Accessibility links

Доссор кентінің тұрғындары жолды жауып тастады


Доссор кентіндегі билборд. Атырау, Мақат ауданы, 5 қаңтар 2009 жыл.
Доссор кентіндегі билборд. Атырау, Мақат ауданы, 5 қаңтар 2009 жыл.

Доссор кентінің 500-ге жуық тұрғыны 5 мамыр күні Атыраудан Маңғыстауға қатынайтын жолаушылар пойызы мен жүк пойызын өткізбей қойды. Олар Доссорда тұрған 16 вагон күкіртті алып кетуді талап етті.


Доссор – Атырау облысының Мақат ауданындағы 12 мыңдай халқы бар кент. «Мақат ауданында күкірт өңдеу заводы салынбақ» деген қауесеттің шыққанына да көп болған еді. Бірақ аймақ басшыларының ешқайсысы оған анық жауап берген емес.

16 ВАГОН КҮКІРТ

Ауыл тұрғындарының дерегіне сүйенсек, «Доссор Процессинг Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Доссор кентіндегі бұрын жол пайдалану мекемесіне (ДЭУ) тиесілі ғимаратты алып, ішіне құрал-сайман орнатып, заводқа ыңғайлай бастаған. Бірақ екі ай бойы айлықтарын ала алмаған
Доссор кентінің тұрғындары пойыздың жолын бөгеп тастады. 5 мамыр 2011 жыл.
жұмысшылардың талабынан соң құрылыс бәсеңсіп қалған. Тек сәуірдің соңында жұмысшыларды қайтадан жинап алып, «16 вагон күкірт келді - соны түсірсеңдер, ақыларыңды береміз» депті. Кент халқы күкірттің келгенін содан білген екен.

Кент тұрғыны Майра Есболованың айтуынша, «16 вагон күкірт өткен айдың 29-ынан бері осы жерде тұр».

– Халықтың бәрі ауырады. Күкірт заводын салмауды сұраймыз. Оның орнына басқа бірдеңе салып, халықты жұмыспен қамтысын, – дейді Майра Есболова.

Толғанай Алданованың айтуынша, күкіртті Доссорға әкелген күні ол кісінің ері ауырып қалған:

Доссор кенті тұрғындарының наразылығы. 5 мамыр 2011 жыл.
– 75-тегі шалым басы айналып, ауырып қалып, қазір үйде жатыр. Күкірт заводын жапсын. Бізді алдамасын – жас бала емеспіз, – дейді ол.

Тұрғындар Азаттық тілшісіне жол шетіне шашылған күкіртті көрсетіп, соны жеген малдың да қырылып жатқанын айтты.

«МЕН ДЕ БІЛМЕЙМІН»

Біраздан кейін наразылық танытушыларға Мақат ауданының әкімі Қилымғали Қайненов пен облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Рахматжан Досанов келді. Олар халықты сабырға шақырып, «тым болмағанда жолды ашыңыздар – ана тұрған 16 вагон күкіртті алып кетсін» десті.

Аудан әкімі Қилымғали Қайненов «16 вагон күкірттің бұл жерге қайдан келгенін мен де білмеймін» деп аң-таң болды. Ал тұрғындар бұл
Доссор кенті тұрғындарының наразылығына байланысты келген ішкі істер өкілдері. 5 мамыр 2011 жыл.
«Теңізшевройлдың» күкірті екенін, өңделген соң сатылатынын айтады.

– «Завод саламыз» дегенде Жылыойдың тұрғындары да, Мақаттың халқы да қарсы болып, салғызбай қойған. Міне, енді бізге әкелді. Әкімі де, басқасы да «білмейміз» деп өтірік айтып тұр, – дейді ауыл тұрғындары.

Кешке таман күкірт тиелген 16 вагонды Доссордан алып кетті. Аудан әкімі мен облыстық ішкі істер департаменті бастығының «енді күкірт тиелген вагондарды кентке әкелдірмейміз», «бұл вагондардың Доссорға қалай тап болғанын 15 күнде анықтап, жауабын айтамыз» деген уәделерін естіген жұрт жолды ашып, үйлеріне тарасты. Жолаушы және жүк пойыздары да қозғалды.
XS
SM
MD
LG