Accessibility links

Суицидтің алдын алуды бес жастан бастауға кеңес береді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Гонконгта тұратын мемлекеттік әлеуметтік қызметкер Шум Винг Ян Алматы қаласында қазақстандық психологтарға жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жолдары жөнінде дәріс оқыды.

«2014 жылы Қазақстанда кәмелетке толмағандар арасында суицид оқиғалары 34,2 пайызға азайды» деп мәлімдеді бүгін Астанада денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің медициналық көмек ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Айгүл Тастанова. Ресми дерек бойынша, 2013 жылы Қазақстанда тіркелген 3506 суицид оқиғасының 292-сі кәмелетке толмағандар арасында болған. 2014 жылы бұл көрсеткіш тиісінше – 3124 және 192 болған.

Билік суицид оқиғаларының азаюын мемлекеттік мекемелердің еңбегі нәтижесіне балайды.

«Мемлекеттік органдар атқарған шаралардың арқасында жалпы суицид саны 10,9 пайызға, ал кәмелетке толмағандар арасында – 34,2 пайызға кеміді» деп мәлімдеген Айгүл Тастанова.

Бірақ, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) дерегі бойынша, балалар мен жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол салу фактілері жағынан Қазақстан әлемде үшінші орында тұр. Әдетте жастар арасындағы суицид оқиғаларына әлеуметтік жайсыздық, жұмыссыздық, жалғыздық және жатсыну негізгі себеп болады деп саналады. Психологтардың айтуынша, суицид – жас жігіттің қоғамнан шет қалу, тап болған қиындықтарын шешуге дәрменсіздік таныту реакциясы.

Әлеуметтік сала қызметкері, әлеуметтік жұмыс кафедрасы меңгерушісі әрі «Эмоцияны басқару» жобасының жетекшісі Шум Винг Ян – Гонконгтағы суицид құбылысына қатысты ахуалды жақсы білетін тәжірибелі маман болғанымен, Қазақстандағы жағдаймен таныс емес. Қазақстандық мамандар онымен Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінде және суицидтің алдын алуға арналған тренингте кездесті. Гонконгтық маманның екі күндік семинарының тақырыбы – «Мектеп оқушылары арасында суицидтік қауіп-қатерді бағалау және алдын алу» деп аталады.

СУИЦИДКЕ БЕЙІМДІЛІК БЕЛГІЛЕРІ

Мектепте жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер үшін суицидке бейім жасөспірімнің белгілерін ажырата білу аса маңызды. Гонгонг мамандарының зерттеуінше, өзіне өзі қол салу фактілерінің 80 пайызының алдын ала белгілері білінген. Бірақ, айналадағы жұрт бұл белгілерді дер кезінде байқап, түсінбеген.

Оқушыларымыз әр апта сайын өзінің психологиялық көңіл-күйі, айналасында не ұнап, не ұнамайтыны туралы жазады. Бұл сауалнама парақтарына суицидке апарып соғатын барлық факторлар енгізілген.
Шум Вин Ян

Гонконгтық әлеуметтік қызметкердің пікірінше, адамға суицид туралы ойдың қашан келгенін және оның неге байланысты туғанын анықтау маңызды. Ары қарай дұрыс жұмыс істеп, жасөспірімнің бұл өмірде нені құнды деп санайтынын, нені қимайтынын анықтаған жөн.

– Мысалы, бір баламен сөйлесіп, оның ата-анасын қатты жақсы көретінін анықтадық. Бірден анасына қоңырау соғып, баласына не деуді үйреттік. Сол күні анасы өзіне дүниедегі ең қымбат әрі орны ерекше жан екенін баласына айтты, – дейді Шум Винг Ян.

Гонконгте суидцидтің алдын алуға үлкен мән беріледі. Бұл мақсатта мектеп бағдарламасына «Өмір сүруге үйрету» пәні енгізілген. Пәннің басты мақсаты – жеткіншекке қоғам мен отбасындағы маңызды орнын көрсету және керісінше, бұл институттардың жасөспірім өміріндегі маңыздылығын көрсету арқылы оларды әлеуметтену сатыларынан тиімді әрі қиындықсыз өтуге баулу. Талқылау барысында мамандар «ең әуелі қазақстандық жасөспірімдердің өз-өзін бағалау деңгейін арттыру бағытында жұмыс істеу қажет» деген пікірге тоқтады.

– Біздің оқушылар әр апта сайын өзінің психологиялық көңіл-күйі, айналасында не ұнап, не ұнамайтыны туралы жазады. Бұл сауалнама парақтарына суицидке апарып соғатын барлық факторлар енгізілген. Егер олар анықталса, қорғаныс факторы мен эмоциясын бақылау факторын күшейтуге кірісеміз. Сынып сағаттарында балаларды қиындықтарды жеңуге баулып, коммуникативті қабілеттерін дамытамыз, - дейді Шум Винг Ян.

ҚОРҒАНЫС РЕАКЦИЯСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Әлеуметтік қызметкердің пікірінше, жасөспірімнің бойында суицидтік қатердің барлық түріне қарсы қорғаныс реакциясын қалыптастыру қажет. Гонконгта мұндай баланы арнайы тренинге жіберіп оқытады. Психологтардың негізгі міндеті – жасөспірімнің бойында жағымды ойлар қалыптастырып, суицидке жетелейтін ойларды жою.

Гонконгтық әлеуметтік қызметкер Шум Винг Ян (оң жақта) мектеп оқушылары арасындағы суицидтің алдын алу жолдары жөнінде дәріс оқып тұр. Алматы, 5 тамыз 2015 жыл.
Гонконгтық әлеуметтік қызметкер Шум Винг Ян (оң жақта) мектеп оқушылары арасындағы суицидтің алдын алу жолдары жөнінде дәріс оқып тұр. Алматы, 5 тамыз 2015 жыл.

Пікірталас барысында балалардың негізгі қорғаны өзінің ар-намысын сезінуді қалыптастыру, жеке басының бақылауы, өмірге деген жағымды көзқарасы, оның құндылығын, отбасылық қатынастарды түсіну сияқты факторлар бар. Тренингке қатысқан мамандар ата-аналардың өз балаларымен мұндай тақырыптарға сөйлесуді ұмытқанын мәлімдеді.

Гонконгтың білім департаменті жасөспірімдерді қолдаудың балаларды, олардың отбасын және әлеуметтік қызметкерлерді бірдей қамтитын үш деңгейлі модель құруды бастаған. Суицидке бейім мінез-құлықты анықтау мен онымен күресу стратегиясын құрастырумен білім департаменті айналысады, ал әлеуметтік қызметкерлер тиісті тренингтерден өткен. Олар жасөспірімдермен сұхбат, кеңес кезінде, ойын барысында не нәрсеге көңіл бөлуді, ал баланың ата-анасы, туыстарымен сөйлескенде қандай жайттарға назар аударуды біледі.

ҚАЗАҚСТАН ПСИХОЛОГТАРЫ ҮШІН ЖАҢА ӘДІСТЕМЕ

Гонконгтан келген әріптестерінің әдістемесімен кейбір қазақстандық психологтар танысты. Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің коммуникативтік дағды және психотерапия кафедрасының меңгерушісі, профессор Марат Әсімов жүйелі әрі барынша ауқымды әдістеменің тиімділігін айтып берді.

– Бір қиындығы, біздің елге белгілі бір бағдарламаны бейімдеу керек. Бізге үнемі уақыт жетпейді. Бір бағдарламадан кейін екіншісін бастаймыз да, аяғына жеткізбей, орта жолдан тастаймыз. Біздің елде әр мектепте психолог маман бар, бірақ олардың жұмысы бастан асады деп ойлаймын. Сондықтан әуелі мектеп психологтарын үйрету керек. Гонконгта әлеуметтік қызметкерлер немесе психологтар мүдделі үш топ – мұғалім, ата-ана мен жасөспірімді толық қамтитын осы бағдарламаны меңгерген. Мамандардың өздері де бір-бірімен өзара байланыста жұмыс істейді, - дейді Марат Әсімов.

Әдетте жұрт суицидтік ойларын жасыруға тырысады. Егер бала кезден оларды не болып жатқанын ұғынуға үйрете білсек, онымызбен балаларды қорғап қаламыз.
Фатима Багиярова

PhD докторы, психотерапевт, Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің доценті Фатима Багияроваға да суицид белгілерін ертерек анықтаудың гонконгтық әдістемесі ұнапты.

– Оларда әлеуметтік қызметкерлер бұл тақырыпты балаға бес жастан бастап түсіндіре бастайды, осал топтарды дер кезінде анықтап, психологтың кеңесіне жібереді. Суицидке бейім балалар мен жасөспірімдерді анықтау жұмысы екі елде бірдей жүреді. Әдетте жұрт суицидтік ойларын жасыруға тырысады. Егер бала кезден оларды не болып жатқанын ұғынуға үйрете білсек, онымызбен балаларды қорғап қаламыз. Өмір құндылығы туралы бірінші сыныптан айта бастау ләзім. Балалар өзінің психоэмоциялық көңіл-күйін ырқына көндіре білуі тиіс, - дейді Фатима Багиярова.

Жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицид әрекеттердің алдын алу ұлттық ауқымдағы проблема екенін растаған тренингке қатысқан жергілікті мамандар мектеп психологтарын оқытып-үйретудің жүйелі жұмысы мен жеткіншек тұлғаны әлеуметтік ортаға бейімдеу жобаларын іске асыру қажет деп санайды.

XS
SM
MD
LG