Accessibility links

Сирия келіссөзінен нәтиже шыға ма?


Үйлері қираған Алеппо тұрғындары балаларын көтеріп шығып келе жатыр. Сирия, 11 қыркүйек 2016 жыл.
Үйлері қираған Алеппо тұрғындары балаларын көтеріп шығып келе жатыр. Сирия, 11 қыркүйек 2016 жыл.

Астанада Сирия дағдарысы бойынша алдағы дүйсенбіде басталатын келіссөздерге Дамаск өкілдері, кейбір оппозициялық топтар, БҰҰ, Ресей, Иран мен Түркия өкілдері шақырылған.

Қазақстанның ұсынысымен, Ресейдің қолдауымен қаңтардың 23-24-і күндері Астанада өтеді деп жоспарланған Сирия келіссөзіне азаматтық соғыс жүріп жатқан елдегі кейбір негізгі оппозициялық топтар қатыспайтындарын мәлімдеді. Соған қарамастан кейбір сарапшылар бұл кездесу Женевадағы негізгі келіссөздерді жандандыруы мүмкін деп ойлайды.

Сириядағы азаматтық соғыс 2011 жылы оппозицияның президент Башар Асад режиміне қарсы көтерілуінен басталған. Кейін бұл елдегі қарулы қақтығысқа түрлі діни және этникалық топтар араласып, көпжақты соғыстың ауқымы зорайып кетті.

АҚШ бастаған Батыс елдері коалициясының әуе күштері Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырларының позицияларын бомбалап тұрады. Президент Башар Асадты қолдайтын Ресей 2015 жылы Сирияға әскерін кіргізді. Түркия да оқтын-оқтын шекара бойымен Сирия территориясына кіріп, «терроризмге қарсы» әскери операцияларын жүргізіп жатар. Асадқа қарсы сүннит бүлікші топтардың кейбірін Түркия қолдаса, режимді қорғап соғысып жатқан қарулы шиит топтардың кейбірін Иран жақтайды.

Бұған дейін Сирия келіссөздері бірнеше рет Женевада өткен. Азаттық Астанадағы кездесу қарсаңында бірнеше маманнан: «Бұл келіссөздің қаншалықты маңызы бар? Кездесуден қандай нәтиже шығуы мүмкін?» деп сұрады.

Расул Жұмалы, қазақстандық саясаттанушы:

Расул Жұмалы, саясаттанушы.
Расул Жұмалы, саясаттанушы.

– Астанадағы өтетін кездесуге артылып отырған үміт зор. Бұл еуропалық мемлекеттер болсын, АҚШ, Таяу Шығыс мемлекеттері, Қазақстан, Ресей үшін маңызды мәселе. Сириядағы соғыс – қантөгіс, қасірет. Бірақ өкінішке қарай, Сирияның не Таяу Шығыстың аумағымен шектеліп қалмайды. Ол жердегі келеңсіз жайттар басқа мемлекеттерге, басқа аймақтарға да кері әсерін тигізіп жатыр. Эмиграция арқылы, сепаратистік, экстремистік қозғалыстардың кеңеюі арқылы Қазақстанға да әсері бар. Менің ойымша, ол қозғалыстардың жақтаушылары, жақтастары Қазақстанға да өзінің әсерін, ықпалын тигізбекші. Түрлі лаңкестік әрекеттерден байқаймыз. Таяу Шығыстағы қозғалыстың дем берушілері, демеушілері арасындағы байланыстар, қазақстандық азаматтардың да басқа ұйымдардың қатарында Сириядағы соғыста жүргені [алаңдатады]. Уақыт өткен сайын олардың Қазақстанға қайтуы, әсер ету ықтималдығы [күшейеді].

Бұл келіссөзді жетістік деп қабылдауға болады, бірақ айтарлықтай үміт шамалы.

