Accessibility links

Теңіз кенішіндегі жүргізуші жұмыссыз қалғандықтан өзіне қол салды дейді әріптестері


Теңіз кеніші мұнайшылары тұратын «Шаңырақ» вахталық кенті. Атырау облысы, 2010 жыл.

Наурыздың 10-ы күні туыстары Атырау облысындағы «ESS Support Services» компаниясы жүргізушісі болып істеген Амангелді Сүлейменовті ақтық сапарға шығарып салды. Өз-өзіне қол жұмсап мерт болған марқұмның әріптестері оның ажалына жұмыстағы жағдай түрткі болғанын айтады.


Атырау облысындағы Теңіз кенішін игеріп жатқан «Теңізшевройл» кәсіпорнының мердігері «ESS Support Services» компаниясы жүргізушісі өз-өзіне қол жұмсап мерт болды. Марқұмның әріптестері оның бұндай әрекетке жұмыстан босап қалғандықтан барғанын айтады.

Суыт оқиға наурыздың 7-сі күні Теңіз кеніші мұнайшылары тұратын «Шаңырақ» вахталық кентінде болған.

«ESS Support Services» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысшыларының Азаттық тілшісіне мәлімдеуінше, жасы алпысты алқымдаған Амангелді Сүлейменов компания басшылығымен болған әңгімеден кейін өзіне-өзі қол жұмсап мерт болыпты.

Марқұм «Теңізшевройл» компаниясына қызмет көрсетуші «ESS Support Services» мердігерлік компаниясында жүргізуші болып жұмыс істеген екен.

- Одан компания менеджерлері өзі жүргізетін автобус көлігін бүлдіргенін жасырғаны үшін өз еркімен жұмыстан кету жөнінде арыз жауды талап еткен. Ол осы әңгімеден кейін өз бөлмесіне келіп асылып қалды. Ал оның бар кінәсі - жол бойындағы белгіні қағып кеткен. Одан автобустың бүлінген дәнеңесі жоқ, - деп хабарлады Азаттық тілшісіне марқұмның әріптестері.

Жылыой аудандық ішкі істер бөлімі бастығы Нұрхат Оразбаев баспасөз өкілдеріне жасаған хабарламасында «ESS Support Services» қызметкерінің өзіне қол жұмсағанын растады. Оның айтуынша, кісі өлімі туралы ақпарат Теңіз кентіндегі жедел топ бөлімшесінен наурыздың 7-сі кешкісін түскен.

Полиция бастығы қазір іс материалдары бөлімшеге тіркеліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын айтты.

«ESS Support Services» компаниясының бас менеджері Рон Кукарни Азаттық тілшісінің сұрағына жазбаша жауабын жолдады.

«ESS Support Services» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы бұрын өз еркімен жұмыстан кеткен Аманкелді Сүлейменовтің наурыздың 7-і күні өзіне қол жұмасағаны туралы фактіні растай алады. Осы қиын уақытта біз ол кісінің жанұясының, жолдастарының және әріптестерінің қайғысына ортақпыз. Бұл факті бойынша полиция тергеу жүргізетіндіктен әрі қарай талқыға салу орынсыз болады», - деп жазылған жазбаша хатта.

«ESS Support Services» компаниясы жұмысшылары жалақының аздығы мен қазақстандық мамандарды алалауға жол беріліп отырғанына наразылық білдіріп осыған дейін бірнеше рет мемлекеттік органдарға шағым жасаған болатын.

Олардың 2008 жылдың қазан айында ереуілге шығуға талпынғандары туралы Азаттық сайты бұған дейін де жазған еді.
  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

Пікірлерді көріңіз (3)

Бұл форум жабық. Бірақ пікірталасты Азаттықтың Facebook-парақшасында жалғастыра аласыз: https://www.facebook.com/azattyq
XS
SM
MD
LG