Accessibility links

Ғабдуллин қалай «ақша бопсалағанын» айтты


Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz порталының шығарушысы Бигелді Ғабдуллин.

Журналист Бигелді Ғабдуллин лауазымды адамдардан қаржыны қандай қисынмен алғанын түсіндірді. Ал сот ісіндегі кей куәгер оның «ақша талап етпегенін» хабарлады.

Қаңтардың 17-і күні Астана қаласы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған аудандық сотында Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz порталының шығарушысы Бигелді Ғабдуллиннің соты басталды.

Сотта прокурор Әлібек Айтжанов айыпталушы Бигелді Ғабдуллиннің Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облыстары, Астана қаласы әкімдігі және энергетика министрлігінен жиыны 22 миллион теңгеден астам қаржыны бопсалап алғанын мәлімдеді.

«КӨКІРЕКБАЕВТЫҢ БЕДЕЛІ» ЖӘНЕ 10 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ

Сотта куәгерлік еткен Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасы басшысы Рахия Тұрмағамбетова Бигелді Ғабдуллиннің газеті мемлекеттік тендер арқылы облыс бюджетінен 2013, 2015 және 2016 жылдары жалпы сомасы 6,5 миллион теңге алғанын айтты. Оның сөзінше, бұл әріптестік «облыс имиджін көтеру», «әкімдік іскерлігін насихаттау», «лауазымды тұлғалардың беделін сақтау» үшін жасалған.

2016 жылғы тапсырыс орындалып біткен соң, қыркүйектің 9-ы күні Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың абырой беделіне нұсқан келтіретін негізсіз сыни мақала жарияланды.

– 2016 жылғы тапсырыс орындалып біткен соң, қыркүйектің 9-ы күні Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың абырой беделіне нұсқан келтіретін негізсіз сыни мақала жарияланды. Соны терістеуге қатысты қоңырау шалып едім, сөз ақшаға тірелді. Бигелді Ғабдуллин тендер арқылы алып жүрген ақша газеті үшін өте аз екенін айтып, 2017 жылы қаржы көлемін басқа облыстардағыдай 10 миллионға жеткізуді сұрады. Мен онысын бопсалау, талап ету деп түсіндім, – деді Рахия Тұрмағамбетова.

Айыпталушы Бигелді Ғабдуллин одан «2013-2016 жылдар аралығында газетінде Жамбыл облысы әкіміне қатысты 13 жағымды мақала шыққанын, бір ғана сыни мақала үшін ісі неге бопсалауға баланғанын, негізсіз сынағанына байланысты Жамбыл облысы әкімдігі газетті өркениетті елдердегідей неге сотқа бермегенін» сұрады.

Әкімдік өкілі бұл сұраққа нақты жауап бермей, «сыни мақала не үшін шыққанын білмекке Бигелді Ғабдуллинге қоңырау соққанын, оның соңы 10 миллион теңге сұраумен аяқталғанын» айтты.

АМАНШАЕВТАН – 8 МЛН, АХМЕТОВТЕН – 6,1 МЛН, БОЗЫМБАЕВТАН – 2 МЛН

Бигелді Ғабдуллинге тағылған айыптың екінші бөлігі «Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтан 8 миллион теңгенің мемлекеттік тапсырысын талап етуге» қатысты.

– [Ермек] Аманшаевпен 30 жылдан бері доспыз. Оны жазушы, кино маманы ретінде жақсы білемін. Одан талап етіп сұрай аламын. Дос ретінде «газетімді қолда» дедім. 8 миллион теңгенің жұмысын толық орындап шықтық. Аманшаевтан ақша талап еттім деп есептеймін, – деді Бигелді Ғабдуллин.

Ермек Аманшаев.
Ермек Аманшаев.

Журналисті айыптаудағы үшінші іс Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінен ақша алуға байланысты. Бигелді Ғабдуллин 6,1 миллион теңге мемлекеттік тапсырысты сол облыстың әкімі Даниал Ахметовпен келісіп алғанын айтты.

– Әкім Даниал Ахметовпен кездестім. Ол «сенің газетіңді ғана оқимын» деді. Орынбасары [Жақсылық] Омарды шақырып алып тапсырма берді. Жұмыс басталды, бірақ тапсырма баяу орындалды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша, 6,1 миллион теңге алдық, оның жұмысын өтедік, –деді Бигелді Ғабдуллин.

Даниал Ахметов.
Даниал Ахметов.

Бигелді Ғабдуллинге тағылған айыптың төртінші бөлігі энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа қатысты. Ғабдуллин 2016 жылы тамыз айында Central Asia Monitor газетінде Бозымбаев туралы екі сыни мақала жаздырғанын, «соның арқасында энергетика министрінің баспасөз хатшысы Асқар Жалдинов арқылы министрлікке қарасты компаниядан 2 миллион теңге алғанын» айтты.

