Accessibility links

Үй сұраған әке әкімдіктен балаларын әрең алды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет
Астанада тұрып жатқан 33 жастағы Бақберген Мейірмановтың үш баласы бар. Қарашаның 15-і күні Бақбергеннің келіншегі Айгүл босанып, үш қыз дүниеге келді. Бір сәтте олар көпбалалы отбасыға айналды.

ҰЗАҚҚА СОЗЫЛМАҒАН ҚУАНЫШ

- Үлкенім Нұрсұлтан - сегізге, Нұрдәулет - жетіге, Әлия деген қызым екіге келді. Ал жаңа туған үш қызымның есімдері – Дәрия, Ғалия және Мәрия, - деді Азаттық тілшісіне желтоқсанның 13-і күні сұхбат берген Бақберген Мейірманов.

Ол осыдан 10 жыл бұрын Қызылордадан Астанаға келген. Жоғары білімі болмағандықтан, күзет, құрылыс, сауда секілді жалданбалы жұмыстар істеп келеді. «Алты баланы асырау тым ауыр» дейді сұхбаттасымыз. Сондықтан, Бақберген әкімдіктен көмек сұрап барған. Ол «көмектің орнына балаларынан айырылып қалғанын» айтты.
Амалым таусылған соң әкімдікке бардым, ондағылар «үшемдер қазір көп, бұл сенсация емес» деп қайтарып жіберді. Сосын 103-ке хабарласып, «өзіме қол саламын» дедім.

- Астананың базарының жанында бір бөлмелі жер үйді жалға алып отырмын. Айына 25 мың теңге төлеймін. Орташа табысым - 50 мың теңге. Амалым таусылған соң әкімдікке бардым, ондағылар «үшемдер қазір көп, бұл сенсация емес» деп қайтарып жіберді. Сосын 103-ке хабарласып, «өзіме қол саламын» дедім. Ондағым - назар аударту. Шынымен өлейін немесе балаларыма жамандық ойлайын дегенім жоқ, - дейді ол.

Алайда жедел жәрдемге түскен ақпараттан кейін олардың үйлеріне дәрігерлермен бірге полиция және білім басқармасы мамандары келген.

- Олар мектепте оқитын екі ұлымды интернатқа алып кетті, ал екі жастағы Әлияны ауруханаға жатқызды. Үшемдер перзентханада жатыр. Әйелім ол үшеуін тастап, қазір екі жастағы Әлиямен бірге ауруханаға жатты. Ал жаңа туған үш қызды перзентханадағылар қарап жатыр. Пәтердің де, көмектің де қажеті жоқ, тек балаларымды қайтарсын - дейді Бақберген Мейірманов.

БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ

Астана қаласы білім басқармасының әлеуметтік жетімдіктің алдын алу бөлімінің бастығы Ләззат Орынбасарова бұл мәселеге қатысты:

- Бізге сигнал түсті, түн жарымда ол кісі «өзімді өлтіремін, балаларды өлтіремін» деп мас күйінде хабарласыпты. Біз балалардың өміріне қауіп төнбесін деп, оларды алып кеттік. Мамасынан «балаларымды мен ауруханадан шыққанша орналастыра тұрыңыздар» деген қолхат алдық. Мамасы шыққан соң немесе қарайтын адам табылғанша балалар мемлекеттің қамқорлығында болады. Ал одан кейін балаларды ата-анасына қайтарамыз, - деді Азаттыққа желтоқсанның 13-і күні басқарма өкілі.

Ләззат Орынбасарованың сөзінше, «қазір үйдегі балалар қараусыз қалған, анасы ауруханада, ал әкесіне мемлекеттен берілетін пәтердің кезегіне тұру үшін құжаттармен жүру керек».
Үкіметте қандай заң бар екенін білмеймін, әкім шешеді оны. Біз тек балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз.

- Мектеп жасындағы екі ұл интернатта емес, кәмелет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығында. Олар сонда оқиды, тамақтанады, бақылауда болады. Бұл орталыққа екі жастағыларды алмайтындықтан, қызын ауруханаға жатқыздық. Онда дәрумендер қабылдап, денсаулығын қарап жатыр. Мамасы жанында. Ал әкімдіктегілер әкесіне үйге керек құжаттардың тізімін берді. Үкіметте қандай заң бар екенін білмеймін, әкім шешеді оны, біз тек балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз, - дейді Ләззат Орынбасарова.

Маманның сөзінше, балалар үйде қарайтын адам болған жағдайда және әкелері жұмысқа орналасқан соң ғана қайтарылады. Азаттық тілшісі желтоқсанның 20-сы күні қайта хабарласқан кезде Бақберген Мейірманов «балаларға қарау үшін енесінің келгенін, балаларды қайтарып алғанын» айтты.

- Перзентханадағы үш қызымды үй берсін, бермесін ала беремін. Олар әлі перзентханада, қашан шығаратыны белгісіз - деді ол.

Астана қаласының тұрғын үй басқармасының ресми сайтында 2012 жылғы шілде айының есебі бойынша үй кезегінде 23 мың 313 адамның тұрғаны жазылған. Тұрғын үйдің осы кезекті сақтай отырып берілетіні ескертілген.
XS
SM
MD
LG