Accessibility links

Қытайлық қазақтың виза ұзарту сергелдеңі 6 айға созылды


Атырау мұнай және газ университетінде оқитын қытайлық студент Шұғыла Бауыржан. Атырау, 28 наурыз 2017 жыл. (Видеодан алынған скриншот)
Атырау мұнай және газ университетінде оқитын қытайлық студент Шұғыла Бауыржан. Атырау, 28 наурыз 2017 жыл. (Видеодан алынған скриншот)

Атырау мұнай және газ университетінде оқитын қытайлық қазақ Шұғыла Бауыржан оқу визасын ұзартуға үлкен қиындықпен, қатты күйзеліспен қол жеткізді. Депортациялануға шақ қалған ол жоғары оқу орнындағы (ЖОО) виза мәселесіне жауапты тұлғалардың «елден кетуді ұсынғанын» айтады. Ал полиция «ЖОО оның студент екені жайлы хатты алдын ала тапсырғанда мұнша машақат тумайтын еді» дейді. ЖОО өкілдері комментарий бермеді.

Атырау мұнай және газ университетіне Қытайдың Іле ауданынан келіп, 2015 жылдан бері оқып жатқан 20 жастағы этникалық қазақ Шұғыла Бауыржан былтыр қазан айынан бастап оқу визасын создыра алмай сарсаңға түскен. Шұғыла мұндай жағдайдың бұған дейін Ермек Тілеуғазы есімді студенттің басынан өткенін, визасы ұзартылмаған ол елден шығарылып, 5 жылға дейін Қазақстанға кіру мүмкіндігінен айырылғанын айтады. Осы оқиғаны білетін ол өз тағдыры үшін қатты уайымдаған.

Арманым - болашақта Қазақстан азаматы болу. Ол менің Қытайдағы ата-анамның да арманы. 2-сыныпта оқитын інім де Қазақстан азаматы болғысы келеді.

- Арманым - болашақта Қазақстан азаматы болу. Ол менің Қытайдағы ата-анамның да арманы. 2-сыныпта оқитын інім де Қазақстан азаматы болғысы келеді. Мен кетсем, Қытай маған «заңды сақтамағансың» деп қайта виза бермейді. Екі жылғы оқуым, оған төлеген қаражатым текке кетеді, - дейді Шұғыла Бауыржан.

Виза ұзарту мәселесіне 2016 жылы қазанда кіріскен Шұғыланың машақаты жарты жылдан кейін, наурыздың 28-і күнгі сот шешімімен зорға шешіліп, ол депортациядан аман қалды.

Судья Ботагөз Хасенова шығарған шешімде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабы, 4-тармағына қатысты қозғалған іс құқық бұзу құрамы болмағандықтан тоқтатылсын... лауазымды тұлға Рахметоллаев тарапынан жіберілген кемшіліктерге ондайды келешекте болдырмау және оған шара қолдану үшін Атырау облысы ІІД көші-қон полициясы басқармасы басшысының назары аударылсын, қолданған шара судьяға хабарлансын» деп жазылған. Шұғыланың адвокаты Бақытжан Маханбет «студенттің сот қаулысын қолына алған соң виза рәсімдеуіне болатынын» айтты.

ВИДЕО: Шұғыланың сот шешімі оқылған кездегі эмоциясы

Атырауда қытайлық қазаққа қатысты сот шешімі шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00

Кодекстің 517-бабы, 4-тармағында «Шетелдiк адамның Қазақстан көші-қон заңын бұзуы 15 айлық есептiк көрсеткiш айыппұл салуға не 10 тәулікке қамауға не Қазақстаннан шығарып жiберуге әкеп соғатыны» ескертілген.

ВИЗА МАШАҚАТЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Геология факультетінің ақылы бөлімінің 2-курс студенті Шұғыла Бауыржанның паспортының жарамдылық мерзімі 2017 жылғы сәуірдің 6-сына дейін, ал оқу визасы 2017 жылғы қаңтардың 5-іне дейін берілген. Шұғыла оқу визасы биыл қаңтарда аяқталатыны жөнінде университеттің шетелдік студенттермен жұмыс істейтін бөліміне 2016 жылы қазан айында хабарлағанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, «бөлім қызметкері Айсұлу Тұрниязова алдымен жарамдылық мерзімі аяқталатын төлқұжатты ауыстыруды тапсырған».

- Мен апайдың айтуымен Астанаға Қытай елшілігіне құжат ауыстыруға бардым. Олар арызымды алып қалды да, төлқұжатымның шетін қиып, жарамсыздығы туралы белгі соғып берді, - дейді Шұғыла Бауыржан.

Атырау мұнай және газ университетінде оқитын қытайлық студент Шұғыла Бауыржан сот залында тұр. Атырау, 28 наурыз 2017 жыл.
Атырау мұнай және газ университетінде оқитын қытайлық студент Шұғыла Бауыржан сот залында тұр. Атырау, 28 наурыз 2017 жыл.

Ол «виза алуға асығып, жүрдек пойызбен Атырауға желтоқсанның 27-сі оралғанын, виза жасауға құжатын университеттің халықаралық бөліміне тапсырғанын» айтады.

- Алайда университеттегі виза жасауға жауапты Айсұлу апай қаңтардың 30-ы күні маған құжатымды қайтарып берді. «Сен кері Қытайға барып келмесең, виза жасай алмаймыз» деді, - дейді студент.

Шұғыланың сөзіне қарағанда, виза жасау әлегі Қазақстандағы Жаңа жыл мерекесіне тұспа-тұс келіп, «сол беті шешусіз қалған».

- Мен не істеймін? Қытайға кері кете алмаймын. Атырауда да ешкімді танымаймын. Амалсыз жаңа құжатымның шығуын күттім. Ол да Қытайдағы «Шаған» аталып кеткен Жаңа жыл мерекесіне дөп келіп, ақыры төлқұжатым қолыма ақпанның 13-і тиді, - дейді ол.

Шұғыла Бауыржанның сөзіне қарағанда, «жаңа төлқұжат алғаннан кейін виза мәселесін қалай шешуге болатыны жөніндегі сауалына университеттің халықаралық бөлімі қызметкері Айсұлу Тұрниязова ештеңе бітіре алмайтынын, сондықтан өзі амалдауы тиіс екенін айтқан».

КІМ ЖАУАПТЫ?

Атырау облыстық көші қон полициясы басқармасының бастығы Болат Досқалиев шетелдік студент Шұғыла Бауыржанның оқу визасы уақтылы рәсімделмегеніне «қабылдаушы тарап, яғни оқу орыны кінәлі» деп санайды. Оның сөзінше, «Шұғыла Бауыржанның Атырау мұнай және газ университетінде оқитыны туралы хатты алдын ала тапсырғанда мұндай қиындық тумайтын еді».

Болат Досқалиев ақпан айында Атырау мұнай және газ университетіндегі жауапты тұлға Айсұлу Тұрниязованы «қабылдаушы тұлға ретінде шетелдiк азаматтың құжаттарын рәсімдеу жөнінде шаралар қолданбағаны үшін әкімшілік жауапқа тартқандарын» да айтты.

Атырау мұнай және газ университетінің қытайлық студенттермен жұмыс істейтін өкілі Айсұлу Тұрниязова (оң жақта). Атырау, 28 наурыз 2017 жыл.
Атырау мұнай және газ университетінің қытайлық студенттермен жұмыс істейтін өкілі Айсұлу Тұрниязова (оң жақта). Атырау, 28 наурыз 2017 жыл.

- Университеттегі шетелдік студенттермен жұмыс істейтін тұлға Шұғыла Бауыржанның Қазақстан территориясында заңды түрде болуы үшін шаралар қарастыру керек еді. Бірақ оқу орыны виза уақыты біткенше тиісті шараларды жасамаған, - деді ол Азаттыққа.

Болат Досқалиев визаның мерзімі аяқталып кеткеннен кейін әкімшілік хаттама толтырылғанын айтады. Ал Шұғыла Бауыржанға қатысты әкімшілік сот процесіне қатысқан Айсұлу Тұрниязова «өзінің құжатты дер кезінде рәсімдемегенін мойындайтынын» мәлімдеді. Бірақ ол «кінәлі деп көші-қон полициясын санайтынын» айтты.

Азаттық тілшісі Атырау мұнай және газ университетінің халықаралық бөлімімен сөйлесуге арнайы барған еді. Алайда тілшінің студенттердің виза мәселесі жайлы сауалмен келгенін телефон арқылы естіген бөлім басшысы Анар Төтебаева «мәселе оның жұмыс ауқымына кірмейтінін, қытайлық студенттер оның қарамағында емес» екенін айтып, комментарий беруден бас тартты. Университет ректоры Әли Әбішевпен сөйлесу мүмкін болмады. Оқу орнының қауіпсіздік қызметі жетекшісі Мүтиғолла Шайхиев Азаттық тілшісін университет территориясынан күшпен шығарып жіберді.

ВИДЕО: Азаттық тілшісін ЖОО аумағынан күшпен шығару

Азаттық тілшісін ЖОО аумағынан күшпен шығару
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:59 0:00

«БҰЛ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛДЫРАТЫН ЖАЙТ ЕМЕС»

Шұғыла Бауыржанға сот кезінде құқықтық көмек көрсеткен «Заман» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әсел Нұрғазиева «шетелдік қазақтардың тағдырына салғырттық танытқан университет әкімшілігі кінәлі» деп санайды. Оның сөзінше, «бұл елеусіз қалдыратын жайт емес».

- Мен басқа қытайлық қазақ студенттермен де таныстым. Олар - шынымен патриоттар, Қазақстанға сенеді. Егер олардың сағын осылай сындыра беретін болса, елге келетін қазақтар көңіліне алаң кіруі мүмкін,- дейді Әсел Нұрғазиева.

Атырауда аталмыш университет шақыруымен қытайлық 76 студент оқып жатыр. Олар бұған дейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жолдап, университет басшылығы уәде еткен оқу ақысына белгіленген 25 пайыз жеңілдікті ала алмай жүргендеріне шағымданған болатын.

Оқу орынындағы төрт факультеттің күндізгі, кешкі және қашықтан оқыту бөлімдерінде 3646 студент оқиды.

XS
SM
MD
LG