Accessibility links

Олег Намды депутаттық мандатынан айыруды жиырма мың азамат қолдаса да, оны тағынан тайдыру оңай емес


Алматы қаласының 20 мың тұрғыны «KUAT» корпорациясының президенті Олег Намның депутаттық мандаттан бас тартуын талап етті. Осы мақсатта қол жинау науқаны аяқталған екен. Ал қалалық мәслихат «Олег Нам – үлгілі депутат» дегеннен аспаса, қаржы полициясы «KUAT» басшылығына қатысты қозғалған қылмыстық істі құпия сақтап отыр.

Екі айдан астам уақытқа созылған қол жинау науқаны бүгін аяқталды. «Азат» партиясы қалалық филиалының төрағасы Қадыржан Асқаров бастаманы Алматының жиырма мыңнан астам тұрғыны қолдағандығын хабарлады.

- Біз қалалық маслихаттың депутаты, «KUAT» корпорациясының президенті Олег Намның депутаттығына қатысты жүргізілген науқанның аяқталғандығын жариялаймыз. Азаматтардың құқықтарын бұзған, олардың отбасын шырғалаңға ұшыратқан, сот шешімдерін орындамайтын адам маслихаттың өкілі болуы мүмкін емес және ондай құқығы жоқ.
Алданған үлескерлер Олег Намды депутаттық мандаттан айыру туралы баяндаманы тыңдап отыр. Алматы, 3 наурыз, 2009 жыл.


Қол жинау жұмыстарына «KUAT» корпорациясына алданған үлескерлер белсенді түрде қатысқан. Солардың бірі - құрылыс компаниясының «2-ші кварталының» өкілі Вячеслав Шаров:

- Депутат Нам Олег тұрғын үй салушы құрылыс компаниясының жалғыз құрылтайшысы әрі президенті ретінде, қаладағы жер телімдері бағасының алыпсатарлық әрекетпен өскендігін білмеуі мүмкін емес. Мәслихат депутаты ретінде ол бұл процесті болдырмауы тиіс еді. Жергілікті атқарушы билік және құрылыс компанияларымен ым-жымы бір делдал фирмалардың алдауы нәтижесінде ондаған мың алматылықтар зардап шекті. Алдағы күндері олардың саны арта түсетіндігіне мен сенімдімін.

«KUAT» компаниясының 29/2 кварталының үлескері Гүлжан Әбілбакиева болса жеке басы былай тұрсын, өзімен бірге тағы бес кісінің қоса алдануына себепші болғандығын айтады:
Өзі және тағы бес адамның "Қуат" компаниясына алдануға себепкер болған Гүлжан Әбілбакиева. Алматы, 3 наурыз, 2009 жыл.


- 2006 жылы сәуір айында маған «KUAT» қызметкерлері тағы бес үлескер тапсаң 5% жеңілдік бар деген соң өзімнің туысқандарымды тартып едім, енді солардың обалына қалып отырмын. Екі жыл бойы бармаған жеріміз, ашпаған есігіміз қалмады, - дейді Гүлжан.


Мәслихат депутаты Олег Нам сөз болып отырған тақырыпқа байланысты Азаттық сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Ал оның Алматы қалалық маслихаттағы әріптестері болса халықтық науқан Олег Намды депутаттық мандаттан айыра алмайтындығына сенімді. Алматы маслихат аппаратының жетекшісі Мақсат Анапиннің айтуынша, дәл қазір заң Нам мырзаның жағында болып тұр.

- Үлескерлер Нам мырзаның басқаруындағы корпорация мәселесін көтеріп отыр. Егер депутатқа қарсы соттың айыптау шешімі болса, сөз басқа... Ал енді біз қазір қалай заңға қарсы шығып, оны депутаттық мандатынан айыра аламыз? Олег Нам - өте белсенді депутат. Ол депутат ретінде өз міндетінің барлығын атқарып жүр, - деді Алматы қалалық мәслихат аппаратының жетекшісі Мақсат Анапин.

«Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» заңының 20-бабына сәйкес, депутат басқа бір мемлекеттік қызметке кетсе, азаматтығын ауыстырса, сот оны «айыпты» деп тапса, өз міндетін дұрыс орындамай мәслихат сессияларын үш мәрте жіберіп алса ғана мандаттан айрылады. Соған байланысты компанияның бірқатар үлескерлерінің қаржы полициясының жауабын күтіп, Астанаға алаңдап отырған жайы бар.
2009 жылдың ақпанында Алматы қалалық сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы күрес департаменті «KUAT» басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғағандығы белгілі. Содан бері жарты айдан астам уақыт өткендігіне қарамастан бұл істің әрі қарай сотқа жіберілетіндігі немесе кері кететіндігі әзірге белгісіз болып тұр.
- Әзірге ештеме айта алмаймыз. Сондықтан күте тұрайық, - деді қаржы полициясының баспасөз хатшысы Әбдірәлі Бөлебай.

Республикалық «Нұр Отан» партиясының мүшесі Олег Нам 2007 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласы №19 округ бойынша мәслихат депутаты мандатына ие болды. Заң бойынша Нам мырза депутаттық мандатын 2012 жылы тапсырады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG