Accessibility links

Назарбаева қарасораны кәдеге жаратуға шақырды


Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның көкнәр туралы ұсынысынан кейін Facebookта пайда болған демотиватор.
Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның көкнәр туралы ұсынысынан кейін Facebookта пайда болған демотиватор.

Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева қарасора өсетін алқапта зауыт ашып, бюджетке пайдалы іс жасауға шақырды. Оның "есірткіні иіскеп те көрмеппін" деген сөзі әзілге себеп болды.

Қаңтардың 13-і күні мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева үкімет сағатында Шу алқабындағы жабайы қарасора плантацияларын дәрі-дәрмек жасау үшін ірі фармацевтикалық компанияларға беру туралы ұсыныс айтты.

"ҚАРАСОРАНЫ ДҰРЫС МАҚСАТТА ҚОЛДАНУ" ҰСЫНЫСЫ

Депутат әуелі қарасорадан жасалатын дәрі-дәрмектер СПИД, Альцгеймер сияқты ауруларды емдеуге қолданылатынын айтты. Дариға Назарбаеваның пікірінше, 140 мың гектар жерге жайыла өскен жабайы қарасораны өңдеп, кәсіби түрде қолдана алатын зауыт ашу керек.

Депутат жаңа ашылған зауыт тек дәрі-дәрмек шығарып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарып ашып, мемлекет бюджетке де салық төлеп, пайда әкелуі мүмкін деп ойлайды. Ол мұндай идея ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың баяндамасынан кейін туғанын, әлі көпшілік арасында талқыланбағанын да айта кетті.

«Оны (қарасора алқабын - ред.) жою үшін бюджеттен қаншама қаржы кетті? Ол тиімді ме? Мүмкін қазір жабайы қарасораны шын мәнінде дұрыс мақсатта,
Уругвай - есірткінің бір түрі марихуананы заңдастырған жалғыз ел. (Көрнекі сурет)
Уругвай - есірткінің бір түрі марихуананы заңдастырған жалғыз ел. (Көрнекі сурет)
медицина үшін, халық шаруашылығын дамыту үшін қолданатын кез келген шығар» деді депутат Дариға Назарбаева ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бұған дейін "қарасораны өндірістік тұрғыда өңдеу ісін" ашуға талпынғанын, бірақ оның нәтижесіз қалғанын айтты. Министр Ауғанстаннан НАТО әскерлері шыққан күні есірткі тасымалы мәселесі Қазақстанда да шиеленісіп кетуі мүмкін екенін, сондықтан бұл ел қарасора плантацияларын жоя ма немесе дәрі-дәрмек үшін қолдануы керек пе - осы жағын айқындап алуы керек екенін ескертті.

Ал депутат Дариға Назарбаева көкнәрден пайда көру туралы ұсынысын:

"Мені нашақор деп айыптамайтын шығар деп үміттенемін. Мен есірткіні ешқашаны татып, тіпті иіскеп те көрген емеспін, шынымды айтсам, иісі қандай болатынын да білмеймін" деп аяқтады.

Депутаттың бұл сөзі әлеуметтік желіде біраз мысқылға өзек болды. "Иісі қандай екенін білмеуі дәмін көрмегеніне дәлел емес. Көрсе де иісі сондай боларын білмеген шығар" дейді Айка Джанаева есімді Facebook қолданушысы.
Бәрінен бас тартпағанда қайдағы бір шөпті көрмегеніңіз не.
Асхат Ахмедьяров есімді Facebook қолданушысы.

Ал Асхат Ахмедьяров есімді азамат "Бәрінен бас тартпағанда қайдағы бір шөпті көрмегеніңіз не" деп кекетеді.

Қазақстанның Жамбыл облысындағы Шу алқабы есірткінің шикізаты - қарасора өсетін жер ретінде белгілі. Ресми дерек бойынша, мұнда 130 мың гектар жерде жабайы қарасора өседі.

"ҚАРАСОРАНЫ ЗАҢДАСТЫРУ КЕРЕК"

Қарасорадан пайда түсіру жайлы ұсыныс өткен аптада Қазақстанға көршілес Қырғызстанда да айтылған еді.

Қырғызстандағы жемқорлықтың өршуіне есірткі бизнесінің қалай әсер етіп отырғанын айтқан қырғыз дәрігері, нарколог Жеңішбек Назаралы билікті қарасора алқаптарын заңды тұрғыда өсіріп, тәжірибе жасап көруге
Қарасора жинап жатқан қырғыздар. Талас, 19 шілде 2013 жыл.
Қарасора жинап жатқан қырғыздар. Талас, 19 шілде 2013 жыл.
шақырған. Дәрігер заңдастырудың бірнеше жолын (тәжірибе аясында арнайы заң қабылдау, қарасора өсіретін фермерлердің тізімін алу, оны сататын арнайы дүкендерді есепке алу, есірткіні бақылайтын құқық қорғау органдарының тармақтарынан арнайы комитеттер құру) айтқан.

Дәрігердің ойынша, мемлекет осылайша қарасорадан кіріс тауып, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдарының жағдайын жақсартады, көкнәр өсіріп, нәпақа табатын "қара шаруалардың" жағдайын оңалтып, ТМД-ға шығатын есірткі экспортын ауыздықтай алады.

"Заңдастыру тұтынушылар мен өндірушілерді ашық етеді. Мемлекет оларды тіркеуге алып, бақылай алатын болады. Қазір мемлекет жағдайға ықпал етуге қауқарсыз, себебі оны жемқорлық пен есірткімен тиімсіз күрес тұмандатып жіберген. Егер ештеңені өзгертпесе, онда бізде "кіші Ауғанстан" қалыптасады, ал құқық қорғау органдары ешқашан да жемқорлық шырмауынан құтыла алмайды және тәртіпті де күшейте алмайды" деген.

Дәрігердің мұндай ұсынысы қырғыз қоғамында әртүрлі реакция туғызды. Бір мамандар "Бұл негізінен, есірткі арқылы байып жатқан қылмыстық топтарды анықтауға көмектеседі" десе, бірі "ол үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек, оған қырғыз қоғамы дайын емес" деген пікір айтқан.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG