Accessibility links

Орталық Азия билігі дін мәселесін заңмен реттеуге кірісті


Тәжік мешітіндегі жастар. Душабе, 21 қыркүйек 2009 жыл.
Тәжік мешітіндегі жастар. Душабе, 21 қыркүйек 2009 жыл.

Қырғызстанның Ош облысында енді кез-келген адамның мешітте түнеуіне тыйым салынды. Ал Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонов 18 жасқа толмаған балалардың мешітке барып намаз оқуына рұқсат етпейтін заңды мақұлдады.


Енді Оштағы мешіттер мен медреселерде оқушыларға да түнеуге жол жоқ. Қала қазияты мұны қауіпсіздік мәселесімен байланыстырады.

ҚЫРҒЫЗСТАН ҚАУІПСІЗДІККЕ КӨҢІЛ БӨЛІП ОТЫР

– Бұл дұрыс шешім. Бұл биліктің де, мүфтияттың да талабы. Себебі мешіт – түнде кіріп, түнеп кете беретін қонақ үй емес. Егер өткен-кеткен біреу мешітте түнеп, дінге әдепке жат бір нәрсе істеп жасап қойса, ол бүкіл мұсылмандар мен діни қайраткерлердің атына сөз келтіреді, – дейді Ош қаласының қазиы Шәкір қажы Маматов.

Тыйым мешіт қабырғасында ислам негіздері мен араб тілінен дәріс алатын оқушыларға да қатысты. Жақын арада оларды басқа діни оқу орындарына көшірмек. Бірақ бұл тыйым жергілікті жерде дінді үгіттеп
Мешіттегі жамағат. Ош, 13 мамыр 2009 жыл.

жүретін дағуатшыларға жүрмейді екен. Себебі оларға кез-келген жерде түнейтін орын табыла бермейді. Дағуатшы Азамат Салиев:

– Біз Ош пен оның айналасында діни үгіт жүргіземіз. Адамдарды мешітке баруға шақырамыз. Адамдар азғындап кетпеуі үшін оларды жақсылыққа шақырамыз. Тамақтарымызды өзімізбен алып жүреміз, бірақ мешітте түнейміз. Бөтен жерде қайда барып түнейміз? – дейді дағуатшы.

Алайда бірқатар имамдар мен діни қайраткерлер мүфтияттың мұндай шешіміне қарсы. «Салман Фраси» мешітінің имамы Шахмұхамед алыстан келіп қалған адамның қонатын жері болмайтынын айтады. Оның айтуынша, егер жақсы таныс, дін мен мемлекетке қатысты ешқандай бөтен ойы жоқ адам мешітте түнеуді сұрайтын болса, оны қайтарып жіберу орынсыз.

Сарапшылар Бішкек мешіттерінде бұрын да түнеуге тыйым салынып келгенін айтады, кейбіреулері мұны елдегі діни жағдайды реттеумен түсіндіреді.

ДУШАНБЕ ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМНІҢ АЛДЫН АЛМАҚ

Тәжікстан да дін мәселесін біртіндеп қолға алып жатыр. Ел үкіметі биыл қаңтар айынан бастап имамдарға жұма намазының құтпасында оқитын дәрістердің тақырыптарын өзі бекітіп береді. Тәжікстан бұдан бұрын
Қорғантөбе мешітіндегі жастар. Тәжікстан, 4 тамыз 2010 жыл.

мұсылман елдерінде діни білім алып жатқан 1500-дей студентін кері қайтарып алған.

Ал тамыз айының 3-і күні Тәжікстан ата-аналардың балаларын тәрбиелеуі мен білім беруіндегі жауапкершілігіне қатысты заң қабылдады. Ол заңға сай, 18 жасқа толмаған балалардың мешітке барып, намазға қатысуына тыйым салды. Балалар мешітке тек діни мерекелер мен жаназа намазы кезінде ғана бара алады. Кәмелетке толмағандар жұма намазына қатысса, ата-анасы жауапқа тартылады. Мешітке тек діни оқу орындарында оқитын балалар ғана бара алады. Тәжікстан билігі мұны елдегі жастарға исламшылдар ықпалының өсе түскенін шектеу шараларының бірі деп түсіндіреді. Тәжік президенті Эмомали Рахмон адам құқын қорғаушылар мен Ислам қайта өрлеу партиясының қарсылығына қарамастан, заңға қол қойды.

ҚАЗАҚСТАНДА ДА МЕШІТКЕ ТҮНЕУГЕ РҰҚСАТ ЖОҚ

Қазақстанда дінге байланысты мәселелердің жай-жапсары қалай екенін білмек болып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Оңғар қажы Өмірбекке хабарластық. Ол Қазақстан мешіттерінде ешкімнің түнеуіне рұқсат етілмейтінін айтты.

– Мешіттер жалпы таң намазының алдында ашылады да, кешкі құптан намазынан соң жабылады. Онда түнде қонуға рұқсат етілмейді. Себебі адам болған соң түрлі жағдай болады. Мешіт құлшылық жасайтын
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Оңғар қажы Өмірбек. Алматы, 27 қыркүйек 2010 жыл.

Алланың үйі болғандықтан, онда түнеуге рұқсат жоқ. Тек рамазан айының соңғы 10 күні – «иттиқаф» деп аталатын күндерде ғана түнде құлшылық жасауға рұқсат. Ал мешіттер жанындағы арнайы сауат ашу курстарында оқитындар күндіз сабақтарын оқып, кешке қайтып кетеді. Тек Көктөбе мешітінің жанында арнайы жатақхана бар, сонда діни курстарға қатысатын балалар ғана жатып оқиды, – дейді Оңғар қажы Өмірбек.

«Ал Қазақстанда кәмелетке толмаған жастардың экстремизмге ұрыну қаупі байқала ма?» деген сұрағымызға:

– Бізде ондай қауіп жоқ. Бізде діни сауат ашу курстары тек мүфтиятқа тіркелген мешіттерде жүргізіледі. Мешіттер жанындағы сауат ашу курстары 18 жасқа толмаған балаларды ата-аналарының рұқсатымен, табыстауымен ғана қабылдайды, – деп жауап берді Оңғар қажы Өмірбек.

Оның айтуынша, осы себепті ислам экстремизмінен Қазақстанға қауіп жоқ көрінеді.

Атырау облыстық мешітінің наиб имамы Еркебұлан Қарақұловтың ойынша, «мешіттердің түнде жабық болуы шариғатқа ешқандай қайшы емес, Мекке қаласындағы мешіттерден өзге әлем елдерінің барлығында мешіттердің түнде жабық болады».

Алматы қаласындағы Орталық мешітте дін ұстанып жүрген бір-екі жастың пікірін білдік. 25 жастағы Мұхтар Бекжан Қазақстандағы мешіттердің түнде жабық болуын бір есепті дұрыс деп санайды. Біріншіден, мұсылмандар
Атырау облысы Жылыой мешітінде намаз оқып тұрған жастар. Атырау, 22 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

басшының бұйрығын орындауға міндетті, екіншіден, түрлі топтар түн ішінде мешітті пайдаланып, астыртын әрекеттер жасауға ақылдасу үшін жиналуы мүмкін екенін айтады сұхбаттасымыз.

Ал «Тәжікстандағыдай Қазақстанда да жасөмпірімдердің мешітке баруына тыйым салынса, оны қалай қабылдайтын едіңіз?» деген сұрағымызға ол былай деп жауап берді:

– Жасөспірімдердің мешітке баруына тыйым салу дұрыс емес. Өйткені қазір мешітке келетіндердің көпшілігін жастар мен жасөспірімдер құрайды. Егер тыйым салынса, онда жастар тарапынан қарсылыққа ұшырайды. Сосын белгілі бір топтар, мысалы экстремистер ол қарсылықты өз мақсатына пайдаланып, мемлекетке қарсы айдап салуы мүмкін. Сондықтан бұған атүсті қарауға болмайды.

Он бірінші сынып оқушысы Шынболат қолы бос кезде, ата-анасы рұқсат бергенде жұма намазына келіп тұратынын айтты.

– Мектеп жасындағы балалар бос уақыттарын мешіт-медреселерге барып өткізбегенде, басқа қай жерге барып өткізеді? Онда олар компьютер, ойын клубтарына барып, КВН ойнауға уақыт жұмсайды. Мұның орнына мешітке барған дұрыс, – дейді Шынболат.
XS
SM
MD
LG