Accessibility links

«Жала жабудың» жазасын алып тастауға келіспейді


«Голос Республики» газетінің журналистері сот кезінде наразылық акциясын өткізіп тұр. Алматы, 22 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
«Голос Республики» газетінің журналистері сот кезінде наразылық акциясын өткізіп тұр. Алматы, 22 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Құқық қорғаушылар мен журналистердің жала жабу бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуға қарсы уәждері ескерілмеді. Депутаттар жазаны күшейтуден бас тартқысы келмейді.

Жала жабу бабынан қылмыстық сипатты алып тастау идеясына қатысты дау әлі аяқталған жоқ. Бірақ «жала жабу» мен «ар-ұжданды қорлағаны» үшін жазаны күшейту баптары бар қылмыстық кодекс жобасын парламент мәжілісі депутаттары алғашқы оқылымында мақұлдады.

Азаматтық сектор өкілдері қатысуымен өткен мәжілістің жұмыс тобының отырысында депутаттар «екінші оқылымға дейін өзгеріс енгізуге уақыт бар» деп мәлімдеді. Бірақ олар жала жабу бабы бойынша жазаны жеңілдетуге келіспеді.

60 ТӘУЛІКТЕН 3 ЖЫЛҒА ДЕЙІН

Құқық қорғаушылар мен баспасөз сарапшылары кодекс жобасына енгізілген өзгерістің қалай пайда болғанын әлі түсінбейді. Жала жабу бабы бойынша қылмыстық жазадан бас тарту идеясы бір жылдай талқыланды. Бірақ енді бұл бап бойынша жаза күшейтіліп, айыптыларды 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева.
«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева.
«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калееваның айтуынша, қылмыстық кодекс жобасында әуелі бұл бап бойынша айыпты деп танылғандар 60 тәулікке дейін түрмеге қамалады деп көрсетілген. Оның 3 жылға қалай айналып кеткенін депутаттар айтпайды, ал сарапшылар білмейді.

«Әділ сөз» ұйымының қарсы уәждеріне қарамастан, кодекс жобасының авторлары – Қазақстан бас прокуратурасы өкілдері жала жабуды қоғамға қауіпті қылмыс деп санайды.

«Әділ сөз» статистикасына сәйкес, ұйым жұмыс істеген 14 жыл ішінде журналистерге қатысты 19 айыптау үкімі шыққан, оның ішінде үш адам бас бостандығынан айырылған. Тамара Калееваның пікірінше, бұған қарап жала жабу қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп бағалауға болмайды

«АСА ҚАУІПТІ»

Депутаттар мен кейбір заңгерлер «жала жабу мен ар-ұжданды қорлау әрекеттерін ақпарат құралдарымен ғана байланыстырмау керек» деген уәж айтады. Олардың дерегі бойынша, бұл бап бойынша журналистерден гөрі қарапайым азаматтар көбірек заң бұзады. Олар «егер қылмыстық жауапкершілікті алып тастасақ, адамның құқығы мен заңды мүддесін қорғау деңгейі төмендейді» деп санайды.

Қазақ гуманитарлық-заң университеті профессоры, заң ғылымдарының докторы Марат Қоғамовтың айтуынша, жала жапқан ақпарат миллиондаған тиражбен таралып, теледидарда көрсетіледі. Ал кейін жала жабуды «жалған ақпарат» деген шағын ескертумен жуып-шаю жеткіліксіз. Ол журналистерді «тіпті өлім жазасы төніп тұрса да, зұлымдығын тоқтатпайтын» аса қауіпті қылмыскерлермен салыстырады.

Қазақ гуманитарлық-заң университеті профессоры Марат Қоғамов.
Қазақ гуманитарлық-заң университеті профессоры Марат Қоғамов.
Профессор құқық қорғаушылардың «жала жапқаны үшін қылмыстық жауапқа тартылу қаупі журналистік зерттеу сияқты тұтас жанрды жойып жіберуі мүмкін» деген уәжіне де жауап тапты. Ол «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға жеке тарау енгізіп, журналистерге тексеруді қалай жүргізуді үйретуді ұсынды.

– Ақпарат құралдары мұндай материалды құр жариялай салмауы керек. Мұндай ақпарат үшін жауапкершілік болуы тиіс. Нақты журналистің де, тіпті өзінің әлдебір құқығын қорғау үшін БАҚ-қа шағымданып келген адамның да жауапкершілігін күшейту қажет, – деп мәлімдеді Марат Қоғамов.

ҚОРҒАУ МА, РЕПРЕССИЯ МА?

Алматылық журналист Геннадий Бендицкий «жала жабу туралы қылмыстық бап, шын мәнінде, азаматтардың құқығын қорғауға емес, журналист қана емес, шенеунік немесе коррупционердің алдында өз құқығын қорғауға тырысқан кез келген адамды репрессиялық қудалауға қызмет ететін бап» дейді.

– Мына бап ақпарат құралдарында мұндай материалдарды мүлде шығармауды көздейді. Бұл баптан кейін ақпарат құралдарында сын материалдардың жарық көруі тіпті мүмкін емес, – дейді журналист Геннадий Бендицкий.

Сарапшы Дмитрий Котлярдың айтуынша, 2011 жылы Қазақстандағы жағдайға қатысты баға берген «Армения, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Украинадағы жемқорлықпен күрес жөніндегі іс-қимылдардың Стамбул жоспарында» жала жабу мен ар-ұжданды қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қалдыру Қазақстандағы сөз еркіндігін өрескел шектеп, коррупциямен тиімді күрес жүргізуге кедергі келтіреді» деп көрсетілген.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG