Accessibility links

Боксшы Қанат Ислам 22-кездесуін Алматыда өткізбек


Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам. Алматы, 23 қыркүйек 2016 жыл.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам. Алматы, 23 қыркүйек 2016 жыл.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам 29 қазанда Алматыда ганалық Патрик Аллотеймен рингке шығады.

32 жастағы Қанат Ислам бұл жекпе-жекке жаттықтырушысы Нельсон Лопеспен бірге Алматыдағы AIBA (Халықаралық әуесқой боксфедерациясы) бокс академиясында жаттығады. Боксшының айтуынша, оған спарринг қарсылас ретінде қазақстандық Жанқош Тұраров пен 2013 жылғы әлем чемпионы, Рио олимпиадасының қатысушысы Жәнібек Әлімханұлы көмектеспек.

– Бұл кездесуге екі айдан бері дайындалып жатырмын. Қытайдан да түрлі компаниялар ұсыныс жасап, кездесу өткізгісі келді. Бірақ Азияға келген соң Алматыда неге өткізбеске деп ойладым. Олардың ұсынысы көңілімнен шықпады. Аллотей – мықты қарсылас. Оны алғашқы раундтарда құлатамын деп те уәде бере алмаймын. Бірақ жеңіске жетуге барымды саламын, – дейді боксшы.

Қанат Ислам: Бізге кәсіпқой бокс жақындау
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:00 0:00

Қанат Исламның қарсыласы ганалық 25 жастағы боксшы Патрик Аллотей кәсіпқой рингте 36 кездесу өткізіп, 34 кездесуде жеңіске жеткен, екі кездесуде жеңілген. Ал Қанат Ислам кәсіпқой рингте 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Ол 19 жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтаған.

Қазанның 29-ындағы кездесуде жеңіске жеткен боксшы супер орта салмақта (69 кг – ред) WBO (Әлемдік бокс ұйымы) тұжырымы бойынша құрлықаралық чемпион және IBO (Халықаралық бокс ұйымы) тұжырымы бойынша халықаралық чемпион атағын алады. Ал Қанат Ислам WBA Fedelatin нұсқасы бойынша Америка аймағы чемпионы атағын қорғауы тиіс.

– Қанат Ислам қазір WBC (Әлемдік бокс кеңесі) рейтингісінде 5-орында тұр. Егер Аллотейді жеңсе рейтингте үздік үштікке енеді. Бұл рейтинг Қанат Исламға кез келген уақытта әлем чемпионы атағын таласуына мүмкіндік береді, – дейді Қанат Исламның демеушілерінің бірі Бауыржан Оспанов.

«ҚАНАТТЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ЕТКІМ КЕЛЕДІ»

Қанат Исламның промоутері әрі жаттықтырушысы америкалық Нельсон Лопес «Аллотей Қанат Исламның карьерасындағы мықты қарсылас болмақ» деп бағалады.

– Қазақстандық боксшылармен 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Ал Қанат Исламды жеті жыл жаттықтырып жүрмін. Мақсатым – Қанат Исламды әлем чемпионы етіп шығару. Қазіргі бар ойымыз Патрик Аллотеймен өтетін кездесуде. Осы жекпе-жекте жеңіске жетсек алда әлем чемпионы атағына таласу үшін келіссөздер жүргіземіз, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Қанат Исламның проумоутері Нельсон Лопес баспасөз мәслихатында. Алматы, 23 қыркүйек 2016 жыл.
Қанат Исламның проумоутері Нельсон Лопес баспасөз мәслихатында. Алматы, 23 қыркүйек 2016 жыл.

Қанат Ислам осыған дейін Азаттыққа берген сұхбаттарында 21 кездесудің барлығында ақы алмағанын айтқан. Алматыда өтетін кездесуде ол алғаш рет жекпе-жек өткізгені үшін сыйақы алмақ.

– Гонарар болады. Бірақ қанша болатыны, қалай болатынын промоутерлерім құпия сақтап отыр. Қазақстанда кәсіпқой бокстың деңгейін көтергім келеді. Сондықтан Алматыда жекпе-жек өткізсем деген мақсат үшін көп жұмыс істедік, – дейді боксшы.

Қанат Ислам бұл кездесуден кейін жыл соңына дейін Америка құрлығында тағы бір жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр. Ол 2017 жылы «кем дегенде төрт кездесу өткізсем» дейді.

Қанат Ислам мен Патрик Аллотей арасындағы кездесу 13 мың орындық "Алматы Арена" спорт кешенінде өтеді. Билеттер қазан айынан бастап сатылымға шықпақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «билет студенттер де де, қарапайым халық та ала алатындай болады».

Қанат Исламның Джонатан Батистаны (Доминикан) жеңген кезі. Майами, 7 қараша 2015 жыл.
Қанат Исламның Джонатан Батистаны (Доминикан) жеңген кезі. Майами, 7 қараша 2015 жыл.

Қанат Ислам соңғы рет мамырдың 9-ында Флорида штатында колумбиялық Хуан де Анхельмен кездесіп, алтыншы раундта жеңіске жеткен.

Қытайда туған Қанат Ислам сол елдің атынан Пекин олимпиадасына қатысып, қола медаль иеленген. Пекин олимпиадасынан кейін ол Қазақстанға қоныс аударған. Қанат Ислам 2012 жылғы Лондон олимпиадасына Қазақстан атынан қатыспақ болған кезде азаматтық-құқықтық дау туған соң кәсіпқой боксқа бет бұрған. Кейін Майамиге (АҚШ) барып, Нельсон Лопестің проумоутерлік компаниясымен келісім-шарт жасасқан. Қазір Қанат Исламның барлық кездесуін осы компания ұйымдастырып жүр. Қазақстанда құрылған «Астана» президенттік клубы Қанат Исламды өз құрамына алып, демеушілік көрсетпек болған. Бірақ, боксшының айтуынша, екі тарап ортақ келісімге келе алмаған.

XS
SM
MD
LG