessibility links

«Әліби ісіне» қатысты үкім байбаламға ұласты


Сотталушы кәсіпкер Қайрат Жамалиев (ортада) өзіне шыққан үкімді тыңдап тұр. Астана, 7 тамыз 2015 жыл.
Сотталушы кәсіпкер Қайрат Жамалиев (ортада) өзіне шыққан үкімді тыңдап тұр. Астана, 7 тамыз 2015 жыл.

​Жұрт «Әліби ісі» атап кеткен қылмыстық іс бойынша топ-бизнесмен Қайрат Жамалиевтің бүкіл дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі 13 жылға сотталды. Жамалиев «адамды заңсыз бас еркінен айыру», «аса ірі көлемде ақша бопсалау» және «күш қолдану арқылы жыныстық сипаттағы әрекеттер жасау» баптары бойынша айыпты деп танылды.

Судья Ербол Рахымбеков оқыған үкімді естіген сәтте сот залында сотталушылардың туыстары дауыстап жылай бастады. Соттан шыққан әйелдер айқайлап, кейбірі видеокамераға түсірмеуді талап етіп, сөмкелерін сермей журналистерді қуалап, қарғыс жаудырды. Сотталушылардың туыстары «үкім – әділетті емес» деп санайды.

Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты жергілікті ірі кәсіпкер Қайрат Жамалиевті «адамды заңсыз бас еркінен айырып», «аса ірі көлемде ақша бопсалаған» және 24 жастағы тұрғыны Әліби Жұмағұловқа қатысты «күш қолдану арқылы жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттер жасаған» деп таныды. Сот кәсіпкердің бүкіл дүние-мүлкін тәркілеп, өзін 13 жылға қатаң режимдегі колонияға қамау туралы үкім шығарды.

Сотталушының адвокаты Сәлімжан Мусин Азаттық тілшісіне «мұншалықты қатал үкімнен абдырап қалғанын» айтты.

– Меніңше, бұл – адам сенгісіз қатал үкім. Қылмысына қарай әділ жаза кеспеді. Өзім де дағдарып қалдым, - дейді Сәлімжан Мусин.

Қайрат Жамалиевтің әйелі Алена Жамалиева сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 7 тамыз 2015 жыл.
Қайрат Жамалиевтің әйелі Алена Жамалиева сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 7 тамыз 2015 жыл.

Қайрат Жамалиевтің әйелі Алена Жамалиева үкімді толық оқып, танысып шыққан соң ғана жан-жақты комментарий беруге әзір екенін айтты.

Сот процесіне кәсіпкердің заңды әйелінен бөлек, өзін «Қайрат Жамалиевтің азаматтық некедегі жұбайымын» деп атаған Айнұр Исина да қатысты. Сот материалдарында бұл келіншектің аты-жөні аталады.

– 2015 жылы сәуірдің 3-і күні сотталушы Жамалиевке азаматтық некедегі зайыбы Исина мен Жұмағұловтың таныстығы мәлім болған. «Екеуінің арасында жыныстық байланыс бар» деген күдігі оянған Жамалиев қызғаныштан Жұмағұловқа өшіккен, - дейді судья Ербол Рахымбеков.

Жәбірленуші тараптың адвокаты, сотта Әліби Жұмағұловтың мүддесін қорғаған Анатолий Утбанов Азаттыққа «үкімге қатысты шағымданбайтын шығармыз» деді.

Жәбірленуші Әліби Жұмағұлов сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 7 тамыз 2015 жыл.
Жәбірленуші Әліби Жұмағұлов сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 7 тамыз 2015 жыл.

Астананың 24 жастағы тұрғыны, жәбірленуші Әліби Жұмағұлов үкімге қатысты ешқандай пікір білдірмеді. «Ұрып-соғу кезінде құлағы кесілгені рас па?» (әу баста бұл ақпаратты жәбірленушінің әкесі әлеуметтік желілерде таратқан) деген сұраққа адвокаты Утбанов «комментарий бермейміз» деп қысқа қайырды.

Сотқа Жамалиевтен бөлек тағы екі адам тартылған. Кәсіпкердің көмекшісі ретінде белгілі Арман Әбілтаевқа да Қайрат Жамалиевтікімен бірдей айыптар тағылған. Оның да мүлкі тәркіленіп, өзі 12 жылға сотталды. Бизнесменнің көлік жүргізушісі Анатолий Прибытков «ақша бопсалау» және «адамды заңсыз еркінен айыру» баптары бойынша сегіз жылға сотталып, дүние- мүлкі тәркіленетін болды. Сот процесі кезінде сотталушылар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарған.

Астаналық Нұрлан Жұмағұлов 24 жастағы ұлының аяусыз соққыға жығылғаны жөнінде Facebook әлеуметтік желісінде мәлімдеме жариялап, жұрттан көмек сұрағаннан кейін бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, қазақстандық қолданушылар әлеуметтік желілерде қызу талқылаған.

Әліби Жұмағұловтың соққыға жығылуына қатысты істі қараған сот үкім шығарып тұр. Астана, 7 тамыз 2015 жыл.
Әліби Жұмағұловтың соққыға жығылуына қатысты істі қараған сот үкім шығарып тұр. Астана, 7 тамыз 2015 жыл.

Нұрлан Жұмағұлов баласы Әліби Жұмағұловты Астанада тұратын белгілі бизнесмен Қайрат Жамалиев соққыға жыққан деп жазған. Әлеуметтік желідегі жазба жұрттың наразы пікіріне ұласып, желі қолданушылары Әліби Жұмағұловты емдетуге ақша жинаған (кейін жиналған ақша қайырымдылық қорына аударылғаны хабарланған). Ішкі істер министрлігі «Әліби ісін» министрдің «өзі бақылауға алғанын» хабарлаған. Бұл оқиға қоғам назарына ілігіп, қызу талқыға түсіп жатқанда полиция Қайрат Жамалиев пен Анатолий Прибытковты бірден ұстап, кейін қамауға алған. Ал іздеу жарияланған Арман Әбілтаев кейін ұсталып, ол да абақтыға қамалған.

«Іске қатысы бар тұлғалардың жыныстық өмірі жайлы ақпараттың жария болып кетуіне жол бермеу мақсатында» сот бұл істі жабық есік жағдайында қарады. БАҚ өкілдерін сот залына бүгін – үкім жарияланғанда ғана кіргізді.

«Әліби ісі» бойынша сот үкімі туралы Азаттық видеосы:

Қайрат Жамалиевтің үкімі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:59 0:00

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG