Accessibility links

Қазақстан ядролық отын банкін құруға кірісті


Өскемен қаласы Үлбі металлургиялық зауытындағы уран сақтауға арналған ыдыс.
Өскемен қаласы Үлбі металлургиялық зауытындағы уран сақтауға арналған ыдыс.

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы экологтардың көптеген сауалдарға қарамастан, Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауытында халықаралық жобаны іске асыруды бастап кетті.


2012 жылы мамырдың 30-ы Қазақстан индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің атом энергетикасы комитетінің төрағасы Тимур Жантикин Үлбі металлургиялық зауытында (Шығыс Қазақстан - ред.) 60 тонналық халықаралық ядролық отын банкі құрылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, банкті құру МАГАТЭ-мен (Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттік) шарттың жасалуына қарай, 2013 жылы іске асады.

«ҚОЖАЙЫНЫ БІЗ БОЛМАЙМЫЗ»

Ядролық отын банкі (ЯОБ) – Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) қолдауымен атқарылатын халықаралық жоба. Жобаның басты мақсаттары - әлемдік атом энергетикасын дамытуды қолдау мен ядролық қаруды таратпау тәртібін нығайту.
Қазақстан индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің атом энергетикасы комитетінің төрағасы Тимур Жантикин.
Қазақстан индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің атом энергетикасы комитетінің төрағасы Тимур Жантикин.

Ядролық отын банкін құрушы оператор ретінде бірнеше мемлекет, оның ішінде АҚШ, Ресей, Германия тілек білдірген. Қазақстан өз кандидатурасын 2010 жылы ұсынған болатын. МАГАТЭ Қазақстан аумағындағы екі нысанның бірін таңдау мүмкіндігіне ие болды: ҮМЗ және Семей полигонының №5 алаңы. Таңдау ҮМЗ-ға түсті. Ендігі шаруа - жобаға қатысушылардың келісімге қол қоюы.

Азаттық радиосына берген сұхбатында МАГАТЭ-мен арадағы келісімнің шарттары қарапайым екенін айтқан индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің атом энергетикасы комитетінің төрағасы Тимур Жантикин:

- Банкте сақталатын материал МАГАТЭ-нің меншігі болады. Ал Қазақстан материалды сақтауға арналған орын және тиісті инфрақұрылыммен ғана қамтамасыз етеді. Бұл материалдың қожайыны біз болмаймыз. Келісім осы шарттар негізінде әзірленіп жатыр, - деді.

ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНЫҢ САУАЛДАРЫ

Қазақстанның кейбір қоғам қайраткерлері мен мамандары бұл шешімнің жұрт пікірін ескерместен қабылданғанына наразы. Экологтар «Ел билігі бұл жоба арқылы халықаралық ұпай жинауды ғана көздеп отыр. Олар ЯОБ-тың атын жамылып, Қазақстан аумағында радиоактивті қалдықтардың қоймасын ашпақ» деген күдік айтады.

«Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов «ЯОБ дегеніміз өңделген ядролық отын қалдығын сақтау үшін ойлап табылған бүркеме болып шықпасын» деген күдік айтады.
Қазақстан кәсіпорындары мен ассоциацияларының "Табиғат" экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 8 қазан 2008 жыл.
Қазақстан кәсіпорындары мен ассоциацияларының "Табиғат" экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 8 қазан 2008 жыл.

- Бұл мәселенің анық-қанығы әлі белгісіз. Қайдан не әкелінетіні, бұған қандай елдердің қатысатыны туралы мәселелер анық емес. Сансыз сұрақтың жауабы жоқ, - дейді эколог.

«Руханият» жасылдар партиясы бұл мәселенің төркінін жан-жақты қамтыған сауалдардың тізімін жасап, Қазақстан мен МАГАТЭ басшылығына үндеу түрінде жіберді. Тізімде «Ел үшін бұл жобаны іске асырудың қандай экономикалық, экологиялық және әлеуметтік пайдасы бар; радиоактивті қалдықтар ел аумағына бақылаусыз мөлшерде әкелініп жүрмей ме; жобаның қауіпсіздігін қай тарап қамтамасыз етеді; Қазақстан ықтимал ядролық лаңкестік қатерден өзін қорғауға дайын ба?» деген сұрақтар бар.

Кейбір экологтар мұндай жобалар бойынша қабылданатын шешімдер жария түрде, қоғамның қатысуымен, қоғамдық және парламенттік тыңдалымдар, мүмкін болса жалпыхалықтық референдум өткізу арқылы қабылдануы тиіс деп есептейді.

«ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПАЙДАСЫ ЖОҚ»

Қазақстан индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің атом энергетикасы комитетінің төрағасы Тимур Жантикин мамырдың 30-ы журналистерге Халықаралық ядролық отын банкін құруды МАГАТЭ-ге АҚШ ұсынғанын айтқан еді. Ол Азаттық радиосына берген сұқбатында Қазақстан үшін жобадан түсер экономикалық пайда жоқ екенін мәлім етті.
МАГАТЭ-нің баспасөз мәслихатында БҰҰ-дағы АҚШ өкілі Роберт Вуд сөйлеп отыр. Автсрия, Вена, 8 наурыз 2012 жыл.
МАГАТЭ-нің баспасөз мәслихатында БҰҰ-дағы АҚШ өкілі Роберт Вуд сөйлеп отыр. Автсрия, Вена, 8 наурыз 2012 жыл.

- Бұл - коммерциялық жоба емес. Жоба Қазақстанның ядролық қаруды таратпау тәртібін нығайтуға қосқан үлесімен үндес. Бұл қадам ядролық қаруды таратпау жөніндегі Қазақстан ұстанымының дәлелі болмақ, - дейді Тимур Жантикин.

Оның айтуынша, материалды сақтауға арналған алаң дайындау үшін Қазақстан белгілі бір мөлшерде қаражат жұмсамақ. Қазір тиісті есептеулер жүргізіліп, МАГАТЭ мен Қазақстан мамандары ЯОБ ашылатын орынды қалай дайындау мәселесін анықтап жатыр.

«ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІПТІҢ» ЖАУАПТАРЫ

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының төрағасы Владимир Школьник ЯОБ жобасынан экологияға келіп кетер қандай да бір қауіптің барын жоққа шығарды. Ол баспасөзге арналған хабарламада: «Бұл жобаның қоршаған ортаға ешбір залалы тимейді. Бұл - қалдықтарды сақтау қоймасы емес, сақталатын материал радиоактивті емес. Оның радиоактивтік деңгейі Ақтау мен Степногор арасында жатқан біздің кез келген уран өндіретін шеткері аймақтармен деңгейлес» деп мәлімдеме жасады.
Владимир Школьник. 16 қыркүйек 2008 жыл.
Владимир Школьник. 16 қыркүйек 2008 жыл.

Қазақстанның ұлттық ядролық орталығы мамандарының түсіндіруінше, ядролық қалдықтарды сақтау қоймасы мен ядролық отын банкі дегеніміз - екі бөлек дүние. Олар әр түрлі материалмен жұмыс істейді. Мамандар «банкте «су жаңа», яғни сәулеленбеген ядролық отынды сақтау көзделген. Сондықтан оның қауіптілік деңгейі біздің елімізде көп мөлшерде өндіріліп жатқан уранның қаупінен жоғары емес» дейді.

ЯОБ атом электростансаларын (АЭС) құруға арналған отын өндіру үшін кем байытылған уранның кепілдендірілген аз қорын сақтау үшін ашылмақ. Уран байыту технологиясы жоқ елдер өндіріске қажет көлемде ядролық отынды алу үшін банк операторына өтініш береді. Ядролық қаруды таратпау тәртібіне зиян келтірместен, өзінің атом энергетикасын дамытуға мүмкіндік алатын елдердің қатары көбейеді деп болжануда.

Ядролық отын банкінде уран гексафториді түріндегі 30-дан 70 тоннаға дейін материал сақталады деп жоспарланған. Бұл көлемнің ҮМЗ-ның өндірістік қоры ретінде сақталынатын уран көлемінің 10 пайызынан аспайтынын айтқан ҮМЗ баспасөз қызметінің жетекшісі Вера Епифанова:
Украиналық белсенділер Киевтегі АҚШ елшілігінің алдында Украинада ядролық отын өндіруге қарсы акция өткізіп тұр. Украина, 9 шілде 2009 жыл.
Украиналық белсенділер Киевтегі АҚШ елшілігінің алдында Украинада ядролық отын өндіруге қарсы акция өткізіп тұр. Украина, 9 шілде 2009 жыл.

- Ядролық отынды сақтауда ҮМЗ-нің 50 жылдық тәжірибесі бар. ҮМЗ-нің осы бағыттағы қызмет барысын 1995 жылдан бері МАГАТЭ инспекторлары қадағалайды. Зауыттың бүкіл инфрақұрылымы МАГАТЭ стандарттарына толықтай сәйкес келеді және ЯОБ-тегі материалдардың қауіпсіз сақталуын қамтамасыз етуге зауыттың шамасы жетеді, - дейді.

ҮМЗ басшылығы ядролық отын банкінің қоршаған ортаға әсері ұлғаяды деген қауіпті жоққа шығарып отыр. Біріншіден, қоршаған ортаны ластау тұрғысынан алғанда, ядролық отынды сақтау жөніндегі атқарылатын жұмыстар қауіпті емес. Екіншіден, банкте ядролық материалдың аз мөлшері сақталады. Қазақстанның ядролық отын банкіне жұмсаған шығындарын банктің иесі мен оның мүшелері өтеп береді деген болжам бар.

2010 жылы Азаттық сайтында тұңғыш рет жарияланған Үлбі металлургиялық зауыты туралы видеорепортаж:

Қазақстан уран сақтау орталығын құрмақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:36 0:00
XS
SM
MD
LG