Алайда министрліктің баспасөз хатшысы Асқар Жалдинов Бигелді Ғабдуллинмен Қашаған мұнай кешені үшін кездескенін, сол арқылы алдағы уақытта газетте сыни мақала шығартпау жанама ілік қана болғанын мәлімдеді.

Қашаған туралы жарнама жазған алты газеттің ішінде Central Asia Monitor газеті де бар.

– Қараша айының соңында Қашаған мұнай кешені ашылатын тұс еді. Бұл шараны насихаттауға министрлік бюджетінде ақша бөлінбегендіктен ақпарат және байланыс министрлігіне өтініш жасап, мемлекеттік басылымдарға шығарттық. Ал жеке басылымдарға жарнамалық мақалалар жеке компаниялар есебінен шықты. Қашаған туралы жарнама жазған алты газеттің ішінде Central Asia Monitor газеті де бар. Оның қандай компаниямен және қанша қаржыға келіскенін тергеу кезінде ғана білдім. Ақша мен келісім-шарт ісіне араласқан емеспін. Жеке компания газетпен өздері сөйлесті. Біз тек беделді, оқылатын басылымдар тізімін жасадық, – деді Асқар Жалдинов.

Ол өзіне және басшысына қатысты Бигелді Ғабдуллин тарабынан ақша бопсалау ісі болмағанын, Қанат Бозымбаев туралы шыққан мақалаларды «жауап беріп терістеуге тұрмайтын, автордың бос долбары» ретінде қабылдағандарын айтты.

«БОПСАЛАНУШЫЛАР» ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТІ ТОҚТАТУДЫ ҚОЛДАДЫ

Сотта куәлік еткен Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласы әкімдігі өкілдері Бигелді Ғабдуллинге қатысты баспасөз құралдарымен мемлекеттік сатып алу байқауы заңды түрде жасалғанын, тапсырыс келісім-шарт бойынша орындалғанын айтты. Олар Ғабдуллиннің «бопсалау арқылы алған мемлекеттік тапсырыс қаржысын түгел кері қайтарғанын» айтып, оған қатысты қозғалған қылмыстық істі тоқтатуды қолдады.

Бигелді Ғабдуллин жоғарыда сөз болған қаржыны «газет пен сайт жұмысына, қызметкерлердің айлығына жұмсағанын» айтып, өзіне тағылған айыптармен толық келісетінін, істеген ісіне өкінетінін хабарлады.

Оның адвокаты Аманжол Мұхамедияров аты аталған шенеуніктерді – Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевты, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовті, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевты және энергетика министрі Қанат Бозымбаевты куәгер ретінде сотқа шақыруға талап етпейтіндерін, «лауазымды бұл азаматтар тергеу кезінде түсініктеме» бергенін тілшілерге айтты.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев. Астана, 2 қараша 2016 жыл.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев. Астана, 2 қараша 2016 жыл.

Бүгінгі сот отырысының соңында Бигелді Ғабдуллиннің тергеу изоляторында жасаған видео мәлімдемесі көрсетілді. «Кінәмді мойындаймын» деген айыпталушы «тергеуге өз еркімен келгенін, ұлттық бюро қызметкерлерінен ешқандай қысым көрмегенін» айтады.

Бигелді Ғабдулиннің «қылмыс жасағанын мойындағаны», «қылмыстық әрекетінен зардап шегушілерге 20 миллион 625 мың теңге көлемінде шығынын өтегені» қаңтардың 11-інде өткен алдын ала сот тыңдауында мәлім болған. Оның адвокаты Аманжол Мұхамедияров Ғабдулинді қылмыстық жазадан босатуды сұраған. Бірақ судья айыпталушыны жауапкершіліктен босатуға әзірге негіз жоқ екенін айтып, бұл мәселе соттың алдын ала тыңдауында емес, қылмыстық істі зерттеп қарайтын отырыста анықталатынын айтқан.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 61 жастағы Бигелді Ғабдуллиннің ұсталғанын 2016 жылы 15 қарашада хабарлаған. Бюро таратқан ақпарат бойынша, Ғабдуллин өзіне қарасты БАҚ-ты пайдаланып, мемлекеттік органдардың басшыларына олардың «іскерлік беделіне нұқсан келтіретін материалдар жариялау жолымен» ақпараттық шабуыл жасаған. Кейін ол лауазымды тұлғалардан «сыни жарияланымдарды тоқтату үшін өз ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырыстарды бопсалаған».

Кәсіби жазушы, ақын және публицистердің басын қосатын халықаралық ПЕН-клуб қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллиннің қамалғанына алаңдаушылық білдірген.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG