Accessibility links

Талғат Қатауов: «Мәслихат депутаттарының атқаратын бар жұмысы – қол көтеріп, дауыс беру»


Батыс Қазақстан облысы, Бөкейордасы аудандық мәслихатының депутаты Талғат Қатауов. Орал, сәуір, 2009 жыл
Батыс Қазақстан облысы, Бөкейордасы аудандық мәслихатының депутаты Талғат Қатауов. Орал, сәуір, 2009 жыл

Батыс Қазақстан облысындағы Бөкейордасы аудандық мәслихатының депутаты Талғат Қатауов 2007 жылы тамыздағы сайлауда бәсекелесі, «Нұр Отан» партиясының үміткерін айқын басымдылықпен жеңіп, мандатқа ие болған. Жергілікті билік «Нұр Отанның» қатарына мәжбүрлеп қосуға әрекеттенген соң, ол мектеп директорлығы қызметінен өз еркімен бас тартыпты.


«БӘРІ «НҰР ОТАНМЕН» ТАРТЫСТАН БАСТАЛДЫ»


37 жасар Талғат Қатауов өзінің өмірдегі ең маңызды шешімдерінің бірі - мәслихат депутаттығына сайлауға түсу керектігін көп ойланып жатпағандығын және нақты көздегені болғандығын айтады.

- Менің депутат ретіндегі мақсаттарым: халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайын арттыра отырып, өз құқығы мен бостандықтарын талап етуге ұғындыру; қалың бұқараның құқықтық сауаттылығын және саяси мәдениетін көтере отырып, билікке ықпал ету; ауылға бөлінген қаражатты тиімді, мақсатты жұмыстарға жұмсау; білім сапасын арттыру және мекемелердің материалдық базасын жаңарту; әділдік, теңдік қалыптастыру болатын,– дейді ол.

Осындай ойларын жүзеге асыру мақсатында Талғат Қатауов 2007 жылы тамыздың 18-і күні Мұратсай сайлау округі бойынша сайлауға түсіп, басты қарсыластың билік басындағы «Нұр Отан» партиясынан екендігіне қарамастан, 63,8 пайыз дауыспен таза жеңіске жетіпті.

- Ал, «НұрОтан» партиясынан қосқан кандидат 24 пайыз дауыс жинады. Ауыл әкімі мен тағы басқа лауазымды адамдар үкілеп қосқан үміткері өтпей қалғаны үшін басшыларынан ескерту алды.

Талғат Қатауов, өз тәжірибесі бойынша, кандидат және сенімді өкілдер саяси-құқықтық сауатты, шын халық жанашыры және ерік-жігері күшті болса, аудандағы билік басындағылардың әрекеттеріне тойтарыс бере отырып, сайлауды әділ өткізуге болатынына көзі анық жеткендігін айтады.

«НҰР ОТАНҒА» ӨТПЕС ҮШІН МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ ҚЫЗМЕТІНЕН БАС ТАРТТЫМ»

Ал, қазір қарап отырса, сайлаудағы бұл жеңісі үлкен күрестің алдындағы тер шығару ғана екен: депутаттық мандаттар белгіленгеннен кейін-ақ жергілікті басшылық Талғат Қатауовты «Нұр Отан» партиясының қатарына қосыл деп күштепті.

- 2007 жылы тамызда мәслихат депутаты болып сайланғаннан кейін аудан әкімі маған «Нұр Отан» партиясына кір деп қысым көрсетті. Бірақ менің қалауым бұл емес еді. Моральдық қысымнан құтылу үшін сол жылдың қазанында орта мектептің директоры қызметінен кетуіме тура келді, – дейді Талғат.

Алайда ол билік басындағы партияның ықпалынан толық құтыла алмапты. Өйткені аудандық мәслихат депутаты атанған 12 адамның 10-ы «нұротандықтар» екен. Болса болсын. Бірақ олардың жергілікті басшылықтың айтқанынан шықпай, айдауына көніп жүргені қынжылтады дейді ол.

- Біздегі мәслихат депутаттарының алтауы көкірегі ояу кісілер, бірақ өз қалауларынан теріс шешім шығарады. Жиналыстан сыртқа шыққаннан кейін олар: «Жеп отырған нанымыз ғой... Отбасым, бала-шағам бар. Қарсы шығып қайтем» деп өтініштерін айтады. Және ол әңгімелерін тікелей әкімнің көзінше айта алмайды, сырттай күңкілдейді.

МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫНЫҢ РӨЛІ - НӨЛ!

Талғат Қатауов мәслихат депутаттарының жиналыстарына қатысуды аса жақтыра бермейді екен. Бірақ, міндетті түрде қатысады. Жиналыстан қалмағанымен өз дауысы үнемі санатқа алынбай қалатындығына қынжылады. Сондықтан да мәслихат депутаттарының қоғамдағы рөліне беретін бағасы тым төмен:

- Нөл. Мәслихат депутаттарының кезекті жиналысына келіп, халықтың тағдырын 15 минутта шешіп тастаймыз. Күн тәртібінде талқыланатын мәселелердің шешімі алдын ала белгіленіп қойылған. Сондағы біздің атқаратын жұмысымыз – қол көтеру. Негізі мен қол көтеруге құштар емеспін. Бірақ одан не пайда. Көп дауыс шешеді. «Кім қарсы?» деген сауалға бір-екі қол көтерілуі мүмкін, олардың дауысын он шақты депутат басып кетеді. Іс бітті. Біздің ешқандай рөліміз жоқ. «Мәслихат депутаты» деген атағы ғана бар.

Кейіпкеріміздің пікірінше, шынайы мәслихат қызметінде халықтың иісі, соның мұң-мұқтажы сезіліп тұруы тиіс. Өкінішке қарай, біздің аудандағы мәслихаттан биліктің буы бұрқырап тұр дейді ол.

- Халық депутаттары билікті шынайы сынаса, билік басындағы шенеуніктердің істеген заңсыздықтары жұртшылық алдында әшкереленіп қалады. Сондықтан әкімшілік мәслихат депутаттарын бұғауда ұстап отыр. Әкім депутаттыққа өзінің сенімді адамдарын тартуға тырысып бағады.

ШӨП ТҮСІРІП БЕРГЕНІ ҮШІН ӘКІМ ШАРУАҒА ЖӘРДЕМАҚЫ ҚАРАСТЫРАДЫ

Дегенмен кейіпкеріміз, демократиялық бағыттағы депутат ретінде, жеткен жетістіктері жоқ еместігін айтады.

- Аудан және ауыл әкімі есеп беру жиналыстарында, мәслихат сессиясында сын айтсам, халықты мұң-мұқтаждарын батыл айтуға үгіттеп, оларды жігерлендірдім. Жергілікті биліктің, сала басшыларының заңсыз әрекеттерін әшкерелеп, дәлелдеп оған халық көзін жеткіздім. Облыстық басылымнан журналистік зерттеу жүргізуге ықпал жасадым және тағысын тағылар...

Әсіресе, Талғат Қатауов жергілікті басшылардың өз қызметін асыра пайдаланатынына, халықтың күні соларға қарап қалғандығына қынжылыс білдіреді.

- Атаулы әлеуметтік көмек және жәрдемақыларды ауыл әкімдігі өздерінің туған-туысқандарына береді. Мысалы, мен әкімнің танысымын, тракторым бар делік. Соның көмегімен әкімге шөп түсіріп беремін, ол маған жәрдемақы қарастырады деген секілді. Ал, көмекке зәру санаттағы адамдар одан құр қалады. Мен осыны анықтап, өзімнің жұмысымның бір бағыты ретінде қамтыдым. Сонымен қатар, ауылды жерлерде тұрғындарды биржа арқылы жұмысқа алады. Бұл жерде де әкім өзінің таныстарын тартады, жұмысқа зәру адам тағы да қалып қояды.

БІЗГЕ САЯСИ РЕФОРМА КЕРЕК

Талғат Қатауов орта мектептегі қызметінен кетуге мәжбүр болған соң отбасымен бірге ауылдан алты шақырым жердегі Орал қаласына көшіп келіпті. Қаладағы саяси ойлардың ортасына түсіп, заман ағымын жаңаша бағалауды үйрене бастапты. Биыл оппозициялық «Азат» партиясының қатарына өтіпті. Тіпті, аталған партияның жұмысын одан әрі арттыруды көздейтін әдістеме жазып қойыпты. Қоғамға жаңа өзгерістер керек дейді ол.

- Егер біз шынайы халық билігіне қол жеткізсек, онда атқарушы органдар да халыққа тәуелді болады. Яғни, атқарушы билік қазіргідей бейберекет заңсыз әрекеттерге бармайтын еді. Бізге саяси реформа керек.

Аудандағы 12 мәслихат депутатының ішіндегі билік басындағы партияға кірмеген екеудің бірі Талғат Қатауовтың азаматтық ой- мақсаттарының бір парасы осындай.
XS
SM
MD
LG