Accessibility links

Балғынбек пен Жандарбектің айтысы


Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

2010 жылы желтоқсанда «Тәуелсіздік тағылымы» атты айтыстың бесінші жұбы болып сахнаға шыққан астаналық Балғынбек Имашев пен жетісулық Жандарбек Бұлғақовтың екеуара жыр сайысы әзіл айтыс түрінде өтті.


Өздеріне дейін айтысқан ақындардан айырмашылығы бұл жолы қос ақында президент Назарбаев пен Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитін бірер тұста ғана айтып өтті. Керісінше, Жандарбек Бұлғақов әзілмен шымши отырып, саммитті сынай жырға қосты.

– Ал, аға мерейіңді асырайын,
Сахнада бар құлашпен ашылайын.
Молдалар пышағымен қорқытса да,
Қасында жас баладай жасымайын.
Ақындардың бәрі де саммитті айтты,
Мен де қазір соны айтып тасынайын.
Патшалар Астанада қауышты ғой,
Бірлік деп қатып жүрген басы дәйім.
Халыққа ерекше бір талап қойды,
Шындық қой, оның несін жасырайын.
Балкон мен көшелерге шықпа деді,
Түсіндіріп кетейін осы жайын.
Жұртпен бірге үйіңде сен де отырдың,
Дегендей барша заңға қосылайын.
Молданы қамап қойса дұрыс бопты,
Бәрімізге боп еді осы уайым.
Қазақстанды масқара қылар ма едің,
Бір патшаның кесіп ап насыбайын, – деп жырлаған Жандарбек Бұлғақовқа қарсыласы Балғынбек Имашов айтыстың екі жыл бойына теледидардан көрсетілмей кеткенін уытты әзіл жырмен түйреп өтті.

– Оу, көп болды Конгресс-холға кірмегелі,
Айтыстың ақ боз атын мінбегелі.
«Бас кеспек болсадағы тіл кеспек жоқ»,
Қадайын нысанаға сұр жебені.
Қызыл тілім қылмыскер болып қалып,
Айтыстың басылмады дүрбелеңі.
Эфирден екі жылдай аласталып,
Орнын басты шетелдің кірмелері.
«Он күнәнің тоғызы тілден» деген,
Өзімізде бүлдірдік-ау бірдеңені.
Екі жылға созылып өкпе-реніш,
Үкімет ләм-мим деп үндемеді.
Тәуелсіздік қарсаңы Құдайға шүкір,
Патшаның рақымшылық күндері еді.
Айтысым амнистия алып қайта шықты,
Босаған қылмыскердей түрмедегі, – деп айтыстың эфирден таратылуына билік тарапынан салынған тыйымды астарлы мысқылмен өлеңге қосты.

Жандарбек пен Балғынбектің айтысын мына жерден тыңдай аласыздар:

XS
SM
MD
LG