Accessibility links

Cерік Бүркітбаев не үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды, үкім шыққан тағы 8 адам кімдер?


«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті және ҚР Президенті Н. Назарбаевтың бұрынғы кеңесшісі Серік Бүркітбаевты Ақмола әскери соты 6 жылға бас бостандығынан айырып, онымен қоса мүлкін тәркілеу жөнінде үкім шығарды.

ҰҚК баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров Серік Бүркітбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 176 бабының, 3 бөлімінің а,б,г тармақтары бойынша айыпты болып табылғанын айта келіп, С. Бүркітбаевпен бірге тағы да лауазымды сегіз адамның әртүрлі қылмыстық баптарға сәйкес кінәлі деп танылып, түрлі мерзімге сотталғандарын атап өтті. Бірақ, олардың нақты қандай қылмыс жасағанын және неше жылға сотталғандары туралы мәлімет бере алмайтынын айтты.

Серік Бүркітбаев 2008 жылдың 8-ші қыркүйегінде тұтқындалған еді. Ал, оның үстінен қозғалған қылмыстық іске байланысты сот ісі өткен жылдың 24 желтоқсанында басталып, жабық жағдайда өткен болатын.

"Қазақ мұнай және газ институты" АҚ-ның лауазымды басшыларына қатысты ҰҚК нің сотқа жіберген қылмыстық ісінде, оларға, Алматы облысы, Талғар ауданының Солдатское сайындағы 100 гектар жерді сатып алғаны және жалпы ауданы 1258,05 шаршы метр болатын Астанадағы ҚМГИ-дің әкімшілік ғимаратын төмендетілген бағамен сатқан деген айыптар тағылған болатын.

Мұнан басқа да, қаржы полициясының алдын ала тергеу - зерттеуі барысында "Қазақ мұнай және газ институтының" басшылығы бес бірдей зерттеу-жобалау институтына инженерлік жобалар бойынша тапсырыс берген, ал іс жүзінде өздеріндегі архивтік құжаттарды пайдаланған. Сөйтіп мемлекетке 2,4 миллиард теңге зиян келтірілген деген мәлімет ресми түрде жария етілген болатын.

Айта кететін бір жайт, жоғарыдағы лауазымды адамдарға тағылған және жемқорлыққа байланысты сот ісі қоғамның көз алдында емес, оның не себепті әскери сотта әрі жабық жағдайда өткені әлі күнге басы ашық әрі жауапсыз күйінде қалып отыр.

Бұл туралы қандай да бір мәлімет я ақпарат ҰҚК нің және Қаржы полициясының сайттарында да жоқ. Әрі аталған ресми орындар да жоғарыдағы жайтқа қатысты тіс жарған жоқ. Ал, «ҚазМұнайГаз» экс-президентін тұтқындап, үстінен қылмыстық іс қозғаған ҰҚК мен Қаржы полициясы болатын.

Дәл осы соттың «құпия іс» атауымен өткендігінің өзі, ол жердегі айыптылардың өздерін қорғауға қаншалықты мүмкіндігі болғанын білуге ыңғай бермеді деп, сөз бастаған саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, С. Бүркітбаевтың ісі мұнымен аяқталмайтын көрінеді. Ол өз сөзінде: «Бұл сот оның Рахат Әлиевке телефон тыңдауларын жүзеге асыратын жабдықтар беруіне байланысты болғанға ұқсайды. Ал, оның жемқорлыққа қатысты ісі тағы бар» - деп атап өтті.

Тағы бір аттап өтуге болмайтын жайт, осы жылдың наурыз айында Қаржы полициясы бірқатар мемлекеттік шенеуніктер мен лауазым иелерін қызметін асыра пайдаланды және жемқорлыққа қатысы бар деп айыптап тұтқындады.

Олардың ішінде, екі вице-министр, қоршаған ортаны қорғау министрлігінің жауапты хатшысы, ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурсы жөніндегі комитетінің төрағасы, бұрынғы құрылыс басқармасының директоры және Астана қаласы әкімдігінің, сондай-ақ, Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының бірқатар жауапты қызметкерлері бар.

Осы тұсқа қатысты бір пікірді ЖСДП төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов Азаттық радиосына берген сұхбатында айтып өткен еді. Оның ойынша, С. Бүркітбаевқа қатысты істің астарында екі себеп бар көрінеді. Бірі, мемлекеттік құрылымның дұрыс еместігі болса, екіншісі, саяси, қаржылық топтар мен кланаралық топтардың арасындағы бәсекелестіктің екпін алып, өршіп тұрғаны болуы ғажап емес екен.

Серік Бүркітбаев 1957 жылы 7 қыркүйекте Жамбыл облысы, Мерке ауданында дүниеге келген. 1980 жылы Мәскеу инженерлік физика институтын, инженер-физик мамандығы бойынша тәмәмдаған. Физика-математика ғылымдарының докторы. Аспирантураны бітірген соң, 1984-1993 жыл аралығында Қазақстанның ғылым академиясы саласында, атап айтқанда, мұнай және химия институтында және математика институтында жұмыс істеген.

1993-1998 жылдары аралығында Алматыдағы лазерлік технология бойынша инженерлік орталығын, Қазақ радиотехника зауытын басқарды. Телекоммуникациялар саласында, «Казинформтелеком», «Қазақстан телекоммуникациялары» және «Қазақтелеком» АҚ секілді бірақатар мекемелердің президенті қызметтерінде болды.

Ал, 1998-2000 жылдары ҚР көлік және коммуникация министрі болды. Ол бұл қызметтен босатылған кезде, орнына қазіргі премьер - министр Кәрім Мәсімов келген болатын.

2000-2002 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі, сондай-ақ, ғылыми технологиялық «Самғау» холдингінің басшысы болды.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті болып 2008 жылдың мамыр айында тағайындалды. İле сол жылдың 21 тамызында ешқандай себеп-салдары түсіндірілместен қызметінен босатылды. Ал оның орнына, тәжірибелі мұнайшы Қайыргелді Қабылдин тағайындалған болатын.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG