Accessibility links

Бектұрғанов әкімді әшкерелеймін деп екі айдың ішінде өзі үшінші рет сотталды


Облыс әкімінің сотталған бұрынғы кеңесшісі Алпамыс Бектұрғанов кезекті үкімді тыңдап тұр. Орал, 8 қазан, 2009 жыл.
Облыс әкімінің сотталған бұрынғы кеңесшісі Алпамыс Бектұрғанов кезекті үкімді тыңдап тұр. Орал, 8 қазан, 2009 жыл.

Алпамыс Бектұрғановқа қатысты үшінші сот процесі өз мәресіне жетті. Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың шағымы жартылай қанағаттандырылды. Сот айыпталушыны әкімге қатысты айтқан айыптауларын жоққа шығаруды міндеттеді.


Сот шешімімен Алпамыс Бектұрғановтың биылғы жылы шілденің 15-і күні өзі өткізген атышулы баспасөз-мәслихатында айтқан деректері "шындыққы жанаспайды, ол облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтірді" деп танылды. Күні кеше ғана әкімнің кеңесшісі болған азаматқа қарсы үшінші үкімді сот 8 қазанда шығарды.

Қазанның 8-і күні өткен сотта жазушы Алпамыс Бектұрғановқа әкімге қатысты айтқан айыптауларын алты бұқаралық ақпарат құралында жоққа шығару міндеттелді. Бірақ әкім Ізмұхамбетовтың Бектұрғанов бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кешірім сұрауы тиіс деген өтініші қанағаттандырылмады.
Судья Алтын Айтуарова Бектұрғановқа шығарылған үшінші үкімді оқып тұр.Орал, 8 қазан, 2009 жыл.


Судья Алтын Айтуарова сот шешімімен таныстыра келе арызданушының БАҚ арқылы жұрт алдында Бектұрғановтан кешірім сұрату талабын қанағатандырмайтынын атап өтті, өйткені айыпталушыны кешірім сұрауға сот арқылы мәжбүрлеу, ар-намысың сот арқылы қорғау тәсілі ретінде қарастырылмаған.

Енді төрт жылға сотталған Алпамыс Бектұрғанов «Мегаполис», «Надежда», «Время», «Республика», «Караван», және «Орал апталығы» басылымдарында әкім Бақытықожа Ізмұхамбетовтың ар-намысына нұқсан келтірген фактілерді жоққа шығаратын мәлімет жариялауы тиіс.

Бүдан бұрын Алпамыс Бектұрғанов сот қандай шешім шығарса да, бұрынғы бастығы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың алдында кішірейіп, кешірім сұрамайтынын сотта мәлімдеген-ді.

Жазушы Бектұрғановтың пікірінше, оның кінәсі сотта дәлелденбеген. Сот барысында айыпталушының барлық өтініштерін судья кері қайтарумен болды. Лингвистикалық сараптама жүргізуді сұраған сотталушының өтініші де аяқсыз қалды.

Сотталушының адвокаттары жоғары инстанцияларға шағым түсіретіндіктерін айтады.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі әрі жазушы Алпамыс Бектұрғанов биыл тамыз айында екі рет сотты болды: әуелі аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовке «жала жауып, ар-намысына тиді» деген айыппен кінәлі деп танылған ол, сонан кейін «бюджет қаржысын заңсыз пайдаланып өз кітаптарын басып шығарды» деген айыппен тағы сотқа тартылып, барлығы 4 жылға бас еркіндігінен айырылған болатын.

Жауапқа тартылушының адвокаттары қылмыстық қудалаудың саяси астары бар екендігіне сенімді.

Алпамыс Бектұрғанов өзінің бұрыңғы бастығын сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп ашық түрде айыптап, алайда өзі абақтыға қамалды. Ол жазушылар одағынан шығарылып, жергілікті баспасөз де талқыға тұсуде.
XS
SM
MD
LG