Accessibility links

Автобус жүргізушілерінің талабы орындалды


Жүргізушілер наразылығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:44 0:00

ВИДЕО: Жүргізушілер наразылығы.

Бүгін Астанада жүргізушілер автобус жалдау құнының өскеніне наразылық танытты. Мекеме басшылығы «жүргізушілердің қарсылығы орынсыз» дегенмен жүргізушілер талабын орындады.

Астанада он шақты бағытта жүретін жүзден аса автобус жүргізушілері бүгін таңғы сағат бесте №4 автобус паркінің алдына жиналып, жұмысқа шығудан бас тартты. Жүргізушілер автопарк басшылығының автобусты жалдау құнына 3 мың теңге қосқанына наразы.

ШАҒЫМ

Отбасымен 120 мыңға пәтер жалдайтынын айтқан автобус жүргізушісі Ділмұрат Сәлиев жарты айда автобус жалдау құны екі рет көтерілгенін айтады.

- Автобусты жалға алу бағасын «1-ші қыркүйекте студенттер келді» деп бір өсірді. Кеше кешке келсек, бізге айтпастан тағы көтеріпті. Жолаушысы аз жаз мезгілінде күніне екі мың теңгеге істеп келдік. Оны да кондуктор екеуміз бөліп аламыз. Қазір он-он бес мыңнан табамыз. Егер осыны көпсінсе, бізге тұрақты айлық берсін. Жүргізушінің бәрі ауылдан келген, жергіліктілер жоқтың қасы. Пәтер жалдап тұрамыз. Доллар көтерілгеннен кейін пәтер жалдау бағасы да 20 мыңға көтерілді, - дейді Ділмұрат Сәлиев.

Нұрлан Пардабеков, №4 автобус паркі жүргізушісі. Астана, 15 қыркүйек 2015 жыл.
Нұрлан Пардабеков, №4 автобус паркі жүргізушісі. Астана, 15 қыркүйек 2015 жыл.

Қоғамдық көлік жүргізушілері күніне 15 сағаттан істейтінін айтады. Олардың сөзінше, автобустың барлық шығыны өздерінің күндік табысынан өтеледі.

- Солярканы өзіміз құямыз, автобусты жалдау ақысы бар, салығы, көлікті жуу - бәрі біздің мойнымызда. Бәрін қосқанда күндік шығын 60 мыңның үстіне шығады,-дейді №4 автобус паркі жүргізушісі Нұрлан Пардабеков.

Жүргізушілер басшылықтан автобусты жалдау құнын бұрынғысынша қалдыруды сұрайды. «Болмаса, 200 мың теңге айналасында тұрақты айлық тағайындап, барлық қосалқы шығыннан босатсын» дейді.

АВТОБУС ПАРКІНІҢ УӘЖІ

№4 автобус паркі директорының орынбасары Есенғазы Әлмағамбетов автобусты жалдау құнын көтерудің себебін былай түсіндірді:

- Автобус паркі бүгінгі таңда өзін-өзі ақтамай жатыр. Парктің проблемалары шешіліп жатқан жоқ. Лизингке алынған қарызы өтелмей жатқан автобустар бар, автобус саймандары бар, жөндеуі бар – соның әбір шығын,-дейді Есенғазы Әлмағамбетов.

Әр маршрутта автобусты жалға алу бағасы әртүрлі екенін айтқан оның пікірінше, «жүргізушілердің талабы орынсыз».

№4 автобус парк директорының орынбасары Есенғазы Әлмағамбетов. Астана, 15 қыркүйек 2015 жыл.
№4 автобус парк директорының орынбасары Есенғазы Әлмағамбетов. Астана, 15 қыркүйек 2015 жыл.

- Мысалы, 19-маршруттағы жүргізушілердің автобусты бір күндік жалға алу шығыны 28 мың 500 теңге болады дегенбіз. Автобустың күніне жағатын соляркасы 16-18 мың теңге тұрады. 9 мыңын кондукторға береді. Тамағы мен көлік жууға беретін 800 теңгесі бар. Сонда қолдарына 30 мың теңге ақша алып тұр ғой,-дейді Есенғазы Әлмағамбетов.

Ол жүргізушілерге тұрақты айлық тағайындап жұмыс істету үшін «қоғамдық көлікте ақысыз төлем жүйесін орнатуды тездету» керектігін айтады.

Есенғазы Әлмағамбетовтің айтуынша, бүгін Астанада осы паркке қарасты 118 автобус жұмысқа кешігіп шыққан.

ОРЫНДАЛҒАН ТАЛАПТАР

Жүргізуші Нұрлан Пардабековтың айтуынша, бүгін қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі Бейбіт Ержанов келіп, жүргізушілермен кездескен.

- Жиналыста біз өзіміздің ойымызды айттық. Ол кісі біздің бастықтармен сөйлесіп келді де автобус жалдау ақысын көтерілмейтінін білдірді. Ішінара кейбір бағыттағы автобустың жалдау ақысын бұрынғысынан тағы 1-2 мың теңгеге түсіруге келістік, - дейді Нұрлан Пардабеков.

№4 автобус паркінің атқарушы директоры Нұрлан Әбиев Азаттық тілшісіне жүргізушілер талабымен келіскендігін айтты. Қанша уақытқа келісілгендігі туралы сұраққа денсаулық жағдайын сылтауратқан ол толыққанды жауап бермеді.

XS
SM
MD
LG