Атырауда нөсер жауын салдарынан ондаған үй мен аула су астында қалды. Мамандардың айтуынша, мамырдың 17-і күні Атырауда бір айда жауатын мөлшерге пара-пар жаңбыр жауған. Қала әкімдігіне жаңбырдан кейін тұрғындардан үй-жайларын судан тазартуды сұрап жазған 163 өтініш түскен. Үйлерін су басқан кейбір тұрғындардың жағдайымен танысқан Азаттық тілшісі әзірлеген фотогалерея.
Атыраудағы нөсер салдары

1
Атырау қалалық әкімдігімен іргелес Гагарин көшесі су астында қалған. Қоқыс жинайтын машина су басқан көше бойындағы контейнерлерді тазалап жатыр.

2
Мелиоративная көшесінде су алған бірқатар жер үйлердің тұрғындары баспанасын тастап, туыстарын сағалап кеткен.

3
Осы көшеде тұратын адам үйінің ауласы мен есік алдында жиналған жаңбыр суын арық жасап ағызуға тырысып жатыр.

4
Жергілікті тұрғын Артур суда қалған бір бөлмелі баспанасынан басқа барар жері жоғын айтады.

5
7 баласы бар Артурдың отбасы аядай жалғыз бөлмеде тұрады.

6
Терезеден қарап тұрған қыз бала.

7
Артур көпбалалы тұрғын ретінде 2002 жылдан бері үй кезегінде тұратынын, былтырғы тасқын кезінде де жергілікті биліктен көмек алмағанын айтып шағымданды.

8
Артурдың іргелес көршісі Орынбасар Ешманов пен Айгүл Тасқынбаева мұнайлы аймақ орталығында жер үйде тұрады. Жаңбыр суы өткен үйде газ жоқ, күн суықта баспананы пешке от жағып жылытады.

9
Демікпемен ауыратын Орынбасар Ешманов үйі жаңбырдан кейін сыздан көгеріп, тұруға қолайсыз күйге түскенін айтады.

10
Орынбасар Ешманов сал ауруымен (ДЦП) ауыратын 1-топтағы мүгедек қызы 20 жастағы Жазираның осы үйде тұрып өкпе ауруына шалдыққанын айтады.

11
Жазираның жатын бөлмесі жаңбырдан соң тұруға жарамай қалған.

12
Атырау тұрғындары қалалық әкімдіктен тұрғын-жайларын судан тазартуды сұрап өтініш жазып жатыр. Әкімдіктің есебі бойынша, қазір тұрғындардан 163 арыз түскен.

13
Қала әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова 7 мектептің адамдарды эвакуациялауға дайындалғанын айтады. Оның сөзінше, суға кеткен ғимараттардың көбі - былтырғы нөсерде де су астында қалған үйлер.

14
Ауа райын болжау мамандарының айтуынша, мамырдың 17-і күні Атырау қаласында әдетте бір айда жауатын мөлшерде жаңбыр жауған.