Accessibility links

Отан сүюді және пара беруді үйрететін кейіпкер


"Оралу" фильмінің постері.
"Оралу" фильмінің постері.

Кинотеатрларда «Дорога домой» («Оралу») фильмі прокатқа шығады. Назарбаев билігі тұсында «өркендей бастады» деген сарында түсірілген фильмде «отан сүюге» шақыратын үндеулер көп.

Фильмнің бас кейіпкері Мақсат Нұргелді 20 жыл шетелде тұрған. Атасы оны бала кезінде интернатқа оқуға берген. Кейін шетелге оқуға аттанып, сол жақта жұмыс істеуге қалған әрі биохимик ғалым ретінде танылған ол туған еліне іссапармен келеді. Кейіпкер - ана тілін ұмытып қалған, орыс тілін де ағылшын акцентімен сөйлейтін, пысықай әрі космополит жан (өзін жеке бір ұлттың немесе елдің өкілі емес, әлем азаматы санайтын адам).

Бірақ бас кейіпкері сонша бір мінсіз де емес. Атасынан қалған мұраға талас кезінде ол үлкен пара береді. Ел президентін мерзімінен бұрын сайлау науқаны тұсында шыққан «Оралу» фильмінің алғашқы көрсетіліміне Алматы, Астана қалаларында аздаған көрермен қатысты.

ПРЕЗИДЕНТТІ МАҚТАУШЫЛАР

Шетелден Қазақстанға келген бас кейіпкер атасының бір жыл бұрын қайтыс болғанын естиді. Ол ауылға барып, атасының зиратына тағзым етіп қайтуды ұйғарады. Бұл сапар оның өмір жайлы түсініктерін өзгертіп жібереді. Бірер күннің ішінде Мақсат Қазақстанды отаны ретінде қабылдап, қалып, жұмыс істеуді ұйғарады.

Ауылға келген жігіт жергілікті мектепте қазақ тілі пәнінен сабақ беретін көрікті әрі тұрмысқа шықпаған мұғалимамен танысады. Фильмдегі бұл кейіпкер соңғы үлгідегі «Мицубиси» көлігімен жүреді, тіпті атпен серуендеуге де әйгілі кутюралар тіккен киіммен шығады.

"Оралу" фильміндегі кейіпкердің ауылға оралатын тұсы бейнеленген көрініс.
"Оралу" фильміндегі кейіпкердің ауылға оралатын тұсы бейнеленген көрініс.

Ғибраттық сарында түсірілген «Оралу» фильмінің көрермендерге жолдайтын негізгі үндеуі «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенге саяды. Фильм туған елден ешқайда кетпеуге шақырады, ал кеткендер қайта оралып, еліне қызмет етуі тиіс. Елде тұлға ретінде танылуға мүмкіндік бар. Оның үстіне, фильм көрерменді «Қазақстан - өркендеп келе жатқан ел» деген ойға иландыруға тырысады әрі кімнің арқасында «өркендеп жатқанын» жасырмайды.

Фильмде осы сарында айтылатын бірнеше цитата бар.Мысалы, шетелден келген Мақсатқа атбегі Степаныч «Ауыл өсіп, өркендеп келеді. Мұның бәрі президентіміздің арқасы» дейді.

«Осы балалардың жарқын болашағы үшін елімізді көтеру міндеті біздің еншімізге бұйырыпты. Бізге бүкіл ел, президентіміз сенім артып отыр. Бәріміз жан-жаққа бытырап кетсек, ертеңгі күніміз не болмақ?!»

Ал бас кейіпкердің шетелдік бастығы Свен әуежай ғимаратынан Астанадағы жаңа құрылыстарға қарап тұрып «Мұнда ұшып келген сайын таңдана қараймын. Қала тез өсіп барады. Мұндай прогреске ешкім сенбеп еді. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев мұның бәрін іске асыра алды» дейді.

Азаттық тілшісінің өтініші бойынша кинотанушы маман әрі киносыншы Гүлнәр Әбікеева «Оралу» фильмі туралы пікірін айтты.

Киносыншы Гүлнар Әбікеева. Aлматы. 9 наурыз, 2015 жыл.
Киносыншы Гүлнар Әбікеева. Aлматы. 9 наурыз, 2015 жыл.

- Бұл - маған таныс әрі түсінікті тақырып. Біз жастарымызды шетелде қалсын деп емес, елге келіп, қызмет етсін деп оқытып жатырмыз. Ол жақта тұлға ретінде қалыптасқан кейіпкер енді елге оралуды ұйғарды. Мына жақта оның жақын туыстарынан ешкім қалмаған. Әке-шешесі жоқ, атасы қайтыс болған. Бірақ жүрек түкпіріндегі әлдебір сезім оны елге оралуға мәжбүрлейді. Бұл - маңызды тақырып әрі маған ұнады. Ал ұнамағаны – бұл картинаны өнер туындысы дей алмаймын. Фильмде патриоттық тақырыпты пайдаланып қалуға тырысқан. Ал өнер туындысы деп атауға келмейтін кино әдетте идеологиялық өнімге айналады. Сондықтан меніңше, нашар сценарий мен диалогқа құрылған, кәсіби дәрежесі де төмен әрі мына картина плакаттық, пафостық фильм болып шыққан, - дейді киносыншы.

Ал ұйғыр мәдени орталығы өкілі Коммунар Исламьяров «тамаша түсірілген әрі патриоттық фильм» деп есептейді. Оның пікірінше, жастарға дұрыс бағыт-бағдар сілтейтін мына фильмді Қазақстан жастарының бәрі көруі тиіс. Ол әр қазақстандық, әр жас жігіт пен қыз өз елінің дамуына үлес қосуы тиіс деп санайды.

«Азиада аруы», «Қазақстан жері аруы» Күміс Базарбаева - «Хабар телеарнасында» жүргізуші әрі модель. Азаттық тілшісімен әңгімелескен ол әр адам өз отанының қадірін біліп, бағалауы тиіс деп санайды.

«Азиада аруы», «Қазақстан жері аруы» атақтарын иеленген Күміс Базарбаева. Aлматы. 9 наурыз, 2015 жыл.
«Азиада аруы», «Қазақстан жері аруы» атақтарын иеленген Күміс Базарбаева. Aлматы. 9 наурыз, 2015 жыл.

- Мына фильм елден кеткісі келіп жүрген немесе кезінде елден кетіп қалған көптеген жандарға ой тастап, оларды елге оралуға мәжбүрлейді деп ойлаймын. Ал Қазақстанда тұратын адамдар туған еліне басқаша көзбен қарай бастайды. Мұндай фильмдер шығып жатқанына қуаныштымын. Фильмде Отанның қадір-қасиетін бағалау сияқты маңызды идея қозғалған, - дейді ол.

Азаттық тілшісінің «Құрбыларыңыздың арасында фильмдегі кейіпкер қыз сияқты ауылды көркейтуге аттанған жандар бар ма?» деген сұрағына Қазақстанның екі мәрте «аруы» «Англияда оқып келген бір досым Алматының іргесінде мектеп ашып, балаларға ағылшын тілін үйренуіне мүмкіндік жасады» деп жауап берді.

ЕУРОМЕН БЕРІЛГЕН ПАРА

«Оралу» фильмінде бірнеше желі қамтылған. 20 жылдан кейін туған ауылына оралған Мақсат Нұргелді мал дәрігері болған атасының үйінде биомедициналық зертхана болғанын естиді. Атасы дауасыз жүрек дертіне шипа болатын препараттың формуласын іздеген, бірақ табуға сәл қалғанда қайтыс болып кеткен. Атасының аяқтай алмай кеткен ісін кемеңгер немересі бірер күнде бітіреді.

"Оралу" фильмінде Мақсат Нұргелдінің рольін Санжар Мәдиев ойнайды.
"Оралу" фильмінде Мақсат Нұргелдінің рольін Санжар Мәдиев ойнайды.

Режиссер фильмнің бас кейіпкерін көрермен тек жылы ықыласпен қабылдауы тиіс деген мақсатты көздегені анық. Кейіпкер шетелде сапалы білім алған әрі зерттеуші ғалым ретінде танылған. Ал 20 жылдан кейін Қазақстанға келген кезде патриоттық сезімі оянып, елде қалуды ұйғарады. Ол марқұм атасынан қалған жылқы фермасын фильмдегі жағымсыз кейіпкер - жергілікті ауылдың дөкейі әрі байбатшасы Байғалидың иемденіп кетуіне жол бермейді.

​Фильмде бас кейіпкердің мінсіз жан емес екенін көрсететін мынандай тұстар бар. Мұрагер елге атасы қайтыс болған соң бір жыл өтіп кеткеннен кейін келеді. Енді заң бойынша әлгі ферма сатылып, ақшасы мемлекет есебіне аударылуы тиіс. Сондықтан елге оралған ғалым «Ферманы сатып алушыны мәміледен бас тартуға көндір. Әуелі мұрагерлік құқығын ресімдеп алайын, кейін жылқы фермасын әлгі адамға бұрынғы бағасынан арзанға сатамын» деп нотариусты үгіттейді.

Сатып алушы келіседі, ал нотариус аты-жөні жазылмаған бір бума құжатты бас кейіпкерге береді. Бірақ бас кейіпкер ферманы сатпақ ниетінен айнып қалғанын мәлімдейді. «Бұлай істегенің жөн емес, келісімді бұзуға болмайды» деген дауласқандарға Мақсат «олай болса, сотқа беріңдер» деп кетіп қалады. Фильм сюжеті бойынша жылқы фермасы шамамен 800 мың долларға бағаланған.

"Оралу" фильмінде ауыл мұғалимасы роліндегі актриса Аружан Жазылбекова.
"Оралу" фильмінде ауыл мұғалимасы роліндегі актриса Аружан Жазылбекова.

Фильмде бас кейіпкерді пара беруші ретінде көрсететін тағы бір эпизод бар. Ол нотариусқа «қаламақы» ретінде 500 еуролық бірнеше купюра беріп, «кейін тағы осынша ақша аласың» дейді. Сонымен, «Оралу» фильмі кейіпкері көрермендерге отанды сүюді ғана емес, істі тындырудың ебін табу жолдарын да үйретеді.

Фильмге қазақстандық актерлер Санжар Мәдиев, Аружан Жазылбекова, Саят Мерекенұлы, Мұрат Нұрасілов, ресейлік актер Сергей Штерн түскен. Мақсаттың конголық қара нәсілді әріптесін нигериялық Обонна Эндэбуезе ойнаған. Алматы қаласында өзге салада жұмыс істейтін оны осы рөлге түсуге шақырған. Фильмді «Қазақфильм» және «Көркем фильм» киностудиялары түсірген. Сценарий авторы әрі режиссері – Рашид Сүлейменов.

XS
SM
MD
LG