Accessibility links

Айнұр мен Төреғалидың айтысы


Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Былтыр желтоқсанда Астанада өткен «Тәуелсіздік тағылымы» тақырыбындағы айтыстың екінші күнінің бірінші жұбы болып Айнұр Тұрсынбаева мен Төреғали Төрәліұлы шықты. Ал айтыс басталмас бұрын қазылар алқасының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков ақындарға сын-ескертпе айтты.


Өз сөзінде Мырзатай Жолдасбеков айтыскерлердің көбі отбасы, ошақ қасын сөз қылып кеткенін айта келіп, олар Тәуелсіздікті, президент Нұрсұлтан Назарбаевты, ЕҚЫҰ-ның Астанада өткен саммитін, Астана қаласын жырға қоспай отырғандарына тоқталды.

– Көптеген мемлекеттер жүз жылдап тырбаңдап тасбақаның жүрісімен жете алмайтын болса, біз үлкен жылдамдықпен жүріппіз. Үлкен абыройға ие болдық. Быт-шыт болған, азып-тозған, береке-пітірі қашқан жерде самаладай осындай мемлекет орнады. Айы солынан, күні оңынан туып тұрған Қазақстан орнады. Осы Қазақстан кеше неге жырланбады деймін мен?! Жүректеріңе сыймай тұрмай бауырларым, неге жырламайсыздар?! Жоқтан бар жасап, бүтіндей жаңа мемлекет орнатқан, көкейіңдегіні тауып, көсегеңді көгертіп отырған, қазақтың абыройын асқақтатып, әлемге танытып отырған, бәрімізді баладай ғып асырап отырған елбасының ерен еңбегі неге жырланбады деп мен кеше пұшайман болдым, – деді Мырзатай Жолдасбеков.

Ал айтыстың екінші күнгі жыр додасын бастаған Төреғали Төрәліұлы бүгінгі айтыскерлер айтыстың болашағына бола шындықты айта алмайтын халде екенін сөзіне қосты.

– Болар бала он бесінде баспын дейді,
Болмас адам отызында жаспын дейді.
Біз шындықты амалсыз айта алмаймыз,
Қоғамым ақиқатпен қаспын дейді.
Айтыстың тағдыры үшін алаңдайды,
Әйтпесе, асау ақындар бас білмейді.
Шындықты айтсақ айтысқа зиян болар,
Сөздерім болса дағы тасқын мейлі.
Ал, егер шындықты айтпай кетсек,
Сенім артқан көп халық рас, күндейді.
Екі оттың ортасында қалып қойдық,
Десе де, тұяғыма тас кірмейді.
Біз ақындар момын қой сияқтымыз,
Аңдыған дұшпандарымыз аш жүрмейді.
Үндемес қойшы өзі сойып жейді,
Маңырасақ тап беріп қасқыр жейді, – деп үкіметтің қамқорлығына өткен айтыс жайлы ойын өлеңмен жеткізді.

Төреғали Төрәліұлының жұптасы Айнұр Тұрсынбаева қарсылас жас ақынның қалжыңына төмендегідей жауап қатты.

– Желпініп тіпті қоймайсың,
Жетістігің бе, мінің бе?
Апаңдай жанға соқтығып,
Балапаным-ау, мұның не?
Білмесе айтып берейін,
Құлағын салсын інім де.
Ең тәтті жері ақынның,
Шындықты айтар тілінде.
Ең тәтті жері ғалымның,
Халқына берген білім де.
Ең тәтті жері даланың,
Қауызын жарған гүлінде.
Ең тәтті жері ананың,
Балаға берген сүтінде,
Ұйқысыз өткен түнінде.
Ең тәтті жері сәбидің,
Іңгәлап шыққан үнінде.
Ең тәтті жері патшының,
Ел аманатын көтерген,
Арқасындағы жүгінде.
Ең тәтті жері арудың,
Ар-иман тұнған түрінде.
Ең тәтті жері жігіттің,
Жүрегінің түгінде.
Сондықтан інім Айнұрға,
Соқтығып бекер сүрінбе.
Ащы шындығым осы сөз,
Тәтті жер іздеп бүлінбе.
Осы айтқанымды түсінсең,
Жаман болмайсың түбінде, – деп жырлады Айнұр Тұрсынбаева.

Айнұр мен Төреғалидың жыр сайысын және айтыс алдындағы Мырзатай Жолдасбековтың сөзін мына жерден тыңдай аласыздар:

XS
SM
MD
LG