Accessibility links

Сайқымазақ Саша Коэн «Борат» фильміне түскен азаматтарды сотта жеңді


Британдық сайқымазақ артист Саша Барон Коэн кинода сомдаған кейіпкері – қазақ журналисті Борат Сағдиев бейнесінде.
Британдық сайқымазақ артист Саша Барон Коэн кинода сомдаған кейіпкері – қазақ журналисті Борат Сағдиев бейнесінде.

Нью-Йорктің қайта шағымдану соты белгілі сайқымазақ артист Саша Барон Коэннің пайдасына үкім шығарды. «Борат» фильмінде кейбір рольдерді сомдағандар оның үстінен сотқа шағымданған болатын.

«АР-ҰЯТТАН ЖҰРДАЙ ЖАЛҒАНДЫҚ»

АҚШ-тың қайта шағымдану соты the Twentieth Century Fox Film компаниясына қатысты былтыр шығарылған төменгі сот инстанциясының үкімін күшінде қалдырды. Былтыр сот аталған компанияның үстінен берілген талап арызды қанағаттандырмай тастаған болатын.

Сот процесі «Борат: Сайыпқыран Қазақстан халқының игілігі үшін Американы мәдени зерттеу» фильмінде кейбір рольдерде ойнаған адамдардың арызы негізінде басталған еді. Арыз иелері компания осы фильмге түсуге көндіру арқылы өздеріне эмоционалдық зардап тигізгенін айтады, деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.

Фильмде ойнаған кісілер, соның ішінде Борат нәжіс толы пакетпен қонаққа келетін салтанатты түскі ас эпизодында роль ойнағандар, соттан компанияны кінәлі деп табатын шешім шығаруды сұраған болатын. Олар компанияны өздерін алдап, алаяқтықпен ақша тапты деп айыптады.

Олардың сөзіне қарағанда, деп жазады Bloomberg агенттігі, төменгі сатыдағы сот инстанциясының үкімі мәтінінде жазылған «деректі фильм» сөзінің екіұштылығында гәп бар. Мұндай екіұштылық аталған соттың бұлардың талап арызын қабылдамай тастау туралы шешім шығаруына жеткілікті құқықтық негіз бере алмайды.

«Борат бейнесі ойдан шығарылғанымен, қойылымда оның іс-әрекеті нақты дерекке негізделген дәстүрлі деректі фильм стилінде түсірілген», – делінген қайта шағымдану сотының үкімінде.

Басты рольде сайқымазақ Саша Барон Коэн ойнаған «Борат: Сайыпқыран Қазақстан халқының игілігі үшін Американы мәдени зерттеу» фильмі жұртшылық назарына алғаш рет 2006 жылы қараша айында ұсынылған болатын. Көпшілікке арналған қойылымы театрларда бастала салысымен, фильм билет сатудан 26 миллион доллар жинап, бірден демалыс күндеріндегі көрсетілімдер арасындағы түсімі ең көп туындыға айналды.

Бейнеқойылымда Коэн қазақ журналисі Борат Сағдиевтің роліне ойнайды. Ол американдықтармен нақты өмірде кездесіп, өрескел де дөрекі түрде өзіне жат мәдени ортаға сіңісіп кетуге тырысады.

Сотқа арызданушылар өздерінің алданғандарын алға тартып отыр. Оларға «сендер деректі фильмге түсесіңдер, ол шетелдік репортер немесе Америкаға бұрынғы советтік республикадан келген бір жоғары қызметтегі адам туралы болады» делініпті. Қайта шағымдану сотының құжатына сай, оларға «бұл кадрлар белорус теледидары арқылы көрсетілетіні» жайында уағда берілген, деп хабарлайды Bloomberg.

«Мұндай үкімнен адам жаны түңіледі, – дейді сотқа арызданушы жеті кісінің алтауының адвокаты Адам Ричардс. – Бұл қоржыны қаражатқа толы the Twentieth Century Fox Film тәрізді тараптарға адамдарды тікелей алдауға мүмкіндік әпереді. Әрі осындайлар мағынасы бұлыңғыр құжат жасату арқылы мынадай қиын ахуалдан сүттен ақ, судан таза боп құтылып кетіп отырады».

«ВАННА МЕН ДӘРЕТХАНА ӘДЕБІ»

The Twentieth Century Fox Film компаниясының ресми өкілі Крис Петрикиннен аталған жайтқа қатысты тікелей түсініктеме алу мүмкін болмады, деп жазады агенттік. Алабама штаты аумағындағы Бирмингем қаласындағы Etiquette Training Services Inc атты компанияның иесі Синди Стрейт те фильмдегі салтанатты түстік туралы эпизодтағы рольде ойнапты. Бұл сәтте көрсетілімде Борат, яғни актер Коэн, ванна бөлмесінен дастархан басына оралады.

Арызданушы сотқа берген шағымында, сол сәтте Саша Барон Коэннің «қолында оның өзінің нәжісіне толы полиэтилен пакет болған» деген долбар айтады. Арыз беруші шынында да кинокомпанияның бірінің қызметкері «түстік туралы сцена түсірілгенге дейін полиэтилен пакетке дәрет сындыруы» мүмкін екендігін жазады.

Өз арызында Синди Стрейт бұл нақты өмірдегі Коэннің ванналық әдебінің мәдениеті қай деңгейде екендігін көрсетті, дейді. Қойылымды түсіру барысында салтанатты түстік ас Secession немесе «Бөліну» (бұл сөздің басқа мағынасы «шығу» (одақтан), сонымен қатар «түсіп қалу», «бөлініп түсу») атты жекеменшік жол аумағында берілетін болады деген жалған сөз айтылады.

Сотқа арыз бергендердің тағы бірі – Perry Hall Driving School атты жекеменшік автомектептің иесі. Даулы фильмде ол Боратқа автокөлік жүргізуді үйреткен кейіпкердің рөлінде ойнаған. Кинода ол жол жүру ережелері бойынша тыйым салынған бағытта даңғылмен көлік айдайды. Яғни, ол автокөлікті оң жақ қапталмен жүру ұстанымы бойынша жүргізеді.

Эпизодта ол көлікті «қиқылдата күрт артқа бұрып», жаяу жүргінші әйелге 10 доллар берем, бірге көңіл көтерейік дегенді айтып жабысып одан қалмайды, деп жазылған талап арызда. Алайда, фильмде ойнаған бұл адамға, оның өзінің айтуына қарағанда, киноны түсірушілер қойылым «шетелдіктердің американдық тұрмыс салтына бейімделуі жөнінде» болады деген екен.

«Ол автокөлік жүргізу мұғалімі, – деп түсіндіреді арыз иесінің адвокаты Питер Левин өзінің телефон арқылы Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында. – Барлық құрлықтардан келген адамдарға сабақ берген ол шетелдіктердің АҚШ өміріне сіңісіп кетуі жөнінде фильм түсірмекші болды. Оны алдап, ақымақ етіпті, ал сот болса мұндай іс-әрекетке рұқсат беріп, жайбарақат отыр».

Адвокат «Боратты» деректі фильм деуге келе ме, келмей ме деген сұрақтың жауабын табуды алқа билер құзіретіне беру керек еді деп назаланады.

Қайта шағымдану соты the Twentieth Century Fox Film компаниясының продюсерлері өздерін алаяқтықпен фильмде ойнауға көндірді деп арыз түсіргендердің сөзі негізсіз деген тоқтамға келді. Себебі, делінген сот үкімінде, арызданушылар өздеріне айтылған сөздің өтірік не шын екенін тексеруге тырыспаған. Мәселен, олар аты аталған «репортермен» кездесу ұйымдастыруды талап етпеген, оның толық аты-жөнін де сұрастырмаған.

«Біз мұның алдында округ соты қабылдаған шешім тәрізді шешім қабылдадық: ешбір сот сарапшысы «Бораттың» деректі фильм еместігін дәлелдеп бере алмайды. Деректі фильм жанрының нақты шекарасының қандай екендігіне қарамастан, «Борат» аталған шекті аттамастан, оның аясында түсірілген», – деген АҚШ сотының сөзін келтіреді Bloomberg агенттігі.
XS
SM
MD
LG