Accessibility links

Мұнай құбырындағы апат Жанбай ауылын сусыз қалдырды


Мотоциклмен теңізге бара жатқан Жанбай ауылының тұрғындары, Атырау облысы. (Көрнекі сурет)
Мотоциклмен теңізге бара жатқан Жанбай ауылының тұрғындары, Атырау облысы. (Көрнекі сурет)

Атырау облысы Исатай ауданындағы Жанбай ауылында суға төгілген мұнай көлемі мен зиян деңгейі он күн өтсе де анықталған жоқ. Екі ортада ауыз судан қағылған жанбайлықтар «Потенциал ойл» компаниясынан өтемақы талап етіп отыр.


Атырау облысы Исатай ауданындағы Жанбай ауылы маңында мұнай құбырында болған апат салдарынан тұрғындар ауыз су алып отырған каналдың ішіне май төгілген. Қарашаның соңынан бері ауыл тұрғындары ауыз судан қиындық көріп отыр.

МЕМЛЕКЕТТІК ОРЫНДАР БІР БІРІНЕ СІЛТЕЙДІ

Жайық-Каспий экология департаментінің бас мемлекеттік экология инспекторы міндетін атқарушы Қабижан Қапанов судан алынған сынамалар қортындысы мен төгілген мұнай аумағы әлі анықталып жатқанын айтты.

- Біздің тексеруімізше соңғы рет мұнай «Казтрансойлға» 27 қарашада айдалған. Сондықтан суға төгілген тек құбыр бойындағы мұнай ғана. Бүлінген су көлемі шамамен 6-7 мың текше метр, топырақ ауданы - 4 текше метрді құрайды. «Потенциал Ойлға» шамамен 1 млиллиард теңге шамасында айыппұл салатын болармыз, - деді ол.

Атырау облыстық табиғи ресурстар мен табиғат қорғаушылар жұмысын реттеу жөніндегі басқарма бастығы Ербол Қуанов бұл мәселенің өзі басқарып отырған басқармаға қатысы жоқ деп отыр.

- Бұл таза экологиялық заңнаманы бұзу. Бірақ біздің басқарманың бақылау инспекциялық құзыры жоқ. Біз тек жер қойнауын пайдалану туралы келісім-шарттарға бақылау жасаймыз, - деді ол Азаттық тілшісіне.

СУ БЕТІНДЕГІ МҰНАЙДЫ ШҮБЕРЕКПЕН ЖИНАУ

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, оқиға қарашаның 30-ы күні болған. Жанбай ауылының іргесіндегі «Жаңа талап» кенішіндегі «Потенциал Ойл» компаниясының «Казтрансойлға» қарай тасымалдайтын мұнай құбыры жарылып, май ауыл тұрғындарын ауыз су алатын каналдың ішіне төгілген. Апат орнына барған «Ақ Жайық» газетінің тілшісі канал төңірегінде қарғалар жеп тазартқан жануарлар өлексесін, су бетінде өліп жатқан ондатрлар мен шабақтарды көргенін жазады. Ал бір сиырды тіпті жанбайлықтар журналистің көзінше судан сүйреп алып шыққан.

Бұл жайттың барлығын растаған ауыл тұрғындары Азаттық тілшісіне енді ауыз судан қағылып отырғандарын айтты.

- Біз ол суды қайнатып ішіп келеміз. Тек ақшасы барлар ғана көрші Аққыстау ауылынан бір цистерна суды 4 мың теңгеге сатып алады. Ал ол бір айға көп балалы отбасыларға жетпейді. Кем дегенде екі рет сатып алу керек, - дейді тұрғындар.

Жанбайлықтардың айтуынша, мұнай төгілген суды ішкен малдың кейбірі өліп те қалған.

- Біз алғаш көргенімізде май 1,5 шақырымға жайылған еді. Енді оның аумағы күн өткен сайын ұлғайып барады. Оны тездеп жоюдың орнына «Потенциал Ойл» компаниясы мұнайды шүберекпен жинап отыр, - дейді ауыл тұрғыны Нұрғиса Мұхамеджанов.

Ал тұрғындардың тағы бірі Қуан Садиқов мұнайды әлдебір белгісіз ұнтақпен ыдыратып жіберуге тырысып жатқандарын айтады.

- Ол химиялық ұнтақ өмірімізге зиян болмайды деп санай ма сонда? Біз ол ауыз суды қалай ішеміз? - деді ол Азаттық тілшісіне телефон арқылы.

«Потенциал Ойл» компаниясының бас инженері Амантай Әлібаевтың айтуынша, құбырлардың бір-біріне жалғанған жері үзіліп кетіп, соның салдарынан мұнай төгілген.

- Бірақ біз мұнай айдаудағы қысымды 12 атмосферадан асырған жоқпыз. Төгілген мұнайды құбыр ұзындығына сай мөлшерлеп есептеп отырмыз - 360 литр шамасында. Бірақ біз ауыл адамдарының құдығы болса қажет ауыз суды тасмалдап құйып беруге дайынбыз, - деді компанияның бас инженері.

ЖАНБАЙЛЫҚТАР ӨТЕМАҚЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

«Потенциал Ойл» ЖШС бас директоры Мұрат Шувалиевтің жанбайлықтар ішетін суды техникалық су деп бағалағанына жергілікті халық наразы болып отыр.

- Бәлкім бұл суды олар ішпейтін болар. Бірақ біз өмірбақи осы суды ішіп келеміз. Суымыз бүлінді, ендігі әңгіме оны тездеп қалпына келтіру және халыққа өтемақы төлеу туралы болуы тиіс. Және ол өтемақы мал сойып ауылдағы шалдарға қабырға таратуда емес, халық игілігі үшін жасалуы керек, - дейді осы ауылдың 42 жастағы тұрғыны Назар Хамидуллин.

Ал компания бас директоры Мұрат Шувалиев Исатай ауданына бөлінген әлеуметтік көмектің аудан тұрғындарына тікелей жетуіне билік басындағылар кедергі жасап отыр дейді.

- Маған облыс әкімі "сен бізге бер, біз өзіміз білеміз қайда бөлу керектігін" деген болатын, - дейді Мұрат Шувалиев.

Исатай ауданы әкімі Бақберген Қарабаев халық алаңдайтындай ешнәрсе жоқ деп санайды.

- Мексика шығанағында да ештеңе істей алған жоқ. Қолдан келген шаралар жасалып жатыр, жағдайды бақылауда ұстап отыр, - деген ол осында болған апаттың экологиялық салдары туралы жергілікті журналистер қойған сұарққа.

Ал Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Самал Әбірова «төгілген мұнайдың көлемі 1 тонаға жетпегендіктен төтенше жағдай болып саналмайды» деп отыр.

Алайда Исатай аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім бастығы Қыдырәлі Бейімбет төгілген мұнай көлемінің күн санап ұлғайып бара жатқанын мойындап отыр.

- Бастапқы күнмен салыстырғанда мұнай көлемінің жайылып бара жатқанын көзіміз көріп отыр. Бірақ қазір Жанбайға қарай кететін каналдың аузы бекітілген. Мұнай төгілген күннен бастап халыққа ол канал арқылы су берілген жоқ, - деді ол Азаттық тілшісіне.

ШАЛҒАЙДАҒЫ АУЫЛ

Жанбай ауылы облыс орталығынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол Каспий теңізімен іргелес болғандықтан жұрт арасында осы елді мекенді «браконьерлер ауылы» деп те атайды. Осыдан үш жылдан аса уақыт бұрын күн көріс үшін балық аулап теңізге шыққан екі тұрғынның қазақстандық шекарашылар оғынан қаза болғаны туралы кезінде Азаттық радиосы хабарлаған.

Жанбай ауылында қазір 3000-ға тарта адам тұрады. Оның 90 пайызы жұмыссыз. Ауылға жақын Жаңа талап, Забурын, Сазан Құрақ, Мартыши тәрізді бірнеше кеніш орындары орналасқанымен, оған жанбайлықтар жұмысқа тұра алмайды. Ауыл әкімі Әліби Хайдаров өзі әкім болып отырған соңғы бес жылда бірде бір мұнай компаниясының жергілікті тұрғындарды жұмысқа алуға ниет білдірмегенін айтады.

- Егер оларды жұмысқа алу туралы жұмыспен қамту бөліміндегілер квота берсе ғана алынады, - дейді ауыл әкімі Азаттық тілшісіне.

2001 жылы құрылған «Потенциал Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы - шетелдіктер. Дәл осындай апат компания мұнай игеруді бастаған 2006 жылы да болған.

Ол жолы Жанбай ауылы маңындағы биіктігі 30 метрге дейін аспанға шапшыған мұнай бұрқағын бір аптаға дейін ешкім тоқтата алмаған еді. Бірақ ол жолы да тура қазіргідей барлық құзырлы орындар - табиғи ресурстар мен табиғат қорғаушылар жұмысын реттеу жөніндегі басқарма, табиғат қорғау прокуратурасы, төтенше жағдайлар департаментіндегілер аса белсенділік танытпады.
XS
SM
MD
LG