Бұл келіссөзді жетістік деп қабылдауға болады, бірақ айтарлықтай үміт шамалы. Бұл келіссөздерге негізінен қатысатын сириялық тараптар өте шектеулі. Негізінен бұл ресми Дамаскіден Башар Асадтың өкілдері және бірнеше зайырлы опозицияның өкілдері. Радикалдық оппозиция, діни оппозиция сияқты шешуші қозғалыстардың біреуі де қатыспайды. Сондықтан шешуші кейіпкерлері қатыспайтын бұл кездесулерден қаншалықты нәтиже күтуге болады?

Алексей Малашенко, Ресейдегі «Карнеги» қорының кеңесшісі:

Алексей Малашенко, Ресейдегі «Карнеги» қорының кеңесшісі
Алексей Малашенко, Ресейдегі «Карнеги» қорының кеңесшісі

– Әрине [Сирия келіссөзі] Астанада өтсе, жақсы болар еді. Өйткені бұл – бір жағынан бейтарап алаң. Екінші жағынан да бейтарап алаң. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың медиатор рөлін ойнауға бейім екенін ұмытпаймыз. Бұл ниеті әрқашан жүзеге аса бермейді. Украинаға қатысты да келіссөз ұйымдастырмақ болды, бірақ болмады. Ал мына жағдайда барлығы келісті деп ойлаймын. Барлығы деп жатқаным – Сирия, сол жақтағы жергілікті күштер [президент] Башар Асад, Түркия, Ресей, Иранның оппозициясымен келісті. Бұл – жақсы, қызығушы тарап өкілдері ол жақта (Астанада – ред.) өздерін жайлы сезіне алады деп ойлаймын.

Нұрсұлтан Назарбаевтың медиатор рөлін ойнауға бейім екенін ұмытпаймыз. Бұл ниеті әрқашан жүзеге аса бермейді.

Назарбаев бұл келіссөздердің жетістігін барынша қамтамасыз етуге қызығушылық танытады деп айтып тұрған жоқпын. Барлығы қалай болатынын айту өте қиын. Себебі бір жағынан астаналық келіссөздер белгіленіп қойған сияқты, мерзімі де бар. Делегация ұйымдастырылып жатыр. Бірақ әрқашан түрлі мәселелер, түрлі қиындықтар туып жатады. [Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей] Лавров америкалықтардың қатысуы жайында айтқанда ирандықтарға ұнаған жоқ. Қандай жағдай болмасын тартыс көп болады деп ойлаймын, Астанада да [солай болуы мүмкін].

Нәтижелерге келер болсақ, мен ешқандай нәтиже күтпеймін. Қазіргі айқынсыз нәрселерді алдын ала айту мағынасыз. Сценарийлік жоспар түрде де айтуға болады, бірақ ол да қиын. Я келіссөзден ештеңе шықпайды, көп сөз болады, бірақ нәтижесі нөлге тең болмақ. Я қолайлы жағдай туса, позитивті алға жылжуды күтуге болады. Мәскеу бұл мәселеге зор үмітпен қарайды. Егер бір позитивті нәтиже шықса, онда Мәскеу өзін көшбасшы ретінде сезінбек. Сондықтан басқаларға қарағанда Мәскеу көбірек үміттеніп отыр. [АҚШ президенті Дональд] Трамптың Таяу Шығыстағы Сирия қақтығысына бойлай кіріп араласқысы жоқ сияқты. Оның басқа айналысатын істері бар. Ол үнемі ішкі саясаттағы шаруаларының сыртқы саясатқа қарағанда басымдығы зор екенін айтып келеді.

Мәулен Әшімбаев, Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты:

Мәулен Әшімбаев, Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты
Мәулен Әшімбаев, Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты

– Астана келіссөзінің өту ықтималдығы жоғары. Қақтығысқа қатысып жатқан негізгі тараптар мәмілеге келуге деген ықыластарын көрсетіп отыр. Соғыс болып жатқан ел ғой, әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Бірақ келісілгендей Астанада қаңтардың 23-24-і күндері жоспарлағандай өтеді деп сенеміз... Қазақстанның келіссөз орны болып анықталуы кездейсоқ нәрсе емес. Сириядағы соғысып жатқан тараптар да, елдің төңірегінде басқа мемлекеттер де Қазақстанға дұрыс көзбен қарап отыр. Сирияға қатысты келіссөздер Қазақстанда бұған дейін де болған...

Астана кездесуін Сириядағы соғысты тоқтату үшін халықаралық қауымдастық жасап жатқан келіссөздердің бір кезеңі деп қарастыру керек.

Сирияның оппозициясы монолит құрылым емес, өте күрделі. Біраз топтар Астанаға келмекші. Келмейміз дегендері де бар. Олардың ішінде Сирияның біртекті мемлекет болып қалуын қаламайтын да ұйымдар бар сияқты. Қазақстанның ұстанымы, осы соғысты тек саяси жолмен тоқтатуға болады [дегенге саяды]. Соғысты тоқтатудың жолы, конфликтіні шешу Сирияның ішіндегі күштерге [тәуелді]. Башар Асад басқарып отырған үкімет пен оппозиция бір-бірімен келісімге келулері керек. Астанада осы мәселелердің барлығы шешіліп кетеді, барлық позициялар бір-бірімен жақындасып, ортақ мәлімдемелер болады деп күту қиын шығар. Әрине, қандай да бір мәлімдемелер тосамыз. Астана келіссөздері жақсы өтіп жатса, тараптардың позициялары жақындай бастаса, бұл енді алға басқан қадам болар еді... Келіссөз сәтті өтсе, ары қарай ақпанның 8-інде Женевада жалғасады деген жоспарлар бар. Астана кездесуін Сириядағы соғысты тоқтату үшін халықаралық қауымдастық жасап жатқан келіссөздердің бір кезеңі деп қарастыру керек.

Алексей Мухин, Ресейдегі Саяси ақпарат орталығының бас директоры:

Алексей Мухин, Ресейдегі Саяси ақпарат орталығының бас директоры
Алексей Мухин, Ресейдегі Саяси ақпарат орталығының бас директоры

– Ресей, Түркия және Иран Сирия мәселесін шешуге ниетті. Дағдарыстың өршуін созбай, гуманитарлық апатқа айналдырмауды көздейді. Астанадағы кездесудің мақсаты – қатысушыларды көптеп шақыру. Бұл мәселені шешуде қызығушылық танытып жүргендердің талпыныстарына мүмкіндік беріліп, іс жүзінде бұл процеске қатыса алады.

Ең бастысы – аймақтық державалар мен Сирия халқының азаматтық соғысты тоқтату туралы ниеті бар. Сондықтан бұл мәселе шешілуі әбден мүмкін.

Егер мақсат ойлағандай жүзеге асатын болса, аймақтық мемлекеттер, яғни Түркия, Иран мен Ресей Сириядағы жағдайды жақсарта алады. Шын мәнінде, бұл жағдайдың шешілуіне қатысты бірнеше факторлар бар. Ең бастысы – аймақтық державалар мен Сирия халқының азаматтық соғысты тоқтату туралы ниеті бар. Сондықтан бұл мәселе шешілуі әбден мүмкін. Бірақ бұл процеске кедергі келтіретін де факторлар бар. Бұл жерде Ресей, Иран және Түркияның өзара келісім жасап, бұл мәселені шешуге бел буып отырғандарын жақтырмайтын ауқымды коалиция елдері туралы айтып отырмын. Оның себебі – бұл елдер үш жыл бойы бұл жағдайды жақсартамыз деп, мәселені одан әрі ушықтырып жіберген. Ал АҚШ соңғы мәліметке сәйкес Сириядағы дағдарысқа қатысты негізгі жауапкершілікті Ресей, Түркия мен Иранға жүктеп отыр. Бұл үш мемлекеттің іс-әрекетіне сынай қарап отыр.

XS
SM
MD
LG