Accessibility links

Қазақстандықтар көбіне шетелдің киімін киеді


Қазақстандық дизайнерлердің киімдері. (Сурет әлеуметтік желіден алынды).
Қазақстандық дизайнерлердің киімдері. (Сурет әлеуметтік желіден алынды).

Маркетинг мамандар Қазақстанның киім-кешек нарығын әлемдік брендтер иеленіп алғанын айтады. Ал тұрғындар «қазақстандық дизайнерлердің киімдері өте қымбат» дейді.

Алматылық Жәния Әбдібек әлемге танымал компаниялардың киімдерін киіп, атақты брендтердің заттарын пайдаланатынын айтады.

– Көбіне италиялық және түркиялық брендтердің киімін киемін. Қазақстандық дизайнерлердің киімдерін теледидардан ғана көруге болады. Киімдері қымбат, қарапайым адамның ақшасы жетпейді, – дейді ол.

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КИІМДЕР ТАНЫМАЛ ЕМЕС»

Жәния Әбдібектің ойынша, «қазақстандық бренд аталып жүрген өнімдерге қарапайым халықтың қолы жете бермейді».

– Қазақстандық бренд деп Құралай Нұрқаділова, Аида Кауменова, Жадо, Салтанат Баймұхамедова сияқты дизайнерлердің өнімдерін айта аламын. Бірақ
Алматылық Жәния Әбдібек. (Сурет жеке мұрағаттан алынды)
Алматылық Жәния Әбдібек. (Сурет жеке мұрағаттан алынды)
олардың киімдер өте қымбат. Бір жейденің бағасы – 10 мың теңгеден жоғары. Көйлектер – 30-40 мың теңге. Жеңілдіктер болмайды, таңдау да аз, – дейді ол.

Студент Дана Тұрсын да «Қазақстандық бренд» аталатын киімдерге көңілі толмайтынын айтты.

– Қазақстандық бренд деп атайтындай киім немесе сағат, сөмке, көзілдірік жоқ. Дизайнерлердің жасап жүрген киімдерін бренд деп айта алмаймын. Аида Кауменова, Құралай Нұрқаділованың өнімдері тек сән үшін жасалған. Бағалары қымбат және халық арасында танымал емес. Сондықтан еуропалық брендтерді сатып аламыз, – дейді ол.

«БІЗДІҢ КИІМДІ ҚАРАПАЙЫМ АДАМДАР ДА КИЕДІ»

Дизайнер Дамилия Жұмабекқызының ойынша, Қазақстанда өзінің жеке брендтері бар. Бірақ сол бренд киімдердің көбі танымал адамдарға арналып тігіледі.

– Қазақстанда киім дизайны жақсы дамып жатыр. Бірақ қазір олардың өнімдерін тек әншілер мен өнер адамдары киеді. Дизайнерлердің көбі танымал адамдардан тапсырыс алып, тігеді. Оларда бір коллекцияны тігетін ірі ателье
Дизайнерлердің көбі танымал адамдардан тапсырыс алып, тігеді. Оларда бір коллекцияны тігетін ірі ателье жоқ.
Дамилия Жұмабекқызы, дизайнер.
жоқ. Сондықтан олар киімнің бір түрін аз данамен тігеді де қымбатқа сатады, – дейді маман.

Ал дизайнер Аида Кауменованың ойынша, оның өнімдері қазақстандық брендке айналған.

– Біздің өнімдерді қазақстандықтар сатып алады. Мен құрған Aida Kaumenova деген өнімдерім брендке айналды. Қазақстанда үш бутигіміз бар. Алдағы уақытта киімдерімізді Кеден одағы елдеріне шығаруды жоспарлап отырмын. Ал біздің өнімдерді тек әншілер мен танымал адамдар сатып алады дегенмен келіспеймін. Бутиктерімізде қарапайым халықтар да келіп, сауда жасайды, – дейді дизайнер.

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БРЕНД – СЫРА МЕН СУСЫН»

Алматыдағы маркетинг орталықтарының бірінің өкілі Ғалиябану Байрамованың айтуынша, қазір Қазақстан нарығын еуропалық Zara, Mango, New Yorker, Sela, Benetton брендтері иеленіп алған.

– Бұл брендтер – әлемде танымал. Әрі кез-келген бағадағы өнімдері бар. Еуропалық брендтердің киімдері – сапалы. Қазақстанда олардың өнімдері 7
Алматы "барахолкасындағы" киім қатары. 19 қаңтар 2013 жыл.
Алматы "барахолкасындағы" киім қатары. 19 қаңтар 2013 жыл.
мың ​теңгеден басталады. Жеңілдіктер де жиі болады. Ал қазақстандық бренд киімдерінің көбі – жасанды. Олар экспортталмайды, тек ішкі нарықта ғана саудаланады. Жеке дүкендері аз, кейбірінде мүлдем жоқ. Бағасы өте қымбат. Тігілген киімдердің жаңа немесе ескі коллекция екенін айыра алмайсыз, – дейд ол.

Маркетолог маманның ойынша, «өнім бренд талабына сай болу үшін елдің ішінде және шетелде танымал болу керек».

– Қазақстан дизайнерлерінің киімдері бұл талапқа сай келмейді. Бұл талапты толық орындайтын – қазақстандық сусын, сүт, кондитер және сыра-арақ өнімдері ғана, – дейді ол.

2012 жылы MPP Consulting агенттігі қазақстандық танымал 50 брендтің рейтингін жасады. Бұл тізімнің басында қазақстандық сыра (құны 101 миллион АҚШ долларына бағаланған), кондитер өнеркәсібі (84,5 миллион доллар), қаржы қызметі (82 миллион доллар) брендтері тұр.

Рейтингке мұнай компаниялары, шай, ұн өндіретін зауыттар, байланыс операторлары мен банктер енген. Елу брендтің қатарында бірде-бір қазақстандық дизайнердің киім-кешек бренді жоқ.
XS
SM
MD
LG