Accessibility links

Студенттер «Нұр Отанға» күшпен кіруге қарсы


Бір топ студент "Нұр Отан" кеңсесінің алдында наразылық шарасын өткізіп тұр. Алматы, 3 қаңтар 2009 жыл. (Көрнекі сурет).
Бір топ студент "Нұр Отан" кеңсесінің алдында наразылық шарасын өткізіп тұр. Алматы, 3 қаңтар 2009 жыл. (Көрнекі сурет).

Атыраулық студенттердің бірі партбилетті жыртқаны үшін оқу орны басшылығының өзіне оқудан шығарамыз деп қоқан-лоқы көрсеткенін айтады. Университет өкілі партияға кіруге қатысты міндеттеу жоқ дейді.


Атыраудағы мұнай және газ институтының механика факультетінің студенті Азамат (есімі өз өтініші бойынша өзгертілді – ред.) кураторы қолына «Нұр Отан» партиясының билетін ұстатқан кезде ғана партияға мүше болғанын біліпті. Оның айтуынша, өткен жылдан бері кураторы студенттерге билік партиясына кіру міндетті екенін айтып келген.

«НҰР ОТАННЫҢ АРҚАСЫ»

- «Оқысаңдар, «Нұр Отанға» міндетті түрде кіру керек. Кірмеуге болмайды» деп айтты, - дейді студент.

Азамат бұған қоса, наурыздың 1-і күні қолына тиген партбилетін жыртып тастағаны үшін деканның қаһарына ілінгенін де айтады.
Оқып жатқаның «Нұр Отанның» арқасы. Сені оқытып жатқан - «Нұр Отан». Оған кіру керек.

- «Билет маған керек емес. «Нұр Отанға» кірмеймін» деп жыртып лақтырып тастағам. Сосын куратор «оны жыртуға болмайды, оқудан шығарамыз» деп, деканға апарды. Ал декан болса «Сенің оқып жатқаның «Нұр Отанның» арқасы. Сені оқытып жатқан - «Нұр Отан». Оған кіру керек» деді. «Нұр Отан» оқуыма төлеп жатқан жоқ қой, кіретіндей» деп едім, «түсінбейтін мал екенсің, саған протокол толтыру керек екен» деді. Енді бүгін сабаққа барғанда не айтатындарын білмеймін, - деді Азамат наурыздың 2-сі түске дейін Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, басқа студенттердің де пікірімен санаспай, «заң солай» деп бәріне партбилет тапсырған. «Барлық жақта солай ма? Әлде тек Атырауда ғана солай ма екен?» деп сұрады Азамат.

ПАРТИЯҒА «АВТОМАТТЫ ТҮРДЕ ӨТУ»

Мұндай жайтты осы институттың технология факультетінде оқып жатқан өзге студенттер де растайды.

Есімін атаудан бас тартқан осы факультеттің студенті партбилетті кеше ғана алғанын, алдын-ала ешқандай түсіндірме жұмыстары жүргізілмегенін айтады.
Сендер студенттер болғандықтан «Нұр Отанға» автоматты түрде өтесіңдер.

- Бізге ешқандай ақпарат берген жоқ. Кураторымыз келді де, партбилет берді. Түсіндірген де жоқ. Алдық. Негізі, «Нұр Отан» партиясы осындай да осындай» деп түсіндіруі керек қой. Бізге ешкім де келген жоқ. Куратор «сендер студенттер болғандықтан «Нұр Отанға» автоматты түрде өтесіңдер» деді. Сөйтіп, билетті қалтамызға салып алдық, - дейді студент.

Бірақ ол студент сөз арасында алдын-ала түсіндіру жұмыстары жүргізілмегені болмаса, «Нұр Отан» партиясына мүше болуға еш қарсылығы жоқ екенін айта кетті.

- Қалған партиялардың барлығы қалып жатыр. Қазір билеп тұрған «Нұр Отан» ғой. Енді студент болғасын кіресің ғой. Басқа амал который, - деді студент.

"БАЯҒЫША ҒОЙ"

Бұл оқиға жайлы білмек болып, наурыздың 2-сі күні Атыраудағы мұнай және газ институтына хабарластық.
Студенттермен алдын-ала әңгіме жүргізіледі. Онан кейін өтініштерін жазады. Сол бойынша өтеді. Жаппай өткізу деген жоқ.

Технология факультетінің деканы Аманжан Сағынаев студенттерде партия таңдау еркіндігі сақталғанын айтты.

- Бізде студенттермен алдын-ала әңгіме жүргізіледі. Онан кейін студенттер өтініштерін жазады. Сол бойынша өтеді. Жаппай өткізу деген жоқ. Бәріне міндеттеп жатқан жоқпыз. Кірмеймін дегендері кірмейді, - деді Аманжан Сағынаев.

Оның айтуынша, қазіргі кезде студенттердің көпшілігі - «Нұр Отан» мүшелері. «Ал басқа партияның мүшесімін деген студент болса да, естімедім» дейді декан.

Ал механика факультетінің деканы Насихан Жұмамұхамбетов студенттердің
партияға өту мәселесіне еш қатысы жоқ екенін айтып, бұл турасында
ректоратқа хабарласуды өтінді.

- Оған менің еш қатысым жоқ. «Нұр Отанның» өзінің адамдары бар осында.
Сіз проректорға соғыңыз. «Нұр Отанның» бастығы бар осы институтта.
Солардан сұраңыз, - деді.

«Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаевтың айтуынша, әрбір оқу орындарында партия өкілдері болғанмен оған студенттер өз еріктерімен тартылып отыр. Ол соңғы кезде қайта партияға мүше болу шарттары қатайғанын айтады.

- Біз ешкімді зорлап кіргізбейміз. Партияға кіру үшін адамның өзі арыз жазып, екі кісіден ұсыныс хат алады. Ол екі кісі сол партияға өтетін адамды жақсы білуі тиіс. Оның өмірлік қасиеттерін, партияға өтуге лайық па, әлде оның өмірінде кемшіліктер бар ма, міне, осылар берілгеннен кейін партия оны мүшелікке алу мәселесін қарастырады. Баяғыша ғой. Жиналыста сұрақтарын қойып, оның саяси деңгейін қарайды, - дейді Кеңес Қосыбаев.

Ол оқу орындарында өзге қандай партиялардың өкілдері жұмыс істейтінінен бейхабар екенін айтты.

Кеңес Қосыбаевтың айтуынша, қазіргі кезде Атырау облысы бойынша «Нұр Отан» партиясының 29 мың мүшесі бар. Олардың шамамен 30 пайызы - жастар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG