Accessibility links

Балалардың терезеден құлауы азаймай тұр


Ақтау қаласында көпқабатты үйден құлаған бала (Сурет lada.kz редакциясынан алынды).
Ақтау қаласында көпқабатты үйден құлаған бала (Сурет lada.kz редакциясынан алынды).

Жыл басынан бері Қазақстанда 80-нен астам бала көп қабатты үйдің терезесінен құлаған. Мамандардың сөзінше, бұған ата-аналардың салғырттығы мен елдегі балабақшаның аздығы да себеп.

Шілденің басында Павлодарда екі жастағы бала алтыншы қабаттан құлап шетінеді. Ата-анасы оны әжесінің қасына қалдырып кеткен екен.

– Ұлым терезеден қарап, менің жұмыстан келгенімді күтіп отырған, – дейді қайтыс болған баланың анасы.

«ҚҰЛАҒАНДАРДЫҢ КӨБІ – 2-7 ЖАС АРАЛЫҒЫНДАҒЫ БАЛАЛАР»

Елде биылғы жазда осындай әлденеше қайғылы оқиға болды. Мәселен, шілденің 28-інде Астанада қараусыз қалған үш жастағы бала алтыншы қабаттан құлап мерт болды. Бұл қалада жыл басынан бері 30 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Астана қаласы ішкі істер департаментінің өкілі София Қылышбекованың айтуынша, балалардың терезеден құлау оқиғалары жыл сайын көбейіп барады.

– 24 бала түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Бес бала мерт болды. Көбі – 2-7 жас аралығындағы балалар. Мұндай оқиғалар жаз уақытта көбейеді. Ата-аналар терезені ашық қалдырады. Әке-шешелері балаларын қараусыз тастайды. Көбі жұмысқа кеткенде кішкентайларын ересек балаларға тапсырып кетеді. Сондықтан полиция үгіт-насихат жұмыстарын көбейтіп, тұрғындарға терезелерге арнайы қондырғылар орнату туралы айтып жатырмыз, – дейді департамент өкілі.

ВИДЕО: 80 бала терезеден құлаған

80 бала терезеден құлаған
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:35 0:00

Астана қаласы ішкі істер департаменті балалардың терезеден құлау оқиғаларын 2014 жылдан бастап жеке есепке ала бастады. Қала әкімдігінің дерегінше, қалада сол жылы осындай 10 оқиға тіркелген.

Терезеден құлаған балалардың арасында кейбірі тірі қалған оқиғалар да кездеседі. Бірақ балалар дәрігері Азамат Қабылхановтың сөзінше, ондай балалардың дені аман қалғанымен, көп жарақатпен ауруханаға түседі.

– Көбінің сүйегі сынады, ми жарақатын алады, жүйке жүйесі зақымданады және бұл оған психологиялық соққы болады. Баланың мүгедек болып қалу ықтималдығы жоғары, – дейді дәрігер.

ҚАУІПСІЗДІК ШАРАСЫ

Алматы облыстық төтенше жағдай департаментінің өкілі Азамат Жұртбаев жас балалы үй сәби құлап кетпесін десе, терезесіне маса кіргізбейтін тор құрмауға да кеңес береді.

– Себебі бала торға сүйеніп, онымен қоса сыртқа қарай құлауы мүмкін. Масаға қарсы торлар ешқашан балаларды қорғай алмайды. Олар өте әлсіз. Терезеге шықпауы үшін терезе маңындағы жиһаздардың барлық түрін алып тастау қажет. Дәл осы ереже балконда да сақталуы тиіс, – дейді ол.

Ал балалар психологы Аяжан Мұқатай «бала қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аудару керек, сақтық шараларын насихаттайтын баннерлер ілу не роликтер көрсету қажет» деп біледі. Психологтың айтуынша, қазіргі пластикалық терезелер адам өміріне ыңғайлы етіп жасалғанымен, балалардың қауіпсіздігі ескерілмеген.

– Бұрынғы үйлерде терезелер толық ашылмайтын, тек жоғарыдағы кішкене бөлігі желдеткіш ретінде ашылатын. Ал қазіргі үйлерде орнатылған пластикалық терезелердің ортасы толық ашылады және оны ашуға күш те қажет емес. Ата-аналар тек жоғары жағы ашылатын терезе орнатқаны жөн. Бала терезені өз күшімен аша алмайтындай құрылғылармен жабдықтау керек, – дейді психолог Аяжан Мұқатай.

Терезеден төмен қарап тұрған бала. (Көрнекі сурет)
Терезеден төмен қарап тұрған бала. (Көрнекі сурет)

Оның пікірінше, балалардың жарақат алуының жиілеуі елдегі балабақша тапшылығы мәселесін де көрсетіп отыр.

– Қазақстанда балабақша жетпейді немесе бағасы өте қымбат. Үйінде екі-үш баласы бар ата-ана әрқайсысына 20-30 мың теңге төлеп балабақшаға бере алмайды. Сондықтан олар жұмысқа кеткенде балаларын үйге қалдыруға мәжбүр, – дейді маман.

ЕЛДЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 80-ДЕЙ БАЛА ТЕРЕЗЕДЕН ҚҰЛАҒАН

Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің дерегінше, 2014 жылға дейін Қазақстанда терезеден құлаған балалардың есебі жүргізілмеген – мұндай оқиғалардың барлығы «балалар жарақаты» ретінде саналған. Биылдан бастап әр облыстың ішкі істер басқармасы мен төтенше жағдайлар департаменттері балалардың терезеден құлау оқиғаларын жеке тіркей бастады. Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің есебінше, жыл басынан бері Қазақстанда 80-нен астам бала терезеден құлаған. Олардың басым бөлігі ауыр жарақат алған немесе мерт болған.

Әр облыстағы ішкі істер департаменті мен төтенше жағдайлар комитетінің Азаттыққа берген дерегі бойынша, жыл басынан бері Жамбыл облысында 11 бала терезеден құлап қаза тапқан. Алматыда осындай 13 оқиға тіркеліп, сегіз бала көз жұмған. Қарағанды облысында бес бала құлап, үшеуі қайтыс болған. Маңғыстау облысы мен Шығыс Қазақстан облысында – алты, Алматы облысында – бес, Ақтөбеде үш бала құлаған. Балалардың терезеден құлау оқиғалары Павлодар, Ақмола мен Қостанай облыстарында да тіркелген.

Қазір Қазақстанда «Терезені жабыңыз – үйде бала бар» атты арнайы акция өтіп жатыр. Шара барысында полиция мен төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы рейдтер ұйымдастырады.

XS
SM
MD
LG