Accessibility links

Қолы жоқ суретшіден британдықтар кешірім сұрады


Қазақстандық суретші, ядролық қаруға қарсы қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіков. Фото VK.com желісінен алынды.
Қазақстандық суретші, ядролық қаруға қарсы қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіков. Фото VK.com желісінен алынды.

Суретші, антиядролық қозғалыс белсендісі, қолы жоқ Кәріпбек Күйіковке саусақ таңбасын өткізбегендіктен Ұлыбритания визасы берілмеді. Ағаттықты артынан түсінген британдық шенеуніктер ғафу өтінді.

44 жастағы суретші және Қазақстандағы антиядролық қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіков Семей ядролық полигоны орналасқан Егіндібұлақ ауылында туған.

Туғаннан қолы жоқ ол өз картиналарын қылқаламды тісімен немесе аяқтарының башпайымен қысып салады. Ол Ұлыбританияның құрамына кіретін Шотландия астанасы Эдинбургте сәуір айында өткен антиядролық конференцияға қатысуды жоспарлаған. Алайда ол Ұлыбритания визасын ала алмады.

Күйіков Ұлыбритания елшілігінен виза қойылған төлқұжаттың орнына «Сіз сапасы нашар биометриялық деректерді өткізгенсіз» деп жазылған хат алыпты. Хатта виза ресімдеуге қайтадан тапсырыс беру үшін визалық қолдау орталығына жолығуды ұсынған. Бұл үшін, хатта жазылғандай, «сапасы жақсы жаңа биометриялық деректерді», яғни айқын басылған саусақ таңбасын өткізуі тиіс болған.

Кәріпбек Күйіков виза алу үшін Алматыдағы британдық виза орталығына өзі арнайы келіп, мүгедек екені көріну үшін тігінен де, қырынан да суретке түсіп кеткенін Азаттық тілшісіне берген сұхбатында айтады. Алайда Ұлыбритания консулдығының мамандары оған назар аудармаған тәрізді. Кәріпбек Күйіковтің айтуынша, 2012 жылы АҚШ-қа барған сапарында визадан қиындық тумаған.

Ұлыбританияның ішкі істер министрлігі (ІІМ) Азаттық тілшісіне «консулдық Күйіков мырзаға виза беруден бас тартқан жоқ, ал туындаған қиындықты «түсінбестік» салдары деп есептеуге болады» деп хабарлады. Кейбір қазақстандық ақпарат құралдары Ұлыбританияның қолы жоқ суретшіге виза беруден бас тартқаны туралы бұрын да жазған болатын.
Қазақстандық суретші, ядролық қаруға қарсы қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіков Голландияда. Фото VK.com желісінен алынды.
Қазақстандық суретші, ядролық қаруға қарсы қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіков Голландияда. Фото VK.com желісінен алынды.

Дегенмен британдық шенеуніктер Кәріпбек Күйіковтен кешірім өтінген көрінеді.

– Бүгін виза орталығынан хабарласып, менен кешірім сұрады. Олар виза ашуды ұсынып еді, бірақ конференция өтіп кетті ғой, енді Ұлыбританияға бармайтын шығармыз. Бірақ олар ресми түрде кешірім сұрап, жағдайдың бұлай болғанына өкініш білдірді, - деді Кәріпбек Күйіков.

Суретші Эдинбург қаласында өткен антиядролық конференцияға бара алмағанына қынжылады. Конференция аясында Кәріпбек Күйіковтің картиналарының көрмесі ұйымдастырылып, ядролық сынақтардың қатері мен зардаптары туралы ақпарат беретін «Атом» жобасын таныстыру жоспарланған екен.

Кәріпбек Күйіков ядролық сынақтардың зардаптарының тірі үлгісі ретінде Қазақстандағы «Назарбаев-орталық» мемлекеттік ұйымы жүзеге асыратын «Атом» жобасының құрметті елшісі міндетін атқарады. Жоба сайтында жазылғандай, Күйіков өз миссиясын «ядролық сынақ құрбандарының ең соңғысы мен болуға тиіспін» деп біледі.
XS
SM
MD
LG