Accessibility links

Жазушылар оқырмандарына жете алмай жатыр


Гүлнар Жандыбаева "Ұлы жібек жолымен" кітап және полиграфия көрмесінде тұр. Алматы, 6 сәуір 2017 жыл.
Гүлнар Жандыбаева "Ұлы жібек жолымен" кітап және полиграфия көрмесінде тұр. Алматы, 6 сәуір 2017 жыл.

Цензура болмаса да, Қазақстанда жергілікті баспалар өнімінің толымды кітап нарығы қалыптаспады. Кітап дүкендерінен қазіргі қазақстандық жазушылардың көркем шығармаларын табу қиын, енді таныла бастаған есімдер де ұшыраспайды. Ал жазушылар совет заманындағы сияқты әдебиетті мемлекеттің қаржыландыруын сұрайды.

Азаттыққа Гүлнар Жандыбаевадан «балаларға арнап әңгімелер жинағын жаздым, бірақ қазақстандық баспалар мен кітап дүкендерінің енжарлығына тап болдым» деп шағынған хат келді. Оның жазуынша, бұл – кітап жазуды енді ғана бастаған авторлар да, есімдері елге танылған жазушылар да жиі душар болатын жағдай.

Әдеби сыншы мұны елдің кітап нарығына тән жағдай деп атайды. Әдебиет саласында енді таныла бастаған жазушылар өз кітаптарының әдеби сапасына қарамастан, «кітаптарымызды мемлекет шығарады» деп үміттеніп, ақыры қолдау таппаған соң өз күшімен шығарады немесе интернетте жариялайды. Бірақ кітап дүкендері де «сұраныс аз» деген уәжбен жергілікті авторлардың баспадан шыққан кітаптарын сатуға құлықсыз.

«ЖАЗҒАН ЕКЕНСІҢ – ӨЗІҢ САТ»

Гүлнар Жандыбаева «өмірімде психологиялық қиын кезең болып, оны осы әдеби шығармашылықтың арқасында жеңдім» дейді. Ол жануарлар туралы балаларға арналған әңгімелер жазып шыққан. Бұрынғы жұмыстары әдебиет саласына мүлде қатысы болмаған, бірақ жазған кітабын баспадан шығарып әрі сатуға тырысып жүргенде, өз сөзінше, «мәдени шок алған».

«Кітабымды жазып бітіріп, редакторлық өңдеуден өткізгеннен кейін баспалар мен кітап дүкендерімен келіссөз жүргізуге бір жылдан көп уақыт кетті» дейді ол. Гүлнар Жандыбаева кітабын совет заманындағы сияқты баспалар өз есебінен немесе мемлекет есебінен шығарар деп ойлаған. Кейін кітабын өз ақшасына шығарып, оны таратумен де өзі айналысуына тура келген.

Бұл елде шығармашылық интеллигенцияның ешкімге қажеті жоқ, ал жазушы ретінде танылғың келсе, шетелге кету керек сияқты.

- Бұл елде шығармашылық интеллигенцияның ешкімге қажеті жоқ, ал жазушы ретінде танылғың келсе, шетелге кету керек сияқты, - дейді ол.

Қазақстандық авторлар кітаптарын типографиядан өз ақшасына шығарып қана қоймай, оларды өздері сатуына тура келетін көріністі елде жиі байқауға болады. Егер автор жоғарғы оқу орнының оқытушысы болса, кітабын студенттер арасында таратуына, бизнесмен болса, фуршет не шығармашылық кештерге «шығындануына», ал әлеуметтік желілердің тәжірибелі пайдаланушысы болса, кітабын өз аккаунтына жазылушыларға «тықпалауына» тура келеді.

Кітабын сатып алатын адамдарды тікелей көшеден іздейтін жазушылар да бар. Алматыдағы саябақтардың бірінде орындықта отырған Азаттық тілшісінің жанына жасы егде тартқан бір адам келіп: «Шығармашылығыммен танысқыңыз келмей ме?» деп сұрады.

Виктор Куклин есімді ол кісі кітап жазуды 17 жыл бұрын – ауыр науқасқа шалдығып, операция жасатқаннан кейін бастапты. Кітаптарының көбі махаббат туралы, бір кездері аралас-құралас болған нақты адамдар жайлы. Виктор Куклин көшелер мен саябақтарда ұшырасқан адамдарға өз шығармашылығы жайлы әңгімелеп, өз қаражатына шығарған кітаптарын таратады. Гүлнар Жандыбаева сияқты ол да «дертіме әдеби шығармашылық шипа болды» дейді.

Виктор Куклин кітаптарын көрсетіп тұр. Алматы, 23 мамыр 2017 жыл.
Виктор Куклин кітаптарын көрсетіп тұр. Алматы, 23 мамыр 2017 жыл.

Виктор Куклин 35 жыл мектепте әуелі мұғалім, кейін директор болып жұмыс істеген, сондықтан қазіргі жағдайына риза еместігі байқалады. Ол Алматы кафелерінің бірінде оқырмандармен шығармашылық кездесуін ұйымдастырған жастар жайлы асқан жылылықпен айтып берді. Виктор Куклин «қазіргі заман жастары кітап оқымайды» деген сынды үзілді-кесілді құптамайды, «Жастарымыз кітап оқығанды жақсы көреді әрі оқиды, өте жақсы, білімге құштар» дейді.

Виктор Куклин әңгімелерін баспадан кітап етіп шығаруға қанша ақша жұмсағанын да айтты.

Сәті түсіп сатылған кітаптарым шығындарымды өтей алмайды. Бірақ менде осындай жолмен байиын деген мақсат ешқашан болған емес.

– 300 мың теңге кетті. Сәті түсіп сатылған кітаптарым шығындарымды өтей алмайды. Бірақ менде осындай жолмен байиын деген мақсат ешқашан болған емес, – дейді ол.

Виктор Куклин жазушы адамға туындысын оқырманға жеткізу қиын деп қынжылады. Кітап дүкендері сатуға келіскен күннің өзінде бір-екі данадан артық алмайды. Ол жазушыларға мемлекет көмектесуі тиіс, «кітап қоғамның негізі ғой» деп санайды.

КӘСІБИ ЖАЗУШЫЛАР ДА ҚЫНЖЫЛАДЫ

Қазақстан әдебиетіндегі тоқырау жайлы баяғыдан айтылып жүр. Әдеби өмір қағажу көріп, төменшіктеп қалды. Біреулер бұған «бүкіл дүние жүзіндегі кітап оқуға құлықсыздықты» кінәласа, енді біреулер «бұл шаруадан бастарын алып қашады» деп мемлекеттік құрылымдарды жазғырады.

Мысалы, 81 жастағы ақын Олжас Сүлейменов биыл мамырдың 17-сінде «Московский комсомолец» газетіне берген сұхбатында қазіргі қазақстандық әдебиетте елеулі есімдердің жоқтығына мемлекетті кінәлайды. Оның пікірінше, билік әдебиетті қолдаудан бас тартып, қателік жасады. «25 жыл өтті. Қазір цензура жоқ, бірақ шығып жатқан әдебиет те көрінбейді. Қазіргі әдебиеттің төменшік күйін, жабыраңқы халін жан-жақты қазбалап жатпайын. Әдебиетті қолдаудан бас тартып, оны нарықтың озбырлығына беріп қойғаны мемлекеттің қателігі деп санаймын» дейді.

Жарнама агенттігінің креатив директоры Тигран Туниянц «қазақстандық әдебиет пен кітап шығару ісіндегі тоқыраудың бірнеше себебі бар әрі негізгі себептерінің бірі экономикаға тіреледі» деп санайды. Оның сөзінше, «шағын нарық – Қазақстанның мәңгі проблемасы, қазақстандық басылымдардың тиімділігі – баспалар мен кітап дүкендері үшін үлкен проблема».

– Идеологиялық мәні бар әрі мемлекет қолдау көрсететін жобаларға қатысы жоқ «автономды» әдебиетке кеткен шығындарын ақтау өте қиын. Біріншіден, аудиториясы аз, екіншіден, әлеуметтік қолдау мен таратудың дұрыс тетіктері жоқ, – дейді Тигран Туниянц.

Жарнама агенттігінің креатив директорының өзі де өлеңдер жинағын үкіметтік емес қорлардың демеу қаржысына шығарған. Ол «ең дұрысы, жазылған дүниені екшеп, деңгейін бағалай алатындай сарапшылар қоғамдастығы болса тамаша болар еді» деп санайды.

– Ал әлгі қоғамдастық қолдау танытуға әзір және олардың пікіріне сенетін меценаттар қоғамдастығымен бірлесіп жұмыс істер еді. Бұл іс жүзінде жұмыс істейтін механизм болса екен дейсің. Бірі дарынды авторлар мен кемел мәтіндерді іздеп, тауып екшер еді. Екіншісі баспадан шығаруға шынымен лайықты дүниелерге ақша салуға ынталы болар еді. Ал ондай механизм іске қосылмай бәрі осы мүшкіл күйінде қала береді, – дейді ол.

