Accessibility links

Қостанайда арнайы комиссияның тексерісінен кейін облыстық сот төрағасы отставкаға кетті


Қостанай облыстық сотының өз еркімен отставкаға кеткен төрағасы Серіккелді Әбдірахманов.(суреттер облыстық соттың баспасөз қызметінің мұрағатынан алынды) Қазан , 2009 жыл.
Қостанай облыстық сотының өз еркімен отставкаға кеткен төрағасы Серіккелді Әбдірахманов.(суреттер облыстық соттың баспасөз қызметінің мұрағатынан алынды) Қазан , 2009 жыл.

Тексеруге түрткі болған қамаудағы судья Ербол Панзабековтың төңірегіндегі «шым-шытырық оқиғалар» еді. Комиссия облыстық соттың жұмысынан тағы қандай кемшіліктер тапқаны әзірше беймәлім. Серіккелді Әбдірахмановтың жұмыстан кету себебі де нақты айтылған жоқ.

Қостанай облыстық сотының төрағасы Серіккелді Әбдірахманов кезекті еңбек демалысынан оралған соң отставкаға кетті. Бұл туралы Қазақстан Жоғарғы Сотының аппарат жетекшісі Ж.Әбдиев хабарлады. Оның айтуынша, С.Әбдірахманов Жоғарғы Соттың мәжілісі алдында өзін қызметттен босату туралы өтініш жазған. 23 қазанда Жоғарғы Сот Қостанай облысында сот жүйесінде қалыптасып отырған жағдайды және арнаулы комиссияның тексерістерінің нәтижесін арнайы қараған болатын.

АТЫШУЛЫ СУДЬЯ ҚАМАУДА ОТЫР


Ал бұрынғы әйеліне қару кезеніп, оның көлігіне оқ атқан судья қамауда отыр. Биылғы жылдың қазан айының жетісі күні Қостанайдағы мамандандырылған арнаулы соттың төрағасы Ербол Панзабеков бұрынғы зайыбы, Қостанайдағы «Аденстрой» деп аталатын кірпіш зауытының директоры Балжан Увалиеваны өлтірмек ниеті болды деген күдікпен Қазақстан қылмыстық Кодексінің 132 -бабына сәйкес ұсталып, қамауға алынған болатын. Қазақстанның Бас прокуроры Ербол Панзабековке байланысты қылмысты іс қозғау туралы қаулы шығарған.

Қазіргі уақытта Қостанай облыстық Ішкі істер департаментінің тергеу басқармасы тергеу амалдарын жүргізуде. Судьяның бұрынғы әйелі Балжан Увалиева өзінің автокөлігіне бірнеше мәрте оқ атылғаны туралы полиция органдарына шағым түсірген. Бұл туралы «Азаттық» сайтында жазылған еді. Онда бұл ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжал ма, әлде судьялардың мүлікке таласы ма, әзірше тап басып айту қиын делінген еді.

Қостанай облысында шығатын «Наша газета» апталығының жазуына қарағанда, Ербол Панзабековтың туған бауыры Бексұлтан Панзабеков өзінің дене жарақатын алғаны туралы полицияға шағым түсірген. Оның айтуынша, сол күні Балжан Увалиева мінген «Ауди» автокөлігінен түскен үш жігіт оны соққыға жыққан. Бексұлтан бұл туралы Ерболға телефон арқылы хабарлаған. Ербол болса өз кезегінде оларды қуып жетіп, есе қайтармақ болған. Оның немен аяқталғаны белгілі. Оқиға болған жерге жедел тергеу тобы келіп, бір ұңғылы 12 калибрлі аңшы мылтығы және бытыра тәркіленген. Полиция осы оқиғаны көрген куәгерлерді іздестіру үстінде. Олар бұл туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында арнаулы хабарландыру да жариялап үлгерген.

Осы оқиға болған күннің ертеңіне журналистермен өткен брифингте облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Ғалымжан Мырзеке аталмыш оқиға ерлі-зайыптылардың отбасылық жағдайына байланысты болған, бұл іс-әрекетке Ербол Панзабековтың қызмет бабының ешқандай қатысы жоқ деген мәлімдеме жасаған еді. Ғалымжан Мырзеке Жоғарғы Сотқа және судьялық этика туралы комиссияға Ербол Панзабековтың іс-әрекетіне байланысты қорытынды шығару туралы хат жолдағанын хабарлаған.
Қостанайда мамандандандырылған арнаулы соттың төрағасы болған Ербол Панзабеков. Қазан, 2009 жыл.


Іле-шала Қостанай облыстық сотының тәртіптік біліктілік алқасы Қостанай қаласындағы мамандандырылған әкімшілік соттың төрағасы Е.Панзабековті лауазымынан босату туралы қаулы шығарған. Алқаның шешімінде Е. Панзабеков «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңының талаптарына және судья әдебіне қарама-қайшы келетін теріс қылық көрсеткен, судья әдебін өрескелдікпен бұзған деп атап көрсетілді.

Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Ғалымжан Мырзеке «Аталған жағдай республикалық сот практикасында бірінші рет болды. Біздің міндетіміз – облыстық соттың тәртіптік біліктілік алқасында Е. Панзабековтің әрбір әрекетін мұқият қарап, оған принципті түрде баға беру болды», - деген еді. Қаулы шығарылмай тұрып істегі материалдар мұқият талдаудан өткен.

СУДЬЯЛАР МҰНДАЙ ӘРЕКЕТКЕ БАРСА, БАСҚАЛАРҒА НЕ ЖОРЫҚ?

Облыстық Ішкі істер департаментінің бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі бөлім бастығы, полиция майоры Айгүл Балғабаева Ербол Панзабеков қазір қамауда отырғанын айтты. Ал ел ішіндегі алып-қашпа әңгіме Ерболды да ақтамайды, Балжанды да жақтамайды. Істің ақ-қарасы тергеу амалдары аяқталған соң ғана белгілі болады.

«Адамдардың тағдырын шешетін судьялар мұндай әрекетке жол берсе, басқаларға не жорық. Қысқа мерзімде осындай лауазымды қызметке ие болған Ерболды қызмет бабында жоғары итерген кімдер? Сондықтан да судьядан қарақшыға айналған қызметкерді тамыр-таныстық салдарынан қызметке орналастырған деген қорытынды жасауға болады. Ал судьялар кірпіш зауытын сатып алуға ақшаны қайдан тапқан деген сауалға кім жауап береді? Сыбайлас жемқорлықтың тамыры тым тереңде жатқан жоқ па?» – дейді Қостанай қаласының тұрғыны, мәдениет қызметкерлері кәсіподағы облыстық ұйымының төрағасы Аркадий Денисов.
XS
SM
MD
LG