Accessibility links

Канн фестивалінде «Студент» фильмі көрсетіледі


"Студент" фильмінен алынған скрин шот.
"Студент" фильмінен алынған скрин шот.

Қазақстандық режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Студент» фильмі мамырдың 17-сінде Канн фестивалінде көрсетіледі. «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген бұл фильм фестивальдің «Ерекше көзқарас» («Un Certain Regard») конкурстық бағдарламасына іріктеліп алынған.


Франциядағы 65-ші Канн фестивалі мамырдың 16-сында америкалық режиссер Уэс Андерсонның «Толған ай патшалығы» (Moonrise kingdom) фильмімен ашылып отыр.

Канн фестивалі басшыларының мәліметінше, 2012 жылы мамырдың 27-сіне дейін жалғасатын фестивальдегі негізгі байқауға 22 картина қатысады.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ «СТУДЕНТ»

Сонымен қатар, байқаудың «Ерекше көзқарас» бағдарламасына 17 фильм іріктеліп алынған. Солардың бірі - Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Студент» фильмі.
Кинорежиссер Дәрежан Өмірбаев.
Кинорежиссер Дәрежан Өмірбаев.

«Режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Студент» деп аталатын жаңа лентасы Федор Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» шығармасының желісіне сүйеніп түсірілген. Картина арт-хаус жанрында жасалған», - деп хабарлайды «Қазақфильм» баспасөз қызметінің өкілі Гүлажар Машрапова.

Оның айтуынша, «Қазақфильм» киностудиясы Канн фестиваліне режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» және Дәрежан Өмірбаевтың «Студент» фильмдерін ұсыныпты. Алайда Канндағы іріктеу комиссиясы осы фильмдердің екіншісін таңдаған.

«Студент» фильмінде махаббат сезімінің арқасында іштарлықты жеңу туралы айтылады. Фильмдегі оқиғалар қазіргі Қазақстанда болады. Байлар мен кедейлерге бөлінген қоғамдағы алматылық студенттің өмірі көрсетілген. Философия факультеті студенті қала шетіндегі бір әжейдің үйіндегі бөлмені жалдап тұрады. Жалғыздық пен жоқшылыққа ұшыраған жігіт өзі нан сатып алып жүрген азық-түлік дүкенін тонауды ойластырады.

«ЕРЕКШЕ КӨЗҚАРАС» БАЙҚАУЫ

«Қазақфильм» баспасөз қызметінің мәліметінше, «Ерекше көзқарас» бағдарламасы бойынша «Студентпен» бірге Хулио Медем, Гаспар Ноэ және Ксавье Долан сынды сценаристер мен кинорежиссерлердің туындылары бәсекеге түспек. Олардың арасынан ең үздігін биылғы жылғы «Ерекше көзқарас» бағдарламасының қазылар алқасының төрағасы – танымал голливудтік актер Тим Рот таңдайтын болады.

Бұл - Дәрежан Өмірбаевтың Канн фестиваліне осымен үшінші рет қатысуы. 1998 жылы оның «Киллер» фильмі осы «Ерекше көзқарас» бойынша арнайы жүлдеге ие болған еді. Ал 2001 жылы ол осы бағдарламаға «Жол» картинасын апарған болатын.
"Студент" фильмінің кадрынан алынған фото. Суретті "Қазақфильмнің" баспасөз қызметі берген.
"Студент" фильмінің кадрынан алынған фото. Суретті "Қазақфильмнің" баспасөз қызметі берген.

Сонымен қатар, мамырдың 17-сінде Канн фестивалі аясында қазақстандық режиссер Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» атты тарихи драмасы да көрсетіледі. Бірақ бұл картина фестиваль конкурстарына қатыспайды.

«Бұл фильм Канн фестивалі аясында коммерциялық мақсатпен кино өнеркәсібі нарығына шығарылып отыр. Яғни «Жаужүрек мың бала» картинасы халықаралық дистрибьютерлерге көрсетіледі. Кейін олар көрсетілген фильмдердің арасынан қайсысын сатып алатындарын жариялайды», - дейді «Қазақфильм» баспасөз қызметінің өкілі Гүлажар Машрапова.

12 миллион АҚШ доллары жұмсалған «Жаужүрек мың бала» фильмі Қазақстан кинотеатрларында таяуда ғана көрсетіле бастады.
XS
SM
MD
LG