«KitapFest-2015» кітап жәрмеңкесінде кітап таңдап отырған бойжеткен. Алматы, 5 қыркүйек 2015 жыл.
«KitapFest-2015» кітап жәрмеңкесінде кітап таңдап отырған бойжеткен. Алматы, 5 қыркүйек 2015 жыл.

Әдеби «өнімді» аудиторияға жеткізу процесін интернет пен әлеуметтік желілер көп оңайлатты деген пікір бар. Тиісті мамандардың «батасын» күтіп отырмай, шығарманы интернетке жарияласа, жетіп жатыр. Тигран Туниянцтың айтуынша, бұрын құнды не құнсыз дүниелерді анықтай алатын мәдени элита деген ұғым болған, ал қазір «апатты демократияландыруды» байқауға болады.

Әлеуметтік желілер мен интернеттің арқасында жұрттың бәрі жазушы болып шыға келді. Бұл процестің элитарлы эксклюзив сипаты мүлде жойылды.

– Әлеуметтік желілер мен интернеттің арқасында жұрттың бәрі жазушы болып шыға келді. Бұл процестің элитарлы эксклюзив сипаты мүлде жойылды. Екеуін бір-бірінен ажырата білу үшін адамның мәдени қоры бай болуы керек. Қазір жазушы емес, блогер ретінде атағыңды шығару әлдеқайда оңай, өйткені оның шығыны әлдеқайда аз. Бірақ жазушылықтың қадірі қашып, оның ерекшелігі, қоғамдағы рөлі ментальды тұрғыдан көп өзгеріске ұшырады, – дейді ол.

КІТАП НАРЫҒЫ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ

Әдеби сыншы Лилия Калаус енді жазып жүрген жазушылар Гүлнар Жандыбаева мен Виктор Куклин сипаттаған халді «өкінішке қарай, әдеттегі жағдай» дейді.

– Қазақстанда оқулықтар мен анықтамалық сипаттағы кітаптар болмаса, онша көп кітап шықпайды. Әдеби кітаптар орыс тілінде де, қазақ тілінде де аз шығады. Кітап палатасының статистикасына қарасаң, шыққан кітаптардың 10 пайызын ғана – көркем әдебиет. Авторлар әдетте кітаптарын өз есебінен немесе демеушілер есебінен шығарады. Кейінгі кезде краудфандинг – жұрттан жылу жинау сәнге айналды, – дейді Лилия Калаус.

«KitapFest-2015» кітап жәрмеңкесінен жинап алынған кітаптар. Алматы, 5 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
«KitapFest-2015» кітап жәрмеңкесінен жинап алынған кітаптар. Алматы, 5 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Ол қазіргі кезде автор, баспагер, кітап сатушы – бір тізбектің үзіктері сияқты деп санайды. Оның сөзінше, мұның негізгі себептерінің бірі – жергілікті авторлардың кітаптарын шығарып, таратуға қазақстандық баспалардың мүдделі еместігінде.

– Кітаптар шағын, көбінесе 1 мың данадан аспайтын тиражбен шығады. Баспалар біздің авторлардың кітаптарын таратумен әуре болғысы келмейді. Кітап дүкендері де бірлесіп жұмыс істеуге құлықсыз. Оларға ресейлік баспалардың кітаптары да жетеді, ал біздің авторлардың кітаптарын алғысы келмейді, сатуға бес-он дана ғана қабылдауы мүмкін. Бұған қоса, оларға жеке тұлғалардан гөрі заңды тұлғалармен істес болған оңай. Бұл – бүкіл қазақстандық әдебиет тіреліп тұрған тығырық, – дейді Лилия Калаус.

Қазіргі кезде Қазақстанда кітапты мемлекет бюджеті есебінен шығаруға болатын үш бағдарлама бар. Олар – «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін шығару» бағдарламасы, «Мәдени мұра» бағдарламасы және «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы». Баспалар бюджет қаржысы есебінен шығарғысы келетін әдебиеттер тізімін мәдениет және спорт министрлігіне жолдап, грантқа тендер негізінде таласады. Көркем әдебиеттің әлгі тізімдегі үлесі болмашы ғана. Жоғарыда аталған бағдарламалар бойынша шығатын кітаптардың тираждары шағын, типографиядан кейін бірден кітапханаларға таратылады, ал сатылымға мүлде түспейді.

Бұл бағдарламалар баспалар мен типографиялардың мүлде жабылып қалмай тіршілік етуіне көмектеседі, бірақ сарапшылар пікірінше, қазақстандық жазушыларға олардан пайда шамалы. Олардың сөзінше, жазушылықты таңдаған адам бұл жолмен жан баға алмайтынын түсініп, әуелі күнкөріс көзінің басқа амалын тауып алуы тиіс.

XS
SM
MD
LG