Accessibility links

«Келін» төңірегінде жанжал өршіп тұрғанда фильмінің режиссері Ермек Тұрсынов соққыға жығылды


Режиссер Ермек Тұрсынов "Келінді" түсіру алаңында.Алматы, 2008 жыл.
Режиссер Ермек Тұрсынов "Келінді" түсіру алаңында.Алматы, 2008 жыл.

Алматыда ақпанның 11-і күні "Қазақфильм" киностудиясының "Келін" көркем фильмінің жабық көрсетілімі өткен еді. Фильмнің режиссері Ермек Тұрсыновтың "Қазақфильм" киностудиясымен картинаға қатысты пікірталасы тұсында оның өзін біреулер таяқтап кеткен.

«Келін» фильмінің режиссері Ермек Тұрсынов Қазақстанда белгілі тұлғалардың бірі. 1990-шы жылдардың басындағы қайта құрудан кейінгі кезеңде ол "Избиратель" тәуелсіз газетінің алғашқы бас редакторларының бірі және "Невада-Семей" қозғалысы белсенділерінің бірі болды. Ермек Тұрсынов қайсы бір жылдары Қазақстан телерадиокомпаниясының президенті қызметін де атқарды. Ол жерден жанжалмен кеткеннен кейін, біраз уақыт Америкада тұрды. 2004-06 жылдары "31 канал" телерадиокомпаниясының атқарушы директоры болған.

Соңғы жылдары Ермек Тұрсынов киносценарист және драматург ретінде кең таныла бастады. "Келін" көркем фильмі оның режиссер роліндегі алғашқы туындысы.
Актер Қуандық Қыстықбаев, актриса Гүлшарат Жұбаева "Келін фильмінде басты ролдерде. Алматы, 2008 жыл.

Ермектің өзі таяқталу оқиғасы жайында қандайда бір түсініктеме бере алмағандықтан, Азаттық радиосының тілшілері "Келін" көркем фильмінің атқарушы продюсері және Ермектің досы Александр Вовнянкомен хабарласқан еді. Әңгіме режиссердің соққыға жығылуы, оның денсаулығы қандай жағдайда және әрине, "Келін" фильмі төңірегінде өрбіді.

Ал оның достары бұл істі фильммен қатысты деуден аулақпыз дейді. Айта кету керек, қазақ қоғамында аталмыш фильмінің қалың бұқараға көрсетілуі жөнінде біраз пікірталас орын алған еді. Бірі бұл картинада қазақ халқына жат қылықтар суреттелген десе, ендігі біреулер бұл фильм қазақ киноматографиясында ерекше орын алатын туынды дегенді айтуда.

Ермектің досы Александр Вовнянконың сөзіне қарағанда, сол күні Алматыдағы әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің спорт кешенінде қалалық футбол біріншілігіне қатысқан Ермек кешкі сағат 21-лер шамасында үйіне қайту үшін өз көлігіне жақындайды. Сол сәтте белгісіз біреулер артынан қатты бір затпен ұрған.

Есінен танып үлгермеген Ермек оларға қарсылық көрсеткен. Соққыға жыққандардың төртеу екендігін байқап қалып, жарыстан асықпай шығып келе жатқан достары жаққа қашқан. Сол екі арада соққыға жыққан адамдар да ізін суытып үлгерген.

49 жасар режиссерді достары № 7-ші қалалық ауруханаға жеткізген. Сол жерде дәрігерлер миының шайқалғандын айтып, құлағының түбіндегі кесілген жерді тігіп берген. Бірақ Ермек ауруханаға жатудан бас тартып, ешқандай құқық қорғау органдарына да арыз жазбаған.

- Ешқандай арыз жазылған жоқ. Өйткені, соққыға жығылғаннан кейін оның жағдайы ауыр болды. Оның үстіне шабуыл жасағандардың түрін де көрмеген. Сондықтан, Ермек арыз жазып, уақытын кетіріп, жүйкесін де тоздырғысы келмеді. Қазір оның денсаулығы біртіндеп қалыпқа түсіп келеді, – дейді Александр Вовнянко.

Ермек Тұрсыновтың достары режиссердің өзі де біз де оның таяққа жығылуын даулы "Келін" фильмімен не басқадай бір жайтпен байланыстыра алмаймыз дегенді айтады.

Айта кету керек, қазақ қоғамында аталмыш фильмінің төңірегінде біраз пікірталас орын алған еді. Бірі бұл картинада халық болмысына жат қылықтар суреттелген десе, енді біреулері бұл фильм қазақ киноматографиясында ерекше орын алатын туынды дегенді айтуда.
"Келін" фильмінне кадрлар. Алматы, 2008 жыл.

"Келін" фильмінің режиссері мен түсірушілері картина қазақтар туралы емес, 5 ғасырда Алтайды мекен еткен көне түріктер олардың бүгінде біз түсіне бермейтін өмірі мен әдет-ғұрпы, салты жайында дейді.

Ал фильмнің меншік иесі «Қазақфильм» киностудиясына хабарласқанымызда, киностудияның баспасөз хатшысы Әсел Жарқынбаева Тұрсыновтың соққыға жығылғаны жөнінде мүлдем білмейтіндіктерін жеткізді.

Ал жалпы жалпы даулы картина төңірегіндегі келіспеушіліктер турасында киностудия басшысы Ермек Аманшаев ақпанның 19-ында өтетін баспасөз маслихатында айтатындығы белгілі болды.

Алматыда ақпанның 11-інде «Келін» фильмінің жабық көрсетілімі өткен соң сарапшылар кеңесі кинодағы тым ашық көріністер қиылып тасталмайынша, фильмді көпшілікке бұл қалпында ұсынуға болмайды деп, өзгертулер енгізу керектігін талап еткен болатын. Бірақ сол сарапшылар кеңесінің кейбір мүшесі "Келін" турасында жасқы лебіздерін де білдірген еді.

Ал картинаның авторы әрі режиссері Ермек Тұрсынов 11 ақпан күні Алматыда "Келіндегі" ешбір эпизодтың күзеу мен түзеуге түспейтінін айтып, туындыны көрермен сол қалпында көруі керек деп мәлімдеген болатын. Үлкен экранға жол тартып, "беті ашылмай" жатып дауға түскен "Келін" енді цензурасыз көпшілік назарына ұсыныла ма? Алматыда белгілі азаматтың кезекті соққыға жығылу оқиғасы бұзақылардың ісі ме болмаса оның астарында басқа жайт бар ма? Әзірге бұл сауалдардың ешқайсысының да жауабы жоқ.
XS
SM
MD
LG