Accessibility links

«Нұр Отанның» алдында өзін-өзі өртеген әйел қайтыс болды


"Нұр Отан" партиясының бас ғимараты. Aстaнa, 31 мамыр 2011 жыл.
"Нұр Отан" партиясының бас ғимараты. Aстaнa, 31 мамыр 2011 жыл.

Марқұм соттың ұлына шығарған үкімімен келіспеген. Алайда құқық қорғау орындары ол үкімнің заңды екенін айтады.


Дүйсенбі күні таңертең Астана қаласындағы «Нұр Отан» партиясының орталық қабылдауына келген бір әйел өз-өзіне бензин құйып өртеген еді. Денесінің 95 пайызы күйген әйел ауруханаға жеткізілгенмен, маусымның 21-і күні қайтыс болғанын Қазақстанның ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов хабарлады.

«НҰР ОТАНҒА» ЖҮГІНУ»

Өзін-өзі өртеген әйел – Астана қаласының тұрғыны, үш баланың анасы, 1960 жылы туған Сәуле Өтепбергенова.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, Сәуле Өтепбергенова ұлын есірткі сақтағаны үшін 10 жылға соттаған сот шешіміне наразы болған.

– Әйел сот шешіміне қанағаттанбай, жоғары сотқа шағымданып, «Нұр Отанға» жүгінген», – дейді министр.

Осы жайтқа байланысты сейсенбі күні түсініктеме берген «Нұр Отан» партиясы «әйелдің өліміне қатысы жоқ екендіктерін» мәлімдеді. Партияның орталық аппаратының қоғамдық қабылдау бөлімінің жетекшісі Жұмажан Жүкенов партияға бірінші рет келіп отырған әйелдің не себепті басқа орында емес, дәл «Нұр Отан» ғимаратында өзін-өзі өртегенін түсінбейтінін айтады.

- Оның материалын қарастырған кеңесшіміз сот шешімі шығып қойғандықтан Жоғарғы сотқа баруға болатынын айтқан. Оған қоса аптасына үш рет аппаратта істейтін адвокаттардың тегін қызметін пайдалануға болатынын да айтқан. Іс жүзінде жоғарғы сот қарайтын мұндай істерге қатыса аламыз. Ол депутатқа жазылғысы келетінін айтты. Біз оны 23-іне жазып қойдық, - дейді Жұмажан Жүкенов.

Оның айтуынша, әйелде әу-бастан-ақ өзін-өзі жару туралы ой болған. «Себебі ол ішке кірместен бұрын партия ғимаратының айналасындағы қоқыс төгетін жәшікке бензин толы бөтелкесін қалдырып кеткені кейіннен анықталды» дейді Жұмажан Жүкенов. Ол әйел партия ғимаратынан шыққан соң дереу бөтелкесін алып, ғимаратқа қайта кіріп, өзіне-өзі от қойған.

- Сол жерде тұрған күзетші отты өшіру үшін костюммен ұмтылған. Әйелдің үстінде жеңіл әрі синтетика қоспасы бар материалдан тігілген киім болғандықтан жанған от денесін күйдіріп үлгерген, - дейді Жұмажан Жүкенов.

Жұмажан Жүкеновтің айтуынша, қазір көз жұмған әйелдің шағымына байланысты жұмыстар жалғасып жатыр. Ол марқұмның отбасының жағдайын да зерттейтіндіктерін айтты.

«ЗАҢДЫ ШЕШІМ»

Өзін-өзі өртеген Сәуле Өтепбергенованың ұлына қатысты үкім шығарған заң орындары шешімнің заңды екенін айтады.

Астана қалалық сотының аты-жөнін айтпауды өтінген қызметкерінің сөзіне сүйенсек, өзін-өзі өртеген Сәуле Өтепбергенованың ұлы Жанат Мұхаметжанов мамыр айында есірткі сатқаны үшін Қылмыстық кодекстің 259-бап 2-бөлімі бойынша 10 жылға бас бостандығынан айрылған. Сот үкімімен келіспеген 19 жастағы Жанат өзіне берілген жаза мөлшерін төмендетуді сұрап, Астана қалалық сотының кассациялық алқасына шағым түсірген екен.

– Ол кінәсін жоққа шығармайды. Тек қана берген жазаны төмендетіңіз деп сұраған. Бірақ кассациялық алқа маусымның 16-сы күні ол үкімді күшінде қалдырды. Себебі бұл – алқа билердің қатысуымен шығарылған үкім. Бәрі заңды болған, – дейді сот қызметкері.

Оның айтуынша, шағым иелерінің жоғарғы сотқа арыздану мүмкіндігі болған.

Ал қалалық прокуратура өкілдері Сәуле Өтепбергенованың осыған дейін прокуратураға да шағымданғанын растап, істің әрі қарай қалай өрбігеніне қатысты сұрақтарға телефон арқылы жауап беруден бас тартты.

Астана қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. «Бұған қатысты қылмыстық іс қозғала ма?» деген сұрағымызға департаменттің баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз «Жоқ» деп жауап берді.

Бұл оқиғаға байланысты Жоғары сотқа хабарласқанымызда, баспасөз хатшысы Оксана Петерс ешқандай ақпарат жоқ екенін айтты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG