Accessibility links

Дін туралы заң жобасы қарама-қайшы пікірлерді көбейтті


Мешітте жұма намазға жиналған жамағат. Алматы, 21 қаңтар 2011 ж.
Мешітте жұма намазға жиналған жамағат. Алматы, 21 қаңтар 2011 ж.

Cенат мақұлдаған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасына орай кейбір діндарлар мен құқық қорғаушылар «діни сенім бостандығы мен адам құқығы шектеледі» десе, кей дінтанушылар мен құқықтанушылар «зайырлылық ұстанымын ұлттық құндылықтарды күшейтуге бағыттаған жөн» деп санайды.


ТӨРАҒАЛЫҚҚА ДЕЙІН

Қазақстан 1992 жылы қабылданған діни сенім бостандығы туралы заңды өзгертуге осыған дейін екі рет талпыныс жасады. Екеуінде де парламенттен өткен заң Конституциялық кеңестен кері қайтты.

Қазақстанда дәстүрлі деп саналатын діндерді заңмен анықтау, барлық діни бірлестіктерді қайта тіркеу және оның шарттарын қатайту сияқты ережелері биылғы заң жобасына біршама ұқсайтын 2008 жылғы жобаны қолдаушылар да, қарсылар да жеткілікті болған еді.

Заңды ұсынушылар мен оны қолдаушылар Қазақстанда түрлі бағыттағы діни бірлестіктердің көбейіп бара жатқанын айта келе жаңа заң арқылы тыйым салу, қадағалау тәсілдерін көбейтуді ұсынды. Алайда халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұл әрекетті діни сенім бостандығы мен адам құқығын шектеу деп бағалады.

Ақыры 2009 жылы ақпанда Қазақстан президентінің өтініші бойынша Конституциялық кеңес заң жобасын тексеріп шығып, «Қазақстан Конституциясына қайшы келеді» деген шешім шығарды.

Сол кездегі сарапшылар заңның қабылданбай қалуы – Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуді көздегендігімен байланысты деген қорытынды жасаған болатын.

ТӨРАҒАЛЫҚТАН КЕЙІН

Биыл қыркүйектің 1-інде Қазақстан парламентінің кезекті сессиясының ашылуына қатысқан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың талабынан кейін Қазақстанның дін істері жөніндегі агенттігі дін туралы заңға қайта оралып, жаңа заң жобасын парламентке ұсынды.

Әуел баста «Бұл заң жобасы парламентте 2012 жылдың басында қаралады» деп мәлімдесе де, мәжіліс 21 қыркүйекте-ақ заң жобасын қабылдап жіберді. Ал 29 қыркүйекте сенат мақұлдап үлгерді.

Заң жобасының толық нұсқасы баспасөз бетінде жарияланбаса да, оның кіріспесінде Қазақстандағы дәстүрлі діндер ретінде исламның ханафиттік мәзһабы мен христиан-православие дінінің атап көрсетілуі дәстүрлі емес діни бірлестіктердің наразылығын туғызатыны мәлім болды.

Мемлекеттік мекемелерде, білім орындарында, әскери орындар мен түрмелерде құлшылық орындарына тыйым салу, діни бірлестіктерді қайта тіркеу, діни әдебиеттерді сараптамадан өткізу секілді тағы да басқа бақылау тетіктерінің көбеюі діндарлар мен діни бірлестіктердің қарсылығына ұшырады.

Жалпы халықтық талқылауға түспеген, алайда парламентте кімнің қай мәзһабта жүргенін «бетке басып айтуға» түрткі болып, «қызу» талқылаудан өткен заң жобасы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдына түсті.

«КОНСТИТУЦИЯҒА ҚАЙШЫ ЗАҢ»

Қатарымызда 700 діни бірлестік бар деп отырған Қазақстанның діни бірлестіктер ассоциациясы парламент мақұлдаған жаңа заң жобасын сынға алып, Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілетті өкілі Асқар Шәкіровке арнайы хат жолдады.

- Біздің ойымызша, заң жобасында діни құқықтары мен бостандыққа қойылған шектеулер эктремистік пиғылдағы адамдардың арандатушылық әрекетін туғызып, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін, - деп жазады бірлестік төрағасы өз хатында.

«Қазақстан Республикасының ұлттық ахмадийа мұсылман жамағаты» да заң жобасын талдап, өз қарсылықтарын қағаз бетіне түсіріп қойғанын айтады.

Осы жамағаттың баспасөз хатшысымын деп таныстырған Нұрбек Тайбек жаңа заң жобасы Қазақстан Конституциясына түбірімен қайшы келеді деп санайды. Егер бұл заң қабылданатын болса, Қазақстан Пәкістан, Ауғанстан сияқты елдердің қатарынан бір-ақ шығады есептейді.

«Заң жобасының кіріспесінде ханафиттік ислам мен православиені мемлекеттік тұрғыдан «дәстүрлі» деп тану және діни әдебиеттерді сараптаудан өткізу арқылы мемлекет азшылық діни бірлестіктердің құқығын шектеп қана қоймай, оларды қысымға алу ниеті барын аңғартады» дейді ол.

«КЕДЕРГІ КЕЛТІРМЕСЕ БОЛДЫ»

Алматыдағы Вознесенск православ шіркеуінің протоиерейі Александр Суворов бұл заң жобасын жасап, талқылауға біздің өкілдеріміз қатысқан жоқ, ой-пікірімізді ешкім керек етпеді дейді.

Оның айтуына қарағанда жаңа заң қабылданатын болса, мұсылмандардың намазханасы секілді, әлеуметтік тұрғыдан қорғауға
Алматыдағы Вознесенск шіркеуінің протоиерейі Александр Суворов. Алматы, 2 қазан 2011 жыл.
Алматыдағы Вознесенск шіркеуінің протоиерейі Александр Суворов. Алматы, 2 қазан 2011 жыл.
алынған орындар мен абақтылардағы православие дінінің құлшылық бөлмелері де жабылып қалмақ. Республика бойынша мұндай 63 құлшылық орны бар екен.

- Қазірдің өзінде ардагерлер үйлері мен айықпас ауруға ұшырап, өмірден күдер үзген адамдар соңғы күндерін өткізетін хоспистердегі құлшылық бөлмелері жабылатыны белгілі болып отыр. Мұндай жерлерден экстремистерді іздеу ақылға сыймайды, - дейді ол.

- Ал заң жобасының кіріспесінде православие атап өтілгенімен, қандай қолдау көрсетілетіні айтылмаған және біз оны талап еткен де жоқпыз. Шынын айтқанда, бізге ең бастысы кедергі келтірмесе болды,- дейді протоиерей Александр Суворов.

Жаңа заң жобасы бойынша пікірін білмекке Азаттық радиосының тілшісі Қазақстан мұсылмандары басқармасының қызметкері Қайрат Жолдыбайға хабарласқан еді. Алайда ол Азаттық радиосы мүфтилікке арнайы хат жолдамаса, телефон арқылы пікір айтпайтынын ескертіп, телефон тұтқасын тастай салды.

«ҚАЗАҚСТАНДА ҚОС СТАНДАРТ «ЖОҚ»

2009 жылы Қазақстан Конституциясына қайшы келген нұсқаға біршама ұқсас болып шыққан биылғы заң жобасына адам құқығын қорғаушы халықаралық ұйымдар тағы да қарсылық танытты.

Қазақстандағы Хельсинки комитетінің президенті Нинель Фокина қазан айының 5-інде өткен баспасөз мәслихатында:

- Конституцияда адамды діни сеніміне орай кемсітуге, әдебиеттерге қандай да бір цензура жасауға тыйым салынған. Бірақ біздің мемлекетттің
Қазақстандағы Хельсинки комитетінің президенті Нинель Фокина.
Қазақстандағы Хельсинки комитетінің президенті Нинель Фокина.
«мынау дәстүрлі, анау дәстүрлі, мынау жақсы, анау жаман» деп діндерді бөліп тастап, ұнамайтындарына қысым жасап келе жатқанына біраз болды. Бірақ соны мойындамай келген еді. Міне, ақыры мынадай заң қабылдап, шын келбетін ашып тастады, яғни Қазақстанда қос стандарт «жоқ» екенін көрсетті, - деді.

- Осы заңды ұсынғандарды да, оны қабылдағандарды да Қазақстанның беделі мен брэнді қызықтырмайтын сияқты. Қайрат Лама Шәріптің «бұл мәселенің ханафит-мұсылмандар мен православ шіркеуіне қатысы жоқ» дегенін қалай түсінеміз? Бүгін қатысы болмаса, ертең болмасына кім кепілдік бере алады? Бұл заң исламға да қарсы заң, - дейді Нинель Фокина.

Баспасөз мәслихатына қатысқан Норвегиядағы Хельсинки комитетінің өкілі Парвина Абдувахова өз ұйымының осы заң жобасын жасауға азаматтық қоғамның қатыспағанына алаңдап отырғанын және заңның осыншалықты қысқа уақытта талқыланғанына таңғалып отырғанын жеткізді.

- Бұл заң жобасы тек діни сенім бостандығын ғана емес, сөз бостандығы мен жиылыс еркіндігін де шектейді, - деді Парвина Абдувахова.

«КЛЕРИКАЛДЫ ҚОҒАМҒА ЖАҚЫНДАП КЕЛЕМІЗ»

Ал құқықтанушы, заңгер Мұқан Исахан заң жобасында адам құқығы мен діни азшылық құқығын шектеушіліктер бар деушілермен келісе беруге болмайды деп санайды.

- Мәселен, Польша өзін зайырлы мемлекет дегенімен католик дініне басымдық беріп отыр, сол сияқты Түркияда бүкіл имамдар мемлекеттен жалақы алады, әлеуметтік қамсыздандырылады, бірақ Түркия басқа дін өкілдеріне жалақы төлемейді. Олай болса Түркия да адам құқығын аяққа таптаған болып шықпай ма? Англия да клерикалды мемлекет. Англия протестантттарға көбірек көңіл бөледі, басқа діндегілерге қысым жасамаса да, қолдау танытпайды. Демек олар да сенім бостандығына қол сұғып отырған болып саналмай ма? - дейді заңгер Мұқан Исахан.

Мұқан Исахан әлемдік тәжірибеде мемлекет пен діннің арасын құқықтық тұрғыдан реттейтін бірнеше форма бар екенін, ал Қазақстан осы жаңа заң арқылы мемлекет дінді басқаратын немесе халықтың көпшілігі ұстанатын дінге қолдау білдіретін клерикалды жүйеге қарай бет алғанын, сөйтіп өзінің зайырлылық үлгісін жасауға кіріскенін айтады.

«ҚМДБ-НЫҢ МҮФТИІ ЕКЕН ДЕП ҚАЛДЫМ»

Алайда философия ғылымдарының докторы, профессор Артур Артемьев Азаттық тілшісіне «Қазақстан клерикалды жүйеге бет алды» деген пікірмен келіспейтінін білдірді.

- Мәселен, Ватикан, Сауд Арабиясы - клерикалды мемлекет, - дейді ол, - Бұл елдерде дін мемлекетік ұстанымды білдіреді. Өз басым Қазақстаннан клерикализмнің белгілерін көріп отырғаным жоқ. Егер олай болатын болса, онда мемлекет өзін діни сенім бостандығын кепілдік беретін
демократиялық мемлекет деп айта алмайды.

Түркияны мысалға алудың қажеті жоқ. Оның халқы негізінен ислам дінін ұстанады. Ал біз көп ұлтты мемлекетпіз, 130 ұлт пен ұлыс бар. Ал Ұлыбритания королевасы англикан шіркеуінің басшысы болып саналады. Бірақ Англия королевасының англикан шіркеуіне басымдық бере сөйлегенін естідіңіз бе? - дейді профессор.

Артур Артемьевтің пікірінше, дінді «дұрыс, дұрыс емес, жақсы, жаман» деп бөлуге болмайды. Егер біздің мемлекетіміз өзін зайырлы мемлекет деп санайтын болса онда барлық дінге бірдей қарауы керек. Оның саны аз ба, көп пе, бәрібір.

- Бізде екі діни бағытқа қолдау көрсетіп отыр. Бұл - түбірімен қате. Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы «бір ұлт, бір дін» деген тұжырымдаманы шығарды. Бұл дін істері жөніндегі агенттіктің айтатын сөзі емес қой. Осыдан кейін оған басқа діндегілер қалай қарайды? Ресми басылымдарға берген сұқбатына қарап мен оны әуелі ҚМДБ-ның мүфтиі екен деп қалдым. Ол тек бейтарап ұстанымда болуы керек, - дейді Артур Артемьев.

«ЗАҢНЫҢ ЛОГИКАСЫ ДҰРЫС ЕМЕС»

Философия ғылымының докторы, профессор Досай Кенжетай дін туралы жаңа заңның қабылдануы - уақыт талабы, алайда заң жобасы толық пісіп-жетілмеген деп санайды.

Академиялық дінтанушының айтуына қарағанда, заң жобасының кіріспесінде зайырлылық ұстанымын айқындап, оны ұлттық құндылықтарды күшейтуге бағыттаған жөн болады. Яғни Қазақстан тарихи антологиялық тұрғыдан ислам дініндегі мемлекет ретінде
Философия ғылымының докторы, профессор Досай Кенжетай.
Философия ғылымының докторы, профессор Досай Кенжетай.
көрсетіліп, басқа діндер де құрметтеледі. Оның айтуынша, зайырлылық ұстанымының реттеушілік қызметі, яғни құқықтық нормалар соған ыңғайлы түрде жасалуы керек, сонда ғана заң логикасы түсінікті болмақ.

- Әр мемлекеттің өзінің мәдени, тарихи болмысына байланысты қоғам қажетін қанағаттандыратын құқықтық нормалары болады. Қазақстан тарихта бүгін пайда болған жоқ, біз дәстүрлі елміз, сондықтан зайырлылықты өз тарихымыз бен мәдениетімізге орай қалыптастыруға құқымыз бар, - дейді профессор Досай Кенжетай.

Досай Кенжетай жаңа заң жобасында «мемлекеттік мекемелерде намаз оқуға тыйым салынуы» да тым қарадүрсін жасалған деп санайды. Заң жобасын жасаушылар адамды тек белгілі бір кәсіп иесі ретінде қарастырып, адам еркін жоққа шығарып отыр дейді ол.
XS
SM
MD